Жаңалықтар

Жол жөндеу уақтылы әрі сапалы орындалуы керек

Жол

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында автомобиль жолдарын салу және жөндеу мәселелері қаралды.

Биыл өңірімізде жалпы көлемі 464,1 шақырым жол жөнделеді. Бұл мақсатқа бюджеттен 59,7 млрд теңге қаржы бөлініп отыр.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, биыл 156 жоба іске асырылып,нәтижесінде жергілікті маңызы бар 245,1 шақырым жол және 218 шақырым қалалық және ауылішілік жолдар жөнделеді.

482,6 мың тонна қиыршықтас пен 92,2 мың тонна құмы бар 25 карьер тексерілді. Өңірде қуаттылығы сағатына 2,9 мың тоннаны құрайтын 28 асфальтбетон зауыты жұмыс істеп тұр. Сондықтан құрылыс материалдарының тапшылығына қатысты мәселе туындамауға тиіс,— деді Айбек Қайыр.

Оның айтуынша, 79 жобаның 63-і бойынша бүгінде мердігер ұйымдар анықталған. Тағы 16 жобаның құжаттары қабылдануда.

Қазіргі уақытта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалы Ақтөбе қаласы, сондай-ақ Алға, Байғанин, Мәртөк, Темір, Хромтау және Шалқар аудандарымен жол жұмыстарының сапасына тексеру және жол активтерінің жай-күйіне мониторинг жүргізу бойынша келісім бекіткен.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Ақтөбе филиалы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп кепілдік міндеттемелері бар тасжолдардың 69 учаскесіндезерттеу жүргізетін болады. Мониторинг нәтижелері бойынша ақаулар анықталған жағдайда оларды жауапты мердігер ұйымның жоюы үшін акт жасалады.

Жиын барысында облыс орталығындағы жолдарды жөндеу жоспары туралы Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жұлдыз Бисембин айтып берді.

Оның айтуынша, шаһарда 64 тұрғын алабы мен 711 көшебар, оның 44-і — Алматы, 20-сы Астана ауданында орналасқан. Жол жобаларын іске асыру аясында биыл 211,7 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда, оның 177 шақырымы тұрғын алаптардағы жолдарды қамтыса, 34,7 шақырымы – қалаға қарасты жолдар.

2024 жылдан бастап Ақтөбеде 14 жол жобасы іске асырылуда, оның ішінде 3 көпір, мектепке дейінгі мекемелерге апаратын 12 жол, 4 тұрғын алаптың кіреберіс жолы және тағы бірқатар жұмыс бар. Бұл жобалардың барлығы ауыспалы, жұмыстар 2025-2026 жылдары аяқталады.

Сондай-ақ аула аумақтарын абаттандыру аясында 100 ауланы асфальттауды аяқтау көзделіп отыр. Бұл мақсатқа 33,4 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ биыл 2-кезең бойынша 25 ауланы абаттандыру жұмыстары аяқталуда. 1-ші, 3-ші және 4-ші кезеңдердің аулаларын абаттандырумен айналысатын мердігерлер анықталды, ауа райы қолайлы болған кезде жұмыс басталады деп күтілуде.

Отырыста өңір басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі былтыр автомобиль жолдары саласындағы бірқатар проблеманы анықтағанын еске салды. Бұл мәселелерді шешу үшін іс-шаралар жоспары құрылып,жеке бақылауындағы жобаларды іске асыру негізінде арнайы жол картасы бекітілді.

Асхат Шахаров жауапты органдарға жолдарды жөндеу және салу жоспарлары мен мерзімдердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.

—Мердігерлер битумды, инертті материалдарды, техниканы дайындауы қажет. Ешбіріңізде кестеден кешігу болмауы керек. Барлық техникалық негіздеме мен құжаттама— орындаушылардың қолында. Әсіресе өзге өңірлерден келіп, жұмыс істеп жатқан мердігерлік ұйымдарды қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Егер жұмыстарын баяулатып, нысан уақтылы дайын болмай,келіскен талаптар орындалмаса, олармен келісім шартты бұзып, белгіленген тәртіппен лицензияларын тоқтату керек. Әкімдіктер ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, техникалық қадағалау қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, прокуратура, жол активтері сапасының ұлттық орталығы —бәрі бірігіп жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы мен сапасын бақылайды. Магистралды жолдардың құрылысы мен жөнделуіне ерекше бақылау орнату қажет. Бұзушылықта ранықталған жағдайда дербес жауапкершілік орындаушыларға жүктелмек.

Былтыр жөнделген жолдардың сапасын тексеруді де естен шығармау керек. 2024 жылы басталған жобалар мерзімінде аяқталуға тиіс. Негізсіз тексерулер болмайды деп сендіргім келеді,— деді өңір басшысы.

Биыл сондай-ақ облыста Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын күре жолының 28 шақырымдық бір бөлігі аяқталады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, жалпы ұзындығы 280 шақырымдық республикалық маңызы бар автожолдың 14 учаскесінде биыл орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Олар:Қандыағаш-Шалқар (110 шақырым), Ақтөбе-Орск (96 шақырым), Ақтөбе-Орынбор(34 шақырым),Қарабұтақ-Қостанай (40 шақырым).

Сондай-ақ Қарабұтақ-Қостанай трассасында — 3, Қобда-Батыс Қазақстан облысы шекарасы жолында бір суөткізгіш салынады. Ал Самара-Шымкент автожолының 1132 шақырымындағы Ырғыз көпірінің арнасын бекіту бойынша жұмыстар жүргізіледі.

31 наурыздан бастап күре жолдардың шұрқтесігін жөндеу басталды. Кешенді-нысаналы бағдарлама аясында 42 000 шаршы метр алаңда шұңқырларды жөндеу, сондай-ақ 800 жол белгісін орнату және ауыстыру, сигналдық және километраждық бағаналарды орнату, таңбалау, т.б. жүргізіледі.

Асхат Шахаров жұмысты күшейтуді және бағалау бойыншақанағаттанарлық жолдарды 90 пайызға жеткізуді тапсырды.

— Былтыр үлкен жұмыс атқарылды. Ақтөбе мен Қандағаш арасындағы автожолды қайта жаңарту аяқталды. Биыл халықтың жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұраған учаскелерінде қарқынды арттыру қажет. Бұл — Қандыағаш-Ембі жолы, оның ішінде былтыр еріген қар суы шайған көпір және Қобда-Батыс Қазақстан облысы шекарасы бар. Жақында Көлік министрі «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» қайта жаңарту жобасын іске асыру үшін қаражат бөлінетіні туралы жаңалықпен бөлісті. Бұл бізге тағы екі учаскеде жұмысты бастауға мүмкіндік береді. 2024 жылы құрылысты бастаған мердігердің өз учаскесінде жолды бір бағытта тапсыруы өте маңызды,— деді өңір басшысы.

Айбол Данағұлдың айтуынша, қазіргі таңда өңірде жол-құрылыс жұмыстары аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын тасжолының 791-819 шақырымдық бөлігін «Сине Мидас Строй» ЖШС қайта жаңартуға кірісті. Мердігер биыл І санатты жолдың бір жақ бөлігін толық аяқтап, көліктерге қозғалыс ашуды жоспарлап отыр. Осы учаскеге республикалық бюджеттен бөлінген қаржы мөлшері — 57 млрд теңге.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button