Әлеумет

Рамазан айындағы қайырымдылық

Ораза

Рамазан айының құрметіне облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Алмат Әлидің ұйымдастыруымен 104 отбасына 2 тонна 500 келі азық-түлік таратылды.

Қасиетті айда сауаптар 70-тен 700 есеге дейін еселенеді. Яғни бұл айда жасалған әр игі амал ерекше. Осындай жақсылықтың бірі ретінде «Рамазан сыйы» қайырымдылық шарасы облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Анвар» сауда желісінің демеушілігімен өтті.
Көмек алуға жиналғандарды облыстың бас имамы Амантай Садиев Рамазан айымен құттықтап, зекетін беріп, демеушілік жасаған жандарға игі тілегін білдірді. «Рақым айында берілген садақаның сауабы еселеп артады. Сондықтан жағдайы бар адамдар ораза кезінде зекет беруге асыққаны абзал. Алла тағала зекеті мен садақасын берген адамның өміріне береке беріп, күнәсынан тазартатындығы айтылады. Адам сол ең жақсы көрген дүниесін Алла жолында бөлісуімен де құлдығы шынайы болмақ. Біз басқа да кәсіпкер азаматтарды өз зекеті мен көмегін мұқтаж отбасылармен бөлісіп, осындай сауапты іске атсалысуға шақырамыз»,— деді облыстың бас имамы.
Көпбалалы аналар ұйымдастырушылар мен кәсіпкерлерге алғысын айтып, ақ батасын берді.
Бұдан бөлек Ақтөбеде өткен ауызашар кешінде кәсіпкер Қанат Жұмабайұлы өңірдің шалғай ауылдарындағы дін қызметкерлеріне 10 миллион теңге көлемінде зекетін табыстады. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне қолдау білдірген кәсіпкер, Мәртөк ауданының азаматы Қанат Жұмабайұлына ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады. Аталған қаражат өңірдің алыс аудан-ауылдарындағы имамдарға беріліп, аймақтағы дін саласының дамуына жұмсалады.
Қайырымдылық шаралары әлі де жалғасын табады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button