Әуе кеңістігіндегі әлеуетіміз қандай?

Ақтөбе — ұшқыштар мекені. Олай деуіміздің екі себебі бар. Өңірде Қазақстанда баламасы жоқ, әскери-патриоттық бағыттағы жалғыз мекеме — 55 жылдық тарихы бар В.Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебі жұмыс істейді. Сондай-ақ Орталық Азия бойынша әскери ұшқыштарды даярлайтын институт Ақтөбеде ғанабар.Әрі даңқты ұшқыш-ғарышкерлер Виктор Пацаевтың біздің жерлесіміз, ал Юрий Лончаковтың осы өңірдегі орта мектепті тәмамдағанын, сондай-ақ Талғат МұсабаевтыңАқтөбедегі Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі екенін ескерсек, Ақтөбені еліміздегі ұшқыштардың отаны десек, асыра айтқанымыз емес.
Қазір ұшқыш болуға ұмтылғандар көп пе? Ақтөбедегі жоғарыда аталған екі мемлекеттік мекеме аспан әлеміне қызыққандарға нендей мүмкіндіктер ұсына алады? Жас ұшқыштар мен осы жерден қанат қаққандар не дейді? Біз облыстың әуе кеңістігіндегі әлеуетін білген едік…

1,5 мың курсанттың ұшқан ұясы
В.Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебінің директоры Болат Қайпановтың айтуынша, республика бойынша мұндай мемлекеттік мекеме тек Ақтөбеде бар.
— Мектебіміздің негізін қалаған — Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Александр Курбанов. Аты айтып тұрғандай, әуе құрылғыларымен жұмыс істейтін мектепте қаламыздың оқушылары білім алады. 9-сыныптан бастап қатарымызға шәкірттерді қабылдаймыз. Оқу мерзімі — 3 жыл. Қазіргі таңда I курста — 45, II курста — 30, III курста 30 курсант бар.
Қалалық білім бөліміне қарайтын мектепте әскери-патриоттық тәрбие, атап айтсам, авиация тарихы, аэродинамика, радиотелеграф алфавиті, авиациялық психология, тактикалық жаттығу сияқты арнайы пәндер, сондай-ақ денешынықтыру, физика, математика, ағылшын тілі бойынша білім беріледі. Оқытушылардың арасында Батыр Садақов, Мұхтар Нұрмұхамедов, Олег Коженков, Виктор Сляктин сынды тәжірибелі мамандар бар.
Біздің дәрісіміз арқылы әуе қызметіне қызығушылығы оянған, кейіннен Қазақстанның Қарулы Күштеріне қызмет етуге қабылданған жігіттер көп. Бүгінге дейін жалпы саны 1500-ге жуық курсант түлеп ұшты.
Жалпы, мектептің 28 түлегі Ауғанстанда интернационалдық борышын орындап, ерліктері үшін әскери наградаларға ие болса, екеуі сол жерде қаза тапты… Шәкірттеріміздің арасында Ресей Батырлары Вячеслав Крицкий мен Юрий Лончаков та бар. Бізден тәлім алғандардың дені жер-жерде жоғары білім алып, қазіргі таңда ұшқыш болып жүр.
Арнайы пәндер бойынша сабақтар Ақтөбедегі әуе қорғанысы күштері әскери институтының ғимаратында өтсе, ғарыш туралы дәрістер облыстық планетарийде жалғасады. Ал әскери дайындық техникалық мектепте болады. Кәсіптік бағдар беру мақсатында курсанттарымызбен «Казаэронавигация» мекемесіне де барамыз, онда олар әуе қозғалысын бақылап отырған мамандықпен танысады, — дейді запастағы авиация полковнигі Болат Қайпанов.
Былтыр10 курсантпен алғаш рет «Байқоңыр» ғарыш айлағына саяхаттап барған аталған мектеп ұжымы зымыранның ұшырылғанын көріп, ерекше әсермен оралыпты. Алдағы уақытта бұл танымдық экскурсияны жалғастыру жоспарда бар.
Бозбалалар жас ұшқыштар мектебіне іріктеу арқылы қабылданады. Физикалық дайындық, оқу үлгерімі мен тәртібі талапқа сай болғандар ғана курсант атана алады. «Мәселен, өткен оқу жылында 45 оқушы түсті. Қазіргі таңда оның 40-ы ғана қалды. Өйткені сабақ ақысыз негізде болғанмен, спорттық жаттығуларға ерекше басымдық береміз. Денсаулық жағдайы жарамай, болмаса біздің тапсырмаларды орындай алмайтындар көп. Көбінің көзі нашар көреді, есте сақтау қабілеті төмен. Әскери тәртіп те басты назарда», — дейді жас ұшқыштар мектебінің басшысы.
