Тұтынушы нені ескеруі керек

Брифинг
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «15 наурыз — Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні: Тұтынушылардың құқықтары қалай қорғалады?» тақырыбында брифинг өтті.
«Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні» 1983 жылы 15 наурызда ресми түрде бекітілді. Дүниежүзілік тұтынушылар одағы (Consumer International, CI) 1961 жылы құрылды, ол— 100-ден астам елдерде тұтынушылардың құқықтарын қорғаумен айналысатын, 200-ден астам мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарды біріктіретін тәуелсіз коммерциялық емес ұйым. Бұл ұйым әлем бойынша тұтынушылардың мүдделерін қорғайды және қоғамдық тұтынушылар қозғалысын, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін дамытуға ықпал етеді.
Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары БағжанТілегеновтің айтуынша, Дүниежүзілік тұтынушылар ұйымы белгілі бір тақырыпты қозғау және әлемдік тұтыну мәселелерін қамту үшін әр жылы Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күнінің ұранын белгілейді.
— Биыл 15 наурыз«Тұрақты өмір салтына әділ көшу» ұранымен өтті. Бұл таңдау кездейсоқ емес, себебі қоршаған ортаның ластануы мен табиғи ресурстардың таусылу мәселелері барған сайын өзекті болып отыр. Тұрақты өмір салты дегеніміз — адам өмірінің сапасын жақсартуға ұмтыла отырып, қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға бағытталған саналы тұтыну тәсілі.
Осы жылдың өткен екі айында департамент өңір азаматтарынан 271 өтініш тіркеді. Өтініштер негізінде тұрғындардың 20,4 миллион теңгесі қайтарылды, бұл 2024жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,1 миллион теңгеге артық. Бұл сандар тұрғындардың өз құқықтарын қорғай бастағанын көрсетеді. Департамент биыл сауда және тұтынушы құқықтарының бұзушылықтарына қатысты барлығы 71 іс қозғады. Нәтижесінде бизнес субъектілеріне 59 «ескерту» түрінде әкімшілік шара алынып, 13 субъектіге 200532 теңге айыппұл салынды. Жыл басынан тұтынушы құқығын қорғау 19 сот отырысы арқылы қаралуда. Қазіргі таңда 9 сот отырысы аяқталды, оның жетеуі бойынша сот шешімі тұтынушы жағына шешілді.19760,0 мың теңге тұтынушы қаражаты қайтарылды, 579584 теңге сатушы тарапынан тұрақсыздық айыбы өтелді,— деді Бағжан Тілегенов.
Брифингке қатысып отырған «Тұтынушылар ұлттық палатасы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің президентіИслам Болатовсөйлеген сөзінде Қобда ауданындағы жаппай улану жағдайын назардан тыс қалдыра алмайтынын айтты.
— Тұтынушыларға кез келген дүкеннен сапаға сәйкестік сертификатын, яғни оның пайдалану қауіпсіздігін растайтын зертханалық зерттеулерден өту туралы құжатты сұрау қажеттігін еске саламын. Бұл — тұтынушының құқығы. Үй маңындағы дүкендердің көпшілігі тұтынушы алдындағы өз міндеттемелерін орындамайды, осылайша тұрғындар тауарларды сапа құжаттарынсыз сатып алады. Ішкі сауда субъектілерінде бақылау жүргізу кезінде біз үнемі осы проблемаға тап боламыз, мысалы, барлық түрдегі ұн өнімінен жасалғанбәліш, басқа да тәтті нандар құжатсыз сатылады, жарамдылық мерзімі, құрамы көрсетілмейді. Мұны бәрі — мектеп оқушылары да, ересектер де өміріне қауіп төндіретінін білмей, сатып алғанды ұнатады, — деді Ислам Болатов.
Елімізде тұтынушылар құқығы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң аясында қорғалады. Сонымен қатар бүгінгі таңда облыста тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттейтін 13 субъект тіркелген. Олар — қоғамдық бірлестіктер, медиаторлар және өзін-өзі реттеу субъектілері. Тұтынушылар олардың да қызметіне жүгіне алады.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.