Басты жаңалықтар

 Туризм: экономиканы дамытудың өрісті жолы

«Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс. Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың

Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзінен.

Туризм — экономика мен бизнестің маңызды саласы. Бұл бағытта кәсіби мамандарды даярлау — уақыт талабы. Табиғи байлықтары мен жануарлар әлемінің алуан түрлілігімен бүкіл әлемге танымал еліміздің биологиялық әртүрлілігін сақтау — аса маңызды міндет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында мәлімдеді. Президенттің айтуынша, Қазақстан әлі күнге дейін өзінің туристік әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Елде білікті кадр тапшылығы сезіледі. Бұл орайда осы салаға жауапты мамандардың, туристік ұйым өкілдері мен туризм бағытында бизнес жүргізіп отырған кәсіпкерлердің ойлары қандай? Осындай маңызды мәселелер жөнінде «Ақтөбе Медиа» ЖШС Баспасөз клубында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншиннің ұйымдастыруымен өткен бас қосуға облыстық мәслихат депутаты,  «Зәру» пантоемдеу шипажай орталығының құрылтайшысы Бану Тілегенова, облыстық кәсіпкерлік басқармасы сауда және туризм бөлімінің  бас маманы Мейіржан Байболатов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали, «Visit Aqtobe» туристік ақпараттық орталығының басшысы Манат Тайпақов және Қарғалы ауданының кәсіпкері Орынбасар Ысқақов қатысты. 

— Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы туризм өңірлердің дамуына тың серпін беретін салаға айналуы қажет екенін айтты.  Президенттің айтуынша, жергілікті жерлерде өткізілетін республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Әрбір аймақтарда жұртшылық асыға күтетін әрі дәстүрге айналған мәдени-туристік іс-шаралар өтіп тұрады. Әрбір оқиға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетіліп, ел ішінде және шетелдерде жұрт назарына ілігуге тиіс. Бұл орайда аймақтың туристік тартымдылығын қалай арттыруға болады? Осындай іс-шаралар туризмді дамытуға нақты қалай ықпал етеді? — деп Раукен Отыншин жиналғандарды ортақ әңгімеге тартты.

Төрт түрлі қолдау

— Туризм саласындағы кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қандай қолдау түрлері бар? Жеке кәсіпкерлердің туризм инфрақұрылымын дамытуға атсалысуы үшін қандай нақты жобалар іске асып жатыр?

Мейіржан Байболатов:

— Облыста туризм саласын дамыту бағытында нақты іс-шаралар жасалып жатыр. Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Президентіміз табиғи байлықтары мен жануарлар әлемінің алуан түрлілігімен бүкіл әлемге танымал еліміздің биологиялық әртүрлілігін сақтау  аса маңызды міндет екенін баса айтқан болатын. Сондықтан да өңірдің табиғи байлығы мен тарихи орындарын сақтау және насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.

Қазіргі таңда туристік бағытта жұмыс жасайтын кәсіпкерлер үшін мемлекет тарапынан төрт түрлі қолдау бар. Біріншісі — отельдердің құрылысы немесе қайта құрылысына салынған қаражаттың 10 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сондай-ақ жол бойындағы қызмет көрсету нысандарына, яғни кемпинг, жанар-жағармай стансалары мен шағын отельдер салуға кәсіпкер тарапынан жұмсалған толық көлемдегі қаражаттың 10 пайызы қайтарылады. Бұл іс қалай жүргізіледі деген сауал туындауы мүмкін. Кәсіпкер нысанды толықтай салып болғасын, қажетті құжаттарын тапсырады. Сараптама нәтижесінде қойылған бағаға байланысты 10 пайыздық субсидия комиссия арқылы шешіледі. Бұл қаражат республикалық бюджеттен қарастырылған. Сонымен қатар бизнестің туристік бағыты үшін туристер тасымалдауға автобус алуда да мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған.