БЫЛТЫР КӨКТЕ 100 САҒАТ ҚАЛЫҚТАҒАН ПОЛКОВНИК
Жер-жерде Ақтөбеден шыққан ұшқыштар аз емес. Солардың бірі — В.Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебінің 1997 жылғы түлегі Талғат Тұрғамбаев қазір Астанадағы №19132 әскери бөлімі командирінің орынбасары болып еңбек етеді.
— Ақтөбе қаласындағы №28 орта мектепте оқып жүргенде Александр Курбанов бастаған ағалар біз секілді оқушы балалармен кездесіп, Виктор Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебіне шақырды. Ол кезде әр бала ұшқыш болуды армандайтын еді ғой, қуана келісіп, қажетті емтиханын тапсырдық, сөйтіп, оқуға қабылдандық. Бір қызығы, 1-курста 40 шәкірт болсақ, соның 12-сі ғана соңында бітіріп шықты. Өйткені тәртіп, оқуға деген талап жоғары еді. Бос уақытымыз болмайтын. Алексей Лучак, Александр Овсиенко сынды ағайларымыз бар білгенін, ұшқыш мамандығының әліппесін үйретті. Мектептегі оқу үлгерімімізді де қатты қадағалайтын, әр тоқсан сайын табелімізді ерінбей-жалықпай тексеретін. Қарап отырсам, сол еңбек біздің жақсы азамат, білікті маман болуымызға негіз болған екен. Бүгінде барлығын үлкен сағынышпен еске алып отырамын.
Сабақтар өте қызықты өтетін. Әсіресе аэродинамика, аэронавигация пәндері айрықша есімде қалыпты. Парашюттен секірген сәттер, ұшақтың құрылысын зерттеген күндер, бәрі санамда жаңғырып тұр. Сол кездегі курсанттар болып әлі күнге араласамыз. Бірақ жас ұшқыштар мектебін бітірген тобымдағы 12 курсанттың арасынан тек мен ғана ұшқыш болдым.
Қазір әскери бөлімде командирдің орынбасары болсам да, ұшқыш ретінде қызметімді тоқтатпадым. Мәселен, өткен жылы 100 сағат ұшыппын, — дейді полковник.
Биыл мерейлі жасқа толатын кейіпкеріміз жас ұшқыштар мектебінде оқып жүріп Талғат Бигелдинов, Талғат Мұсабаев сынды даңқты тұлғалармен кездескенін еске алды. Және аталған мекемені үлкен өмір мектебі санайтынын атап өтті.
Айтпақшы, Талғаттың ұлы Арсылан әке жолын жалғауға ниетті екенін білдік. Сол мақсатта қазіргі таңда Венгрия мемлекетінде жоғары білім алып жүр екен.
«Бастапқы салалық білім бізде беріледі»
Біз В.Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебіне сұхбатқа барғанда Қазақстанның Қарулы Күштерінің Жарғысы пәні бойынша сабақ өтіп жатыр екен. II курста оқитын жас талаптарға әскери шеннің қалай, қандай тәртіппен берілетіні жөнінде түсіндіріп жатқан оқытушы Мұхтар Нұрмұхамедовті сөзге тарттық.
— Осы авиация саласында қызмет етіп, 2016 жылы Ақтөбедегі әуе қорғанысы күштері әскери институтынан зейнет демалысына шықтым. Араға бір жыл салып, аталған мектепке жұмысқа кірдім. Қазір директордың орынбасарымын әрі бірнеше пәннен сабақ беремін.
Балалардың оқуға деген ынтасы жақсы. Сабаққа ықыласы жоқ, болашағын әуе саласымен байланыстырмайтындар өздері-ақ алғашқы жылда кетіп қалады. Қазіргі курсанттардың бір ерекшелігі, бүкіл ақпаратты көзбен «қабылдайды». Айтып, сөзбен түсіндіргеннен нәтиже шамалы. Сондықтан мейлінше көрнекі құралдармен жұмыс істегенді тәуір көреміз. Арнайы пәндер бойынша сабақ аптасына 2 рет өтеді. Демалыс күні — спорттық жаттығулар.
Мұнда толық емес отбасында тәрбиеленетіндер көп. Неге десеңіз, біздің мектепте әскери-патриоттық тәрбие де беріледі. Темірдей тәртіп — бірінші орында. Осыны ескерген аналар ер балаларын бізге оқытуға ынталы. Одан бөлек мектептен тыс уақытта босқа жүрмей, бізден дәріс алып, әскери-спорттық жаттығуларды орындаған оқушылардың теріс әдеттерден аулақ болатыны белгілі. Жыл санап курсанттардың саны көбеймесе, азайған жоқ. Тіпті аптасына екі рет өтетін сабаққа Мәртөк ауданынан келетіндер бар. Ұшқыш болу міндетті емес, ең бастысыденесі шымыр, рухы мықты, саналы азаматтарды қалыптастыру — басты мақсатымыз. Бұл мекемені әскерге әзірлейтін орын десек де болады. Калашников автоматынан ату, саптық дайындық, жалпы жігіттерді шыңдайтын мектептіңматериалдық-техникалық базасы, өкінішке қарай, мәз емес. Жаңа құрылғылар алынып, сабақ өтетін кабинеттер жаңартылса деген тілегіміз бар, — дейді полковник.
1969 жылы ашылған жас ұшқыштар мектебінің түлектерінің арасында авиация саласы бойынша жоғары оқу орнына түсіп қана қоймай, ғылымда жақсы жетістіктерге жеткен жігіттер бар. Атап айтсақ, 2018 жылғы түлекӘліби Қайырғалиұлы Уфа мемлекеттік авиациялық техникалық университетінің бакалавры мен магистратурасын тәмамдап, халықаралық «Ұшқышсыз авиацияның болашағы» ғылыми олимпиадасында жүлделі орынға ие болса, 2021 жылғы түлек Темірлан Асылханов — Алматы азаматтық авиация академиясының белсенді студенттерінің бірі.
АЙТПАҚШЫ…
Ақтөбе қаласында елімізде ашылған алғашқы стационарлық, басыбайлы ғимараты бар планетарий жұмыс істейді. Аспан әлемі туралы сыр шертіп, астрономия ғылымын дәріптейтін мекеме — Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты осындай бағыттағы жалғыз планетарий.
Ибрагим — болашақ ұшқыш
Ақтөбе қаласындағы №11 орта мектептің 10-сынып оқушысы Ибрагим МахмудалиВ.Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебінде оқиды. Келер жылы ұшқыш мамандығы бойынша оқуға түсуді жоспарлап отырған курсанттың талабы таудай, арманы асқақ.
— Отбасымда ұшқыштар жоқ. Бірақ кішкентай кезімнен аспан әлеміне ерекше қызықтым. Көктен ұшақтың самғап бара жатқанын көргенде, жүрегім сонымен бірге ұшып бара жатқандай күйге енетінмін… Сол бала арманым үлкен мақсатқа айналып, ата-анам да ниетімді қолдады. Қазір жас ұшқыштар мектебінің II курсында оқимын.
Аталған мектеп туралы алғаш рет ғаламтордан білдім. Бірден құжаттарымды жинақтауға кірісіп, бақ пен бабымды сынап көрдім. Көп ұзамай курсанттардың қатарына қабылданғанымды естігенімде, өзімді өте бақытты сезіндім. Қазір бұл мектеп — менің екінші үйім.
Мұнда біз ұшақтарды басқаруды ғана емес, тәртіп пен табандылық, топтық жұмыстың не екенін үйреніп жатырмыз. Әр пән — бөлек әлем. Әсіресе авиация тарихы пәні қатты ұнайды. Мұхтар Қайратұлы, Ришат Аршадинович, Олег Васильевич сынды ағайларымның дәрістерін ұйып тыңдаймын. Бұйыртса, келер жылы осындағы оқуымды аяқтап, сертификатымды алған соң Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына түсуді мақсат етіп отырмын. Ұшқыш болу — арманым, — дейді курсант.

Биыл жүзден астам түлек қанат қағады
Жарты ғасырдан астам болашақ ұшқыштарға жоғары білім беріп келе жатқан Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институты —Орталық Азиядағы жалғыз әскери институт. Ақтөбе азаматтық авиацияның жоғары ұшқыштар училищесінің базасында құрылған білім ордасы Қорғаныс министрлігіне қарайды. Әскери-әуе күштері, ішкі істер саласы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерін даярлайтын институтта, сондай-ақ жер-жерден келетін офицерлер біліктілігін арттырады. Мұнда, негізінен, әрине, болашақ ұшқыштарға білім беруге баса маңыз берілген.
Әскерилер арасында Ақтөбенің басты брендіне айналған аталған институттың бастығы, полковник Тимур Еспағанбетовтің айтуынша,қазіргі таңда түрлі мамандық бойынша 500-ге жуық курсант білім алып жатыр.
—Әскери авиацияның «жүрегі» саналатын мамандық — ұшқыштардан бөлек, мұнда инженер, әскери дәрігер, әскери теңіз күштері қызметкерлері, барлығы 4 бағыт бойынша мамандар даярланады. Олар тек теориялық білім алып қана қоймай, әскери жаттығулар мен ұшу тәжірибелерінен өтеді.
