Аллея аумағын тазалады

Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау мақсатында «Мәңгілік алау» аллеясында абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
5-шағын ауданда орналасқан аллея аумағының тазалық жұмыстарына 50-ден аса ерікті қатысты. Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары, жас еріктілер, орталық мамандары да үлес қосты.
— Өңірімізде соғыс қаһармандарына арналған ескерткіштерді, мемориалды кешендерді қалпына келтіру, тазалау және абаттандыру бойынша ауқымды акциялар басталды. Бұндай іс-шараға қала бойынша 150-ден астам «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы қатысады.
Жалпы, бұндай тазалық жұмыстарын ай сайын өткізіп келеміз. «Таза жағалау», «Ұрпаққа аманат», «Ер есімі — ел есінде» тәрізді акциялар жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырумен қатар, оларды ел тарихына құрметпен қарауға, ата-баба аманатына адал болуға тәрбиелейді. Бүгін аллея аумағындағы ағаштарды әктеп, ескерткіштерді жуып, қоқыстарды тазалады. Бұл — тек тазалық мәселесі емес, ең алдымен, Отан үшін жанын қиған батырларға деген құрмет пен тағзым. Барша қала тұрғынын осындай игі іске атсалысуға шақырамын, — деді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин.
Айта кетейік, бұған дейін 3 ай болатын «Жасыл ел» маусымы биыл 6 айға ұзартылды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.