Шаһардың сәні — субұрқақ

Көктем айының аяқталуына санаулы күн қалды. Ал жаздың сәні — субұрқақ. Аптап ыстық басталғанда тұрғындардың көбі субұрқақтың саясында демалғанды тәуір көреді. Әсіресе балалар ыстық күндері айналасынан шықпайды. Былтыр қаладағы субұрқақтардың басым бөлігі құрғап тұрды. Тіпті орталық көше бойындағылары күтімсіз қалды. Ал биыл субұрқақтардың жайы қалай болады? Қанша субұрқақ іске қосылады? Осы ретте Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарынан сұрап білдік…
Биыл қанша субұрқақ іске қосылады?
Былтыр қаланың қақ ортасындағы жұртшылық жиі баратын, яғни Абай даңғылында орналасқан әуенді субұрқақ үнсіз тұрды. Түрлі түсті жарықтары көз арбайтын, әуенмен әрленіп, атқылайтын субұрқақ іске қосылған кезде жұртшылық қуанған болатын. Алайда қуаныш ұзаққа бармады, кейін құбырлары тесіліп, қараусыз қалды.Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Талғат Наурызовтың мәліметінше, аталған субұрқақ пен сулы-жасыл бульвардағы субұрқақты жөндеу үшін қазіргі таңда жобалық-сметалық құжат әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Жаз басталған кезде қала бойынша 18 субұрқақты іске қосу жоспарланып отыр. Олардың барлығы былтыр жөндеуден өтіп дайын тұр. Атап айтқанда,Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы лазерлік-отты элементтері бар музыкалық субұрқақ, Кереев көшесінде орналасқан субұрқақ және теміржол басқармасының алаңындағы, «Нұр Ғасыр» мешіті алдындағы, «Taksim» кафесінің алаңындағы, Орталық стадион қасында орналасқан субұрқақ бар. Орталық стадион алдындағы субұрқақтың тастары қыста алынды. Жаз басталған кезде қайта қосылады, — деді Талғат Наурызов.
Сондай-ақ «Ғашықтар» аллеясындағы, 12-шағын аудандағы Халық банк алаңындағы, «Шаңырақ» астындағы, облыстық сот пен Сазды өзенінің бойындағы қалқымалы субұрқақ және 101-атқыштар бригадасы көшесі бойындағы, «Авиатор», «Шалқар», «Астана» саябақтарындағы субұрқақтар іске қосылады. Ал «Болашақ» шағын ауданы мен филармония алдындағы субұрқақтар жөндеу жұмыстары аяқталған соң ғана пайдалануға беріледі.
Суға түсуге болмайды
Жазда субұрқтың айналасында адам көп жүреді. Әсіресе балалар су шашып ойнайды. Ал мамандар субұрқақтың суына түсуге, оны ішуге және шашып ойнауға болмайтынын ескертеді. Себебі балалар түрлі ішек инфекциясын жұқтыруы мүмкін. Бұдан бөлек құбырлар мен сорғылардан жарақат алуы да ықтимал. Сондықтан ата-аналар осы жайды кішкентайларына ескертіп қоюға тиіс.
Сонымен бірге субұрқақтарға музыкалы жарықтар орнату үшін электр тогы тартылады. Оның суына шомылып жүрген балақайларды абайсызда ток соғуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар кішкентайларын саябаққа апарғанда қауіпсіздік ережесін сақтап, осы жағын ескергені жөн.
Тұрғындар не дейді?
Гүлсім Нұрбақытқызы, қала тұрғыны:
Жаздың сәні — субұрқақ. Ыстық кезде субұрқақтың қасында отырып салқындайсың. Бірақ біздің қалада осы мәселе әлі бір ізге түскен жоқ. Былтыр тіпті субұрқақ көрмедік. Сырттан қонақ келсе қайда апарарымызды білмей қаламыз. Жаз аяғында ғана Президент паркіндегі субұрқақ іске қосылды. Бірақ бұл қала тұрғындарына аздық етеді. Ақтөбе жыл сайын көркейіп келеді. Мәселен, Алтын Орда ауданында халық саны өсті. Осы ауданға үлкен саябақ пен әдемі субұрқақ қажет-ақ.
Арай Демесинова, қала тұрғыны:
Өзім ескі қала ауданында тұрамын. Шыны керек, бұл ауданда кешкілік қыдыратын саябақ жоқтың қасы. Жалғыз Пушкин атындағы саябақ бар. Ол да талапқа сай емес, оның үстіне қазір халық саны өсті. Тар жерде адам қаптап жүреді. Субұрқақтың жайынан бұрын саябақ керек.