Материалдық-техникалық базаға келсек, курсанттар ZLIN-242L, L-39, L-410UVP-E20 ұшақтарында, Ми-8 тікұшақтарында ұшуға машықтанады. Сондай-ақ Skylark-1LEX ұшқышсыз аппараттарын басқару да үйретіледі. Ал МиГ-31 жойғыш ұшағының тренажерында толық имитациялық ұшу жаттығулары өткізіледі.Авиациялық техникаларға қосымша Л-39 оқу-жаттығу ұшағы да бар.
Ақтөбе аспанында тәжірибесін шыңдаған әйгілі ғарышкер, Қазақстанның Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев — институт түлектерінің бірі. Сол сияқты Ресей Федерациясының Батыры, жоғары дәрежелі ұшқыш Андрей Ламанов та бізде оқыған. Биыл институтымызды тәмамдайтын жүзден астам түлектің арасынан да осындай тұлғалар шығатынына сеніміміз кәміл.
Жалпы, еліміздің әскери-әуе күштері офицерлерінің 70 пайыздан астамы жоғары білімді осы Ақтөбеде игерген. Олардың дені авиациялық базалар мен эскадрилиялардың командирлері, Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде басшылық лауазымдарды атқарады. Біз барлық шәкіртімізбен мақтанамыз, — дейді Тимур Еспағанбетов.
Осы орайда соңғы 5 жылдағы талапкерлердің санына тоқталсақ, Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтқа жыл сайын 1 орынға 5-6 адамнан құжаттарын тапсыратын көрінеді. Бұл — 500-600 жігіттің тек 100-і ғана оқуға қабылданады деген сөз. Іріктеудің мықты болатындай жөні бар. Бұл жерде барлығы ақысыз негізде білім алып, стипендия мен қажетті оқу құралдарымен толығымен қамтылады. Соған сай талап та жоғары. Айталық, талапкердің физикалық һәм психологиялық дайындығы, ҰБТ-дан 50 балдан төмен жинамауы айрықша маңызға ие. Түлектердің бейінді пәндері физика мен математика болуға тиіс. Курсанттардың арасында Тәжікстан мен Қырғызстан елдерінің азаматтары барын айта кеткен абзал.
Әскери тәртіп һәм құпияны әрдайым берік ұстанатын институт басшылығы әлемге аты мәшһүр ақтөбелік ұшқыштардың жолын жалғастыратын жастардың аз еместігін айтады. Бұл мақсатта мемлекеттің қамқорлығы жыл санап күшейіп келеді.
Қуаныштың талабы
19 жастағы Қуаныш Мыңжасар — Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының III курс курсанты. Ұшқыш болуды бала кезінен армандаған жігіт Түркістан облысынан арнайы келіп, жоғары білім алып жатыр.
— Сарыағаш қаласынан боламын. Әкем әскери қызметші болғандықтан, жастайымнан сол кісіге қарап бой түзедім. 2020 жылы мектептің 9-сыныбын аяқтап, республикалық әскери «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушісі атандым. Әскери өмірім осылай басталды. Қазір өзім қалаған ұшқыш мамандығы бойынша Ақтөбедегі институтта оқып жатырмын.
Болашақ ұшқыштардың оқу барысы қызықты өтеді. Сабақтар теориялық, тренажерлық және тәжірибелік кезеңдерден тұрады. Әр кезең бойынша жеке баға қойылып, жас курсант біртіндеп нағыз ұшқышқа айналады.
Өзім алғаш мінген ұшақ — ZLIN-242L. Күрделі жаттығуларды орындауға арналған ұшақта отырған әр сәт әлі күнге есімде. Бұл — сөзбен айтып жеткізуі қиын, бөлек сезім.
Еліміздің әуе қорғанысы күштері сапында қызмет етуді армандаймын. Бұйыртса, бірер жылда соған жетемін, — дейді Қуаныш.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.


— Ақтөбе қаласындағы №28 орта мектепте оқып жүргенде Александр Курбанов бастаған ағалар біз секілді оқушы балалармен кездесіп, Виктор Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебіне шақырды. Ол кезде әр бала ұшқыш болуды армандайтын еді ғой, қуана келісіп, қажетті емтиханын тапсырдық, сөйтіп, оқуға қабылдандық. Бір қызығы, 1-курста 40 шәкірт болсақ, соның 12-сі ғана соңында бітіріп шықты. Өйткені тәртіп, оқуға деген талап жоғары еді. Бос уақытымыз болмайтын. Алексей Лучак, Александр Овсиенко сынды ағайларымыз бар білгенін, ұшқыш мамандығының әліппесін үйретті. Мектептегі оқу үлгерімімізді де қатты қадағалайтын, әр тоқсан сайын табелімізді ерінбей-жалықпай тексеретін. Қарап отырсам, сол еңбек біздің жақсы азамат, білікті маман болуымызға негіз болған екен. Бүгінде барлығын үлкен сағынышпен еске алып отырамын. 


