«Салт-дәстүр — сарқылмас байлығымыз!»

«Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымы Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын ұйымшылдықпен мерекеледі.
Облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерін және «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС баспасөз клубында Көрісу күнінде «Салт-дәстүр — сарқылмас байлығымыз!» атты меркелік іс-шара өтті.
Бұл күні «Ақтөбе Медиа» баспасөз клубының кең залында қазақ халқына ғана тән ескілікті бұйымдар қойылып, киіз-төсеніштер жайылды. Ұжым қызметкерлерінің барлығы да ұлттық киім киіп келіп, жайнап-жарқырап тұрды.
Мерекелік думанда бас қосқан қалам иелерін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов құттықтап, жақсы тілегін білдірді.
— Наурыз — жаңалық пен жаңарудың, береке мен бірліктің бастауы. Көрісу күнінде Бурабайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтай жиыны өтіп жатыр. Тәуелсіз еліміздің келешегіне кемел бағдарлар белгіленіп жатқан бұл жүздесуден біздің күтеріміз көп.
Былтыр елімізде Ел Президентінің бастамасымен «Наурызнама» тұжырымдамасының онкүндігі белгіленді. Ұлтымыздың ұлы мерекесін атап өтуге арналған «Наурызнама» он күндігі облыстың әр ауданында ұйымдастырылды.Онкүндік Көрісу күні — Амал мерекесімен басталады.
Осы ретте журналистеріміздің белсенділік көрсетуі бізді қуантады. Сіздер ұлттық салт-дәстүрлерімізді басылымдар арқылы да кеңінен насихаттап келесіздер.Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен шығармашылық жетістіктер тілеймін! — деп атап көрсетті Әлібек Байнешов.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин өз сөзінде:
— Біздің журналистер қауымы «Салт-дәстүр — сарқылмас байлығымыз!» атты мерекелік-тағылымдық іс-шараны өткізуді көп уақыттан бері қолға алды. Мұнда ең алдымен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жыл басының жақсылықтар бастауы екеніне көңіл бөлеміз. Өткен Барыс жылына өкпеміз жоқ, облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығын атап өттік. Осы ретте облыс әкімі Асхат Шахаров пен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешовке ризашылығымызды білдіреміз.
Енді жаңа жылдың иесі — Жылан жылылығын сыйласын! Еліміз тыныш болсын! Әр отбасында ырыс-береке, ынтымақ болсын! Бәріңізге мықты денсаулық тілеймін,— деді. Одан соң ұжым басшысы жыл бойы тынымсыз еңбек етіп, белсенді көрінген үздік қызметкерлерді марапаттады. Үздіктер қатарында облыстық «Ақтөбе» газетінің жауапты хатшысы Динара Сангулова, газетіміздің бөлім меңгерушісі Айбек Тасқалиев, корректор Қалдыгүл Мырзатаева, жарнама бөлімінің қызметкері Зәуреш Баетова, сонымен қатар облыстық «Актюбинский вестник» газетінің беттеушісі Серік Ахметов, журналист Абат Қаратаев, корректор Елена Пантина, көлік жүргізуші Жақсылық Елеу бар. Үздіктерге Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Әдеттегідей бұл кешті де «Ақтөбе Медиа» қызметкері Азамат Жалмағамбетов әнмен әрледі. Сонымен қатар «Әдеп» тобының әншілері, қаламызға белгілі өнерпаздар домбыра, баянға қосылып, әннен шашу шашып, думанды қыздырды.
Мерекелік іс-шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатарында академик, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов, Қазақстанның құрметті энергетигі Марат Нұркеев, танымал кәсіпкерлер Қаржаубай Әліқұлов, Ғибат Қыдыралин секілді баспасөз жанашырлары, ардагер журналистер болды.
Олар облыс баспасөзінің қара шаңырағында еңбек етіп жатқан қалам иелерін Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін айтты.

Ортаға Қыдыр ата (Талғат Тілеулесов) келіп, көпшілікпен амандасып, бата беріп, жаңа жылдың берекелі, мерекелі болуын тіледі. Одан соң жиналғандарға мерекеге қатысты викториналық сұрақтар қойып, жауабын дәл тапқандарға сыйлық таратып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Наурыз дастарқаны үстіне көже қойылып, бауырсақ шашылды, мол сыбағалы ет тартылды, ақсақалдарға бас ұсынылды.Жиналған көпшілік наурызкөжеден дәм татып, мерекелік басқосу үлкендердің ақ бата беруімен аяқталды.
Өз тілшіміз.





