Жұмысшы мамандар даярлайтын оқу ордасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Президент жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау керектігін айтты. Осы орайда өндірісті өңірдегі кәсіптік білім берудің күретамырына айналған, айтулы белестерді бағындырған, кәсіби жұмысшы мамандарын даярлайтын Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінің бүгінгі жай-күйі мен жетістіктері туралы колледж директорының оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Қанат Бердіғалиевпен сұхбаттасқан едік…
Сапалы білім, заманауи шеберхана
Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінде бес мамандық, жиырма біліктілік бойынша 563 білім алушы оқып жатыр. Мұнда құрылысшы, сантехник, дәнекерлеуші, электрик мамандары даярланады. Қанат Бердіғалиевтің айтуынша, осы мамандықтар ішінде бүгінде құрылысшы, дәнекерлеу ісі мен кірпіш қалау, плитка төсеу ісімен айналысатын кәсіп иелеріне сұраныс жоғары.

— Оқу орнында 56 педагогикалық кадр, 9 өндірістік оқу шебері жұмыс жасайды. Өткен жылы колледжді 204 білім алушы аяқтап, олардың 92 пайызы жұмысқа орналастырылды. Іргелі оқу ордасында «Кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері», «Электргазбен дәнекерлеуші», «Техник-механик», «Техник құрылысшы» және басқа да жұмысшы мамандықтары оқытылады. Білім алушылар өндірістік тәжірибеден өту кезінде серіктес мекемелерде өздерінің білімін көрсетіп, жұмысқа шақырту алып жатады. Дуальды оқыту жүйесі де қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта дуальды оқыту бойынша 41 пайыз оқушы білім алып жатыр. Кәсіптік тәжірибе білім алушыға еңбек өтілі ретінде есептеледі. Бұл — теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік беретін тиімді бағдарлама, — дейді Қанат Бердіғалиев.
Оның айтуынша, оқу ордасында 2 оқу корпусы, 20 оқу кабинеті, 10 шеберхана, 10 интерактивті құрылғы, 3 компьютер класы бар. Сонымен қатар «Жас Маман» жобасы аясында 3 мамандық бойынша 4 шеберханаға қазіргі заман талабына сай құрал-жабдықтар сатып алынған. Жаңа жабдықтардың қатарында ең жаңа үлгідегі тас кескіш машиналар, дәнекерлеу посттарына арналған дәнекерлеу инверторлары мен сору жүйелері, еуропалық брендтердің плