Жаңа кешен іске қосылды

Кәсіпкерлік
Алғада жаңа мал сою кешені іске қосылды.
«Әсет» мал сою кешенінің ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға аудан басшылары, қала тұрғындары қатысып, жаңа іске сәттілік тіледі.
Ашылу салтанатына орай алтыбақан орнатылып, киіз үй тігілді. Қазан-ошақта көже пісіріліп, бауырсақ та таратылды. Жастар жағы ұлттық ойындарға қатысып, ақсақалдар көпшілікке ақ батасын берді.
Кешен жеке кәсіпкердің қаражатына тұрғызылған.Аудан экономикасының басым бағыты — ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы. Сондықтан«Әсет»сою кешені соңғы уақытта қолға алынған маңызды жобалардың бірі саналады. Кешеннің жалпы аумағы 1 гектардан асады, ал ірі қара, ұсақ мал тұратын бөліктері жеке-жеке қоршалған. Жалпы сыйымдылығы — 15-20 бас ірі қара, 50-60 бас қой-ешкі.
Қазір 7 адам жұмыспен қамтылып отыр, оның ішінде қасапшылар, ветеринарлық зертхана қызметкерлері, т.б. бар.
«Әсет»мал сою кешенінің басқарушысы АсқарҚалдығұлов алдағы уақытта жобаны одан әрі дамыту көзделіп отырғанын айтты.
— Болашақта кешеннің жұмысын одан әрі кеңейтіп, ірі қара малын бордақылайтын алаңашсақ дейміз. Сондай-ақ ет павильоны мен ет өңдеу цехы, шұжық шығаратын цех және жартылай дайынөнімдер әзірлейтін бөлімдерді іске қосу да жоспарда бар, — дейді.
Өз сөзінде ол сондай-ақ кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің маңызды екенін де атап өтті. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік болса, жоғарыда аталған жобаларды жылдамырақ іске асыруға жол ашылар еді.
Мадина ТӘЖІБЕКОВА,
Алға ауданы.