Облыста туроператорлық жұмысты жүргізу үшін кәсіпкерлік басқармасы арқылы лицензия беріледі. Бұл бағыттағы қолдау шараларының бірі жол бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға ай сайын 83300 теңге мөлшерінде субсидия тағайындалған. Себебі қазір халық түрлі әлеуметтік желі арқылы жол бойындағы қызмет көрсету орталықтарында осы жағдайды мәселе ретінде жиі көтереді. Сондықтан орталыққа келушіге барлық жағдай жасалу керек. Бұл субсидияны алудың да өзіндік тәртібі қарастырылған.

Былтыр 248 мың турист келді

Өткен жылдың қорытындысы аймақта осы саланың айтарлықтай серпін алғанын көрсетіп отыр. Себебі былтыр облысқа 248 мың турист келді. Оның 226,3 мыңы  елазаматтары болса, қалғаны — шетелдік қонақтар. Бұл көрсеткіш туристердің Ақтөбеге деген қызығушылығының артып келе жатқанын білдіреді.

2024 жылы облысқа тартылған инвестиция көлемі — 7,19 млрд теңге. Қазіргі таңда өңірдегі орналастыру орындарының бір реттік сыйымдылығы 5,6 мың төсек-орынды қамтиды.

Бүгінде облыста туристер үшін             106 орналастыру орны,118 жол бойындағы сервис нысаны,3 шипажай, 4 туроператор және 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ жұмыс істейді. Республикалық маңызға ие «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» болса, қалған жетеуі — жергілікті дәрежеде қорғалады. Олар —  «Эбита», «Орқаш», «Көкжиде-Құмжарған», «Мәртөк», «Қобда», «Озерный» және «Ырғыз» табиғи аймақтары.

Жол бойындағы нысандардың 45 пайызы ұлттық стандартқа сай келеді. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар жасалып жатыр.

Туристік инфрақұрылым кеңейіп келеді

Қазір өңірдегі бірқатар табиғи және рекреациялық аймақтарда жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Солардың ішінде Қасқыр сарқырамасына  (Ақтөбеден 120 шақырым) сәуір мен маусым айларында туристер көп келеді. Мұнда глэмпинг, қайықпен және жаяу серуендер ұйымдастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Qargaly Eco Resort» — 2021–2028 жылдарға арналған жоба. Қазір құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл — демалыс базасы. Бүгінде бұл нысанды салудың бірқатар жұмыстары аяқталды.

Мұғалжар жылқы тұқымын өсіріп, туристерге қызмет көрсететін «Көк Жайлау» демалыс базасына асфальт жолдың болмауы маусымдық шектеулерге әкеліп отыр. Алайда бұл мәселені шешу үшін тиісті құжаттар дайындалып жатыр.

2023-2024 жылдары туристік нысандар маңында 10 жабдықталған кемпинг аймағы орнатылды. Байғанин ауданындағы «Аққұм», Мәртөк ауданындағы Аққайың орманы, Хромтау, Қарғалы аудандарындағы басқа да жерлерде инфрақұрылым жақсартылып, демалушылар үшін қолайлы жағдай жасалуда.

Бағдарлама және пантогематоген

 — Шипажай туризмі — Ақтөбе өңірінде қарқынды дамуы мүмкін салалардың бірі. Емдік-сауықтыру туризмін дамыту үшін қандай инфрақұрылымдық және заңнамалық өзгерістер қажет?

Бану Тілегенова:

— Жолдасым екеуміз жеті жыл бұрын Мәртөк өңірінде марал өсіру ісін бастап, батыл шешім қабылдаған болатынбыз. Сол кезде бұл идея көпшілікке оғаш көрінгенімен, бүгінде пантоемдеу шипажайымыз еліміздің түкпір-түкпірінен және Польша, Германия, Ресей мен АҚШ-тан туристер ағылатын тартымды орынға айналды. Осы уақыт ішінде шипажайда 12 мыңнан астам адам демалып, емделіп қайтты.

