«Жарқамыс дейтін ауыл бар…»

Байғанин ауданындағы Ақтам, Қаражар елді мекендерін біріктіретін округ орталығы — Жарқамысертеден көпке таныс. Қалың қамысты атауына арқау еткен ауылдың бір жағында Жем өзені жылғалап ақса, екінші жағында Сиырсалған, Кіші және Ұлы құм жатыр. Киелі мекенде талай дүлдүл, тума таланттар туып-өскені де белгілі.
Ендеше,Жарқамыс ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Әлі де шешілмеген мәселелер бар ма? Бүгінгі әңгімеміз осы сұрақтар төңірегінде болмақ.
Жарқамыс өңірі — құрсағы киелі, қойнауы құтты, тарихы тереңнен тамыр тартатын шежірелі өлке. Қасиетті мекенгеелі мен жерін ақ найзаның ұшымен, ақ білектіңкүшімен қорғаған Қарасақал (Бақтыбай), Дәуімшар, Барақ, Асау, Бөкенбай секілді батыр бабаларымыздың тұлпарының тұяғы тиген.
Жем өзенінің сол жақ жағалауында, Жарқамыс ауылының оңтүстік-батысында, яғни 37 шақырым жерде 200-ден аса мазар, тас мавзолей, сағана там, сандықтас, құлпытас, қойтастар кешені орналасқан.
Жарқамыс ауылы — тек табиғаты әсем жер емес,мықты ғалымдардың алтын бесігі. Мәселен, математик, академик Назарбай Блиев осы Жарқамыста туған.
Бұл ауыл «Кіші жазушылар одағы» деп те аталады. Жарқамыста Бәкір Тәжібаев, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбайұлы, Тобық Жармағанбетов, Мәди Айымбетов, Тынымбай Қарин, Жанна Елеусізова сынды ақын-жазушыларымыздың кіндік қаны тамған. Мәселен, ақын Өтежан Нұрғалиев:
«Тарбағатайда туғам жоқ,
Таулары тума орманмен.
Жетісуда да туғам жоқ,
Жәннәті жердің болғанмен.
Көгілдір Жемнің бойында,
Жарқамыс дейтін ауыл бар.
Мен өстім соның қойнында,
Мен сонда тудым, бауырлар», — деп жырға қосса, жазушы Тобық Жармағамбетов:
«Жарқамыс деген бір жер бар,
Жанынан аққан күміс Жем.
Сол жерде мен де асыр сап,
Сол Жемнен мен де су ішкем»,— деп толғаған.
Бүгінде талай ақын-жазушылар туған ауылдыАсылхан Жұбаналин басқарып отыр. Ол туған ауылының дамуына екі есе жауапты екенін сезінеді, әлі келгенінше өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Өзінің айтуынша, туған жердің әр тасы ыстық.
— Округ құрамына Жарқамыс, Ақтам, Қаражар елді мекендері кіреді. Мұндағы жалпы халық саны 2500-ден асады. Округ аумағында 42 жеке кәсіпкер, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 70 шаруа қожалығы тіркелген.
Ауылдық округте 8 мыңнан астамірі қара, 5 мыңдай жылқы, 16 мыңға жуық қой бар. 2023-2024 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы аясында 36 жоба мақұлданып, 14 кәсіпкермонша, асхана, шаштараз, наубайхана, жылыжай және тағы басқа шағын кәсіп түрлерін таңдаса, 2-еуі — құс, 20-сы мал шаруашылығы бағыты бойынша несие алып, кәсіптерін бастады. Берілген жеңілдетілген несиенің жалпы көлемі — 168 миллион теңге. Аталған бағдарлама ауыл тұрғындарынаөздері қалаған кәсіптерімен айналысуға мүмкіндік беріп отыр,— дейді Асылхан Жұбаналин.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырғандардың бірі — Рая Базылдина.
— Бала кезімнен балапандарды күтіп-баптағанды ұнататынмын. Үйдегі онға жетпейтін тауықты өсіре алмай жүретін едім. «Ауыл аманаты» бағдарламасын естіп, 2023 жылы ауылдағы саманнан соғылған үйді кепілге қойып, құжаттарымды реттеп тапсырдым. Жобамды қорғап,450 мың теңге көлеміндегі қаражатқа ие болдым. Оған Ақтөбеден инкубатор мен 100 тауық сатып алдым. Бүгінде ауылдастарыма бір жұмыртқаны 70 теңгеден сатып отырмын. Арасында жәрмеңкелерге қатысып тұрамын. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті уақытында пайдаланып, игілігін көріп отырмыз. Осындай ел игілігі үшін жасалатын игі бағдарламалар көбейе берсін! — дейді Рая.
Ол тауықтарды күтіп-баптауға жолдасы менбалалары көмектесетінін айтты.Бес баласының алды үйлі-баранды, олардан немере-жиендер сүйіп отыр.
Қаражарға газ барады
Бүгінде округте екі орта мектеп, екі кітапхана, екі балабақша, бір спорт кешені, екі медициналық аурухана жұмыс істеп тұр.
Қазір ауыл-аймақтарды дамыту қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Солардың бірі — 2020 жылы басталған ауылдық елді мекендерді кешенді түрде жаңғыртуға бағытталған «Ауыл — ел бесігі» жобасы. Округ әкімінің айтуынша, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті қолдауды көздейтін осы бағдарлама аясында 2020 жылы Қаражар ауылына орталықтандырылған ауызсу желісі жүргізілді.
— 2021 жылы Жарқамыс спорт кешені салынды. Спорт кешеніндегі волейбол, теннис, қазақша күрес, дзюдо, еркін күрес секцияларына бүгінде 200-ге жуық оқушы қатысып жүр. 2022 жылы 40 келушіге арналған Жарқамыс орталық амбулаториясы, ал 2023 жылы 20 келушіге арналған Қаражар ауылында медициналық пункт салынды. Былтыр Жарқамыс ауылдық әкімшілік ғимараты бой көтерді. 2024 жылдан бастап Жарқамыс ауылының батыс беткейіндегі құм шағылдарын тоқтату мақсатында 14 гектар аумақ қоршалып, тал егу жұмыстары басталды. Өткен жылы орталық көшеге тасжол төсеу жұмыстары басталып, осы жылы жалғасып жатыр. Биыл ауылда орман шаруашылығы құрылып, 5 адам жұмыспен қамтылды. Шаруашылыққа тиесілі 3 гектар аумақ қоршалып, тал егу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Алдағы жылыжоба бойынша Қаражар ауылы толық газбен қамтылады. Елді мекенге газ құбырын тарту жұмыстары былтыр басталды, — дейді округ әкімі Асылхан Жұбаналин.
Жарқамыс ауылына газ құбыры «ҚазақТүрікМұнай» ЖШС демеушілігімен 2007 жылы тартылған, содан бері тұрғындар көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
Былтыр Байғанин ауданы әкімі Айбек Көпенов«ҚазақТүрікМұнай» ЖШС, «IC Petroleym» ЖШС, «Altis Petroleym» ЖШС секілді мұнай өндіруші компаниялармен екі жақты келіссөздер жүргізіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылдың дамуына үлес қосу және жергілікті жердің тұрғындарын мамандығы бойынша және әлеуметтік тұрмыстық жағдайына байланысты жұмыспен қамту жөніндегі меморандумға қол қойған.
Жол қашан жөнделеді?
Асылхан Жұбаналин өзі әкім болған бес жыл ішінде ауылдық округте біршама іс атқарылғанын айтып, одан соң шешілуі қажет мәселелерге де тоқталды.
— Қазіргі таңдағы басты мәселе — аудан орталығы Қарауылкелді мен Жарқамыс аралығындағы тасжол құрылысының аяқталуы. Қазіргі таңда бұл жолдың 66 шақырымығана салынған. Енді мердігер анықталса, 66-78 шақырым тасжолы биыл салынуы керек.
Жолдың бұрынғы құм грейдермен салынған жерлері көктемгі балшық кезінде жолаушыларға қиындық тудырып тұр. Жолдың қиындығын бұрыннан көріп келе жатқан ауыл тұрғындары аудан орталығына қатынайтын тасжолдың сапалы салынып, тезірек біткенін тілейді. Бұл жерде жолды салудың өз қиындықтары барын да ескеру керек: біріншіден, инертті материалдар тасымалы өте алыс, кез келген жол салатын мердігер мұнда келе бермейді, — дейді округ әкімі Асылхан Жұбаналин.
Бұл округтегі тағы бір мәселе — ұялы байланыс және интернет жылдамдығы өте төмен. Округ әкімінің айтуынша, Жарқамысқа 3G байланыс желісі 2022 жылы тартылған. Бірақауылдың шетінде байланыс мүлдем жоқ. Осыған орай округ басшысы Асылхан Жұбаналин құзырлы мекемелерге хат жазып,қосымша құрылғылар жеткіліксіздігін ескерткенін, алдағы уақытта жұмыстың нәтижесін бақылайтынын айтты.
— Бүгінде ауылдарда тұрақты жұмыстың болмауына байланысты ауыл жастарының қалаға қарай көшуі жиіледі. Бұл да ауыл тұрғындарының көбеюіне кедергі болып тұр. Бұл мәселе барлық округте де бар. Соңғы жылдары ауылды дамытуға бағытталған жақсы жобалар көбейіп, инфрақұрылымды дамытуға қаржы бөлінгенімен, жастарға ауылда тұрақты жұмыс жоқ. Әсіресе қыз-келіншектерге жұмыс табу қиын, — дейді округ әкімі.
Асылхан Жұбаналин әкім ретінде ғана емес, туған жердің перзенті ретінде Жарқамыстың көркеюіне шын тілекші. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін өзекті саналатын осындай проблемаларды шешу үшін алдағы уақытта да құзырлы органдармен бірге жұмыс жасап, шешілуі қажет мәселелерді назарда ұстайтынын айтты.
Ақын-жазушылар есімі ұлықталды
Округ әкімі Асылхан Жұбаналин былтыр бірі көктемде, бірі күзде, бірақ екеуі де бір жылы, бір топырақта — Жарқамыста дүниеге келген қазақтың көрнекті қос қаламгері — ақын Сағи Жиенбаев пен жазушы Тобық Жармағамбетовтің 90 жылдығы кең көлемде аталып өткенін жеткізді.
— Кітапханамызда жерлесіміз Тобық Жармағамбетовтің туғанына 90 жыл толуына орай «Жемнің жарық жұлдызы» атты оқырмандар конференциясын өткіздік. Мұнда «Талантымен танылған тұлға» тақырыбындағы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Конференция үш бөлімнен құралып, «Табиғи дарынды талант» атты бөлімде кітапханашы Қанзада Сисенбина жазушының өмір жолын баяндаса, «Талантымен танылған тұлға» бөлімінде кітапханашы Ақмаржан Бектұрова Тобық Жармағамбетовтің шығармашылығынтаныстырды. «Сезімтал суреткер» бөлімінде «Жыр Отау» клуб мүшелері жазушы туралы жазылған естеліктермен бөлісті, — дейді Жарқамыс ауылдық модельдік кітапханасының меңгерушісі Алмагүл Нұрқасымова.
Сонымен қатар Жарқамыс ауылдық модельдік кітапханасында көрнекті ақын, жерлесіміз Сағи Жиенбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Сырлы сазды Сағи ақын» атты әдеби саяхат ұйымдастырылды.
Тобық Жармағамбетов пен Сағи Жиенбаевтың 90 жылдығы Жарқамыс ауылдық модельдік кітапханасында ғана емес, аудан, облыс, республикадағы мәдени мекемелер мен білім ошақтарында аталып өтті. Оқырман ақын-жазушының шығармаларын оқып, ұрпақтарымен кездесулер өткізіп, еске алды.
Биыл Жарқамыста туған ақын Есенбай Дүйсенбайұлының туғанына — 85 жыл. Кітапхана меңгерушісі осыған орай «Ел ақыны Есенбай» атты әдеби-сазды кеш, «Боз жусанды даланың боз жорғасы» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастыратындарын айтты.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.