Заң мен тәртіпҚұқық

Жастар арасындағы құқықбұзушылық — қоғамдық мәселе

Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу — қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Осы мақсатта Хромтау жоғары колледжінде «Заң және талап» айлығы аясында білім алушылармен арнайы кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараға аудан прокурорының көмекшісі А.Елеусізова, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Ж.Рахметова, аудандық мәслихат төрағасы Э.Болатов, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен дін өкілдері, колледж оқушылары қатысты.

Мамандар жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, топтық төбелестер мен олардың салдары, киберқылмыс, лудомания, буллинг және есірткімен күрес тақырыптары бойынша кеңінен әңгіме өрбітті.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері құқықбұзушылықтың түрлеріне тоқталып, оның қоғамға және жеке адамға тигізер зардаптарын түсіндірді. Сондай-ақ жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі туралы кеңес беріп, кәмелетке толмағандардың жасаған қылмыстарының болашақ өмірлеріне тигізер кері әсерін атап өтті.

Кездесуде теолог Д.Бегімбетов қазіргі таңда радикалды діни ағымдардың жастарды өз қатарына тарту үшін түрлі әдістер қолданатынын атап өтті. Оның айтуынша, теріс пиғылды ұйымдар жеке сенімді бұзу, өмірлік бағдарды өзгерту және қоғамға қарсы қою мақсатында түрлі әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларды кеңінен пайдаланады.

Жиын барысында нашақорлық пен есірткі бизнесінің қаупі де назардан тыс қалмады. Сарапшылар бұл мәселемен күресудің құқықтық тетіктерін түсіндіріп, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды. Сонымен қатар қатысушыларға Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы әзірлеген «Бостандық иллюзиясы» бейнеролигі көрсетіліп, нашақорлықтың адамның өміріне тигізетін зияны нақты мысалдармен баяндалды.

Кездесу соңында колледж оқушыларын толғандырған сауалдарға құқық қорғау органдарының мамандарыжауап берді. Мұндай іс-шаралардың жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор екені айтылды.

Гүлден ӘЛИЕВА,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button