Біздің бағыт — сауықтыру туризмі. Табиғаттың көмегімен адамдардың денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік береміз. Негізгі бағытымыз — оңалту.  Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы инсульт алған, созылмалы, буын, жүрек-қан тамырлары аурулары бар азаматтарды қабылдаймыз. Ауыр диагнозбен келген адамдардың жағдайы жақсарып қайтады.

Санаторий базасында табиғи дәрілік заттар қолданылады. Соның ішінде марал мүйізінен алынатын табиғи иммуномодулятор — пантогематоген бар. Бұл зат алты ай бойы зерттеліп, бүгінде қалпына келтіру бағдарламаларына кеңінен енгізілді.

Жеті жылда санаторийаумағы 1 гектардан 4 гектарға дейін ұлғайып, марал жайылымы 1000 гектарға дейін кеңейтілді. Қоршаулар салынып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, қосымша жұмыс орындары ашылды. Қазіргі таңда «Зәру» кешенінде 50 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі 65 ересек пен 26 балаға арналған екі оңалту орталығы ашылды.

Марал музейі ашылады, глэмпинг-парк салынады

Біз жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, адамдарды емдеп, оларға шабыт береміз. Мұның бәрін өз күшімізбен — грантсыз, жеңілдіксіз атқарып келеміз. Туризм — табысы кеш қайтатын сала. Бірақ бір тұрақтанып алғаннан кейін жемісін береді. Ең бастысы, қорықпай, өз ісіңе сену керек.

Қазір біз отбасылық және экотуризмді дамыту бойынша жаңа жобаны қолға алып жатырмыз. Ол үшін сол маңдағы қарағай мен қайың өскен орманды алқапты 30 жылға жалға алдық. Бұл — «жергілікті Швейцария» деп аталатын жер. Сол жерде глэмпинг-парк салу жоспарымызда бар. Адамдар отбасымен келіп, табиғат аясында тынықса дейміз. Бұл — әдемі демалыс аймағы болатын жер. Жоспарға сәйкес мұнда субұрқақ, балалар және спорт алаңы, бассейн, барбекю орны қарастырылады. Бұл жер алдағы уақытта табиғатпен үндескен, заманауи әрі жайлы эко-туризмнің үлгісі болмақ.  Сонымен қатар шипажай аумағында марал шаруашылығына арналған музей ашу ісін де қолға алдық. Бұл жерде қонақтар марал және оның мүйізінен алынатын өнімдер туралы, сондай-ақ өңірдің тарихымен жақынырақ таныса алады. Киіз үй түріндегі мұражай ішіне кірген турист бұл жерде маралдың қалай бағылатынын, пантаның қалай дайындалатынын, арнайы құрылғылардың қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көре алады. Ол үшін киіз үй ішінде көрмелер жасап, қазақ тұрмысын, ұлттық бұйымдар мен киімдерді, облыс тарихын таныстыратын бұрыш ашамыз. Бұл жай ғана музей емес, дәстүр мен заманауи көзқарас түйісіп, әрбір қонақ туған өлкенің рухын сезіне алатын орталық болса дейміз.

Дегенмен туризмнің дамуына жол сапасы мен интернеттің болмауы сияқты мәселелер кедергі келтіретінін де жасырмаймыз. Біз жай ғана санаторий емес, демалыс мәдениетін қалыптастыруды басты бағыт санаймыз. Шипажайға бірінші рет тынығуға келген адамдар қайта оралса, біздің еңбегіміздің ең жоғары бағасы — сол.

 Экстремалды туризм маршруты белгіленді

— Музейлердің туризмдегі рөлі қалай күшейтілмек?Облыстық музей қорында сақталған тарихи жәдігерлер мен экспонаттарды пайдалана отырып, ішкі және сыртқы туристер үшін ерекше бағдарлама немесе тарихи маршруттар құру жоспарда бар ма?

Мейрам Дүйсенғали:

— Өңірімізге келетін әрбір турист ең әуелі сол аймақтың тарихымен танысқысы келеді. Ақтөбе — Қазақстандағы аумағы жағынан үлкен өңірлердің бірі. Өңірімізде тарихи ескерткіштер өте көп. Музей ісінің бір бағыты — ғылыми-зерттеу жұмыстары. 2019 жылы Ақтөбе өңірінің мәдениетін, тарихын зерттеу, насихаттау және сақтау туралы бағдарлама құрылған болатын. Осы бағдарлама аясында жұмыстар әртүрлі бағытқа бөлінген. Қазіргі уақытта Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институт мамандарымен бірлескен жұмыстар қолға алынды. Зерттеу жұмыстары 2024 жылға дейін жүргізілді. Археолог Серік Әжіғалидің басшылығымен осы өңірдің тарихи-мәдени ескерткіштеріне бағытталған танымдық бағыттағы алты туристік маршрут ұсынылып отыр. Бұл маршруттар әлі де ғылыми айналымға енгізіліп жатыр. Әзірге бұл туристік маршруттардың шартты атауы қойылды. Соның бірі — «Абат-Байтақ» маршруты. Қобда — туристік бағыттағы сұранысы бар ауданның бірі.   Екіншісі — «Хан моласы» маршруты.  Бұл бағытты біз экстремалды туризм ретінде дамытуды жоспарлап отырмыз.  Әзірше бұл маңда туристер үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Экстремалды туризмге қызығатын топтар үшін ғана осы маршрут қалыптастырылып отыр. Тағы бір маршрут — осындай экстремалды туризмнің шыңы — «Доңызтау» бағыты. Бұл — облыстың оңтүстік аймағын қамтитын туристік маршрут. Үш жылдық зерттеу жұмысының нәтижесінде бұл жерде үлкен-үлкен тұрғын және ғұрыптық 30-ға жуық кешен орналасқан. Бұл маң ғылыми айналымға енді, ол туралы монографиялар шығарылып жатыр. Алайда Доңызтауға барып-қайту оңай шаруа емес. Облыс орталығынан 600 шақырым жер. Осы орайдағы екінші бағыт — Жем аумағы. Бұл маңдағы Төлеубұлақ петроглифтерін көру — кім-кімнің де қызығушылығын туғызатын тарихи орын. Осыдан 400 мың жыл бұрын алғашқы қоныстанған адамдардың ізін осы маңнан көруге болады. Тас дәуірінен күні бүгінге дейін сақталған ескерткіштер облыс аумағында өте көп. Туризм бағыттарының бірі — «Балғасын-Ырғыз», «Қызылтам» және «Керуен Сарай» аумақтары. Кіші, Ұлы Борсық және Барқын құмдары, Қарғалының әсем табиғаты — облыстың табиғи, әсем інжу-маржандары. Осы туристік маршруттар құрылған өңірлердің екі-үшеуінде ғана болмаса, қалған аймақтарда инфрақұрылым мәселесі әлі де өзекті күйде қалып тұр.

 VisitAktobe.kz — туристердің сенімді серігі

— «Visit Aqtobe» орталығы туристік әлеуетті насихаттау бағытында қандай жаңа цифрлық немесе офлайн жобаларды іске асырып жатыр? Шетелдік туристерді тарту үшін қандай маркетингтік стратегия қолданылуда?

Манат Тайпақов:

— Бүгіндеөңіріміздің туристік әлеуеті цифрлық мүмкіндіктермен қатар дамып жатыр. Visitaktobe.kz сайты саяхат жоспарлаудың сенімді көмекшісіне айналды деп нақты айта аламыз. Жалпы, Ақтөбе облысыныңтуристік әлеуетін танытуда цифрлық технологиялардың рөлі артып келеді. Осы мақсатта жұмыс істеп тұрған visitaktobe.kz сайты — өңірдің көрікті жерлерін насихаттаудың басты құралдарының бірі.

Жыл басынан бері бұл сайтты 18 098 адам қарап шыққан. Оның ішінде 8 198 бірегей пайдаланушы тіркелсе, 3D-турларды қарау саны 308-ге жетті. Бұл көрсеткіштер туристік қызығушылықтың артқанын айғақтайды.