Мария Ырысжанова, қала тұрығыны:
Тұрғындар қалашығы ауданында тұрамын. Филармония маңында кішкентай субұрқақ бар. Оның өзі былтыр іске қосылмаған сияқты. Ал бұдан өзге бұл ауданнан басқа субұрқақ көрмедім. Субұрқақтар қаланың сәні ғой, көбірек болса артық етпейді.
АШЫҚ АЛАҢДАРҒА 133 ОРЫНДЫҚ ОРНАТЫЛАДЫ
Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігінің бастамасымен қаламыздың ашық алаңдарына тұрғындардың демалысына қолайлы болуы үшін орындықтар мен урналар қойылып жатыр. 133 орындық пен 133 урна қаланың ашық алаңдарына орнатылуда. Мәселен, қазір ыңғайлы орындықтар Сазды өзенінің бойындағы жаяу жүргіншілер аймағында және Пацаев көшесі мен Әбілқайырхан даңғылында, Алтын Орда шағын ауданында тұр. Әкімдіктегілер қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіріп, сындырып кететіндер азаймай тұрғанын айтты.
— Қаланы абаттандыру үшін көп жұмыс жасалып жатыр. Өкінішке қарай жауапсыз тұрғындар, соның ішінде жастар көше жиһаздарын, саябақтар мен көшелердегі жарық шамдарды бүлдіріп, сындырып кететін фактілер жиі кездеседі. Ата-аналарды балаларын тәрбиелеуге, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға және оларға үлгі көрсетуге шақырамыз. Тұрғындардан қала мүлкін сындырмауды, бүлдірмеуді сұраймыз! Бұл жұмыстар қаламыздың сәнді, тұрғындар үшін қолайлы болуы мақсатында жасалып жатыр. Ал вандалдық әрекеттерді көрген жағдайда үнсіз қалмай, полицияға хабар беріңіздер,— деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Бәйменова.
Осы ретте айта кетейік, қала мен елді мекен аумақтарындағы абаттандыру, инфрақұрылым объектілерін бұзу, жасыл желекті жою, бүлдіру бойынша жеке тұлғаларға жиырма айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Бұл — 78 649 теңге. Егер бір жыл ішінде тәртіпсіздік қайталанатын болса, айыппұл сомасы 30 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі.
КӘСІПКЕР СКВЕР САЛЫП БЕРЕДІ
Қазір қаланы абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұған кәсіпкерліктер ерекше ықылас танытуда. Мәселен, Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы (Космос аялдамасы) бос жатқан 790 шаршы метр жер учаскесін «Розовый» гүл дүкендерінің желісі абаттандырып, шағын скверге айналдырмақ. Кәсіпкер Дмитрий Бондаренко қала әкімі Азамат Бекетке алаңқайдың жобасын таныстырды.
— Сіздің ұсынысыңызды ескеріп, біз осы алаңды абаттандыру үшін жаңа жоба әзірледік. Қала үшін жасыл желек отырғызып, әдемі, шағын демалыс алаңын жабдықтап береміз. Бұл жерде жергілікті климатқа сәйкес келетін ағаш түрлерін отырғызамыз, кіші архитектуралық формалар, орындықтар қоямыз, жарықтандырамыз және балалардың ойын алаңын орнатамыз. Біздің компаниямыз көптеген нысанның құрылысын салды. Біз әрқашан сапа үшін жұмыс істейміз,— деді кәсіпкер.
Қала әкімі өз кезегінде барлық орнатылатын жабдықтар сапалы болуы және аллея тамызға дейін пайдалануға берілу керектігін айтты.
— Биыл 11 учаскені тұрғындардың демалысына ыңғайлы алаң етіп жасақтаймыз. Оған сіз секілді ақтөбелік кәсіпкерлер қолдау көрсетіп отыр. Барлық кеңістікке ағаш егуді, суару жүйесін тартуды, брусчаткалар төсеп, орындықтар, урналар, кіші архитектуралық формалар, түнгі жарықтандыру шамдарын орнатуды міндеттеп отырмыз. Сіз таңдаған учаске қаланың орталығы және жолдың бойында тұр. Сондықтан сквер сәнді және сапалы болуы керек. Оған күш саласыз деп сенемін, — деді Азамат Бекет.
Айта кету керек, бұл учаске жеке кәсіпкердің иелігінде болып, ол дүкен құрылысын салу үшін өткен жылы ағаштарды кескен болатын. Қала әкімі құрылысты тоқтатып, бұл учаскені мемлекет қорына қайтарды және шағын сквер етіп абаттандыру үшін демеуші тартты.
Кәмшат ҚОПАЕВА.