Сарапшылар кездесуі өтті

Адам құқығы
Шығармашылық академиясында «Адам құқықтары жөніндегі диалог» тақырыбында сарапшылар кездесуі өтті.
Кездесуді Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Аққалқа Байдуллина жүргізді.
Жиын барысында әртүрлі сала өкілдері сөз сөйледі. Олар қоғамда өзекті болып отырған құқықтық мәселелерді көтеріп, оларды шешуге қатысты ұсыныстарын білдірді.Бұл жиынның негізгі мақсаты — азаматтық қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог орнату, сондай-ақ адам құқығын қорғау бағытында өзекті мәселелерді талқылау.
— Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты — Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жұмыс істейтін ұйым. Біздің қызметіміз құқықтық сауатты ілгерілету мен қорғау бағытында мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен тығыз байланыс орнатуға бағытталған. Жыл сайын осы бағытта сарапшылық кездесулер ұйымдастырып келеді. Бұл институт бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге жәрдемдесудің тиімді құралы екенін айта кеткен жөн, — деді Аққалқа Байдуллина.
Кездесуге қатысқан тәуелсіз сарапшы МұсағалиДаулов— көру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоғамдық бірлестіктің мүшесі. Ол ашық алаңда көру қабілетінің төмендігіне байланысты күнделікті өмірде түрлі кедергілермен бетпе-бет келетін тұрғындар туралы айтып, «Кедергісіз қоғам» тақырыбына қатысты ойымен бөлісті.
— Бүгінгі сарапшылық алаңда біз кедергісіз орта, тарифтердің көтерілуі тәрізді маңызды мәселелерді көтеріп, нақты жауап алуға мүмкіндік алдық. Бұл — диалогтың нәтижесі. Азаматтардың құқығы бұзылғанға дейін оның алдын алатын жүйе болғаны маңызды. Құқықтық сауаттың төмендігі — әлеуметтік шиеленістердің басты себептерінің бірі. Әсіресе шалғай ауыл тұрғындарына құқықтық ақпарат жетпей жатады. Сондықтан қоғамдық ұйымдардың атқаратын рөлі, осындай диалогтардың маңызы зор. Бұл диалог — қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтатын маңызды алаң, — деді М.Даулов.
Кездесуден кейін «Қоғамдық қабылдау» алаңы ұйымдастырылды. 30-дан астам қатысушы бас қосқан кездесудің қорытындысында қатысушылар өз ұсыныстарын айтып, нақты бастамалар көтерді.
Сарапшылар пікірінше, құқық қорғау саласында жүйелі нәтижеге жету үшін азаматтық қоғамның белсенді қатысуы аса маңызды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.