Бүгінде аймақта отызға жуық туристік нысан цифрландырылды. Олардың қатарында табиғи, тарихи-мәдени әрі қалалық көрікті жерлер бар. Әрбір нысан бойынша кең көлемді әрі мазмұнды ақпарат ұсынылады. Бұл туристерге саяхаттап барғысы келетін орындардың ерекшеліктері мен маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Сайттың тағы бір артықшылығы — маршрут құрастыру функциясы. Бұл жаңашыл мүмкіндік кез келген пайдаланушыға өз бағытын жоспарлауға, ең тиімді жолды таңдауға көмектеседі. Сапарды алдын ала жоспарлау арқылы уақыт пен қаржыны үнемдеуге, сондай-ақ ыңғайлы саяхат жасауға болады.

Біз туристерге арналған ақпараттық қолжетімділікті арттыру мақсатында Ақтөбе халықаралық әуежайында, «Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығында және «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығында арнайы ақпараттық үстелдер орнаттық.

Туризмді шын жанашырлар дамытады…

Қарғалы ауданы табиғи көркемдігімен ерекшеленеді. Жергілікті кәсіпкер ретінде осы өңірдің экотуризмін дамытуда қандай бастамалар көтердіңіз немесе жоспарлап отырсыз?

Орынбасар Ысқақов:

— Қазіргі таңдаҚарғалы ауданында агротуризм белсенді дамып келеді. Соның ішінде ерекше танымалдыққа ие болған туристік орындардыңбірі — Қасқыр сарқырамасы. Бұл туристік маршрут соңғы 4-5 жылда пайда болса да, бүгінде Ақтөбе мен көршілес облыстардан келетін саяхатшылардың сүйікті мекеніне айналып үлгерді.

Маусым кезінде, әсіресе демалыс күндері мұнда 300-ге жуық көлік келеді. Мамыр айының ортасына дейін туристер легі тұрақты болады. Бұл маңға адамдар табиғатты көруге, таза ауада демалуға келеді.

Расын айту керек, көркем табиғат, ерекше ландшафт, басқа туристік бағыттарға жақындығы және инфрақұрылымдық әлеуеті Қасқыр сарқырамасын ауданның туристік картасындағы маңызды нүктеге айналдырып отыр.

Біз қазірдің өзінде сарқырама маңында бөлінген 15-20 гектар жерді алдағы жылдары толыққанды туристік аймақ құру ретінде жоспарлап отырмыз. Ол жерге қонақүй, балық тағамдарына маманданған мейрамхана салу, сарқырама маңынан 5 шақырым жердегі Мылқау ауылы бағытында квадроциклмен жүру маршруттарын ашу және атпен серуендеуді ұйымдастыру көзделуде. Алайда бұл маңға басты қажеттілік — инфрақұрылым. Жолдың, жарықтың, интернеттің жоқтығын бір адамның күшімен шешу мүмкін емес. Ол үшін кешенді «көзқарас», қолдау мен инвесторлар қажет. Қазір жол, газ және электр желісін тарту жоспарланып отыр. Егер осы жобалар жүзеге асса, үлкен құрылысты сенімді түрде бастауға болады.

Біз бұл бағытта туризмді дамытуға арналған жол картасын жасадық. Болашақ туристік инфрақұрылымның жарқын элементтерінің бірі ретінде «Қарғалы-Фест» фестивалін өткізуді ұсындық. Бұл фестиваль Башқұртстандағы «Нугуш» үлгісіндегі мәдени, ойын-сауық алаңына айналып, концерттер, шеберлік сабақтары, отбасылық демалыс пен белсенді уақыт өткізуге арналған аймақтарды қамтитын болады.

Туризмді шын жанашырлар дамытады. Бұл — фанаттардың ісі. Алайда бұл оңай шаруа емес. Біз жай ғана маршруттар салып жатқан жоқпыз. Тарихты қайта жаңғыртып, жұмыс орындарын ашып, адамдарға туған өлкесімен мақтануға мүмкіндік жасауды ғана көздейміз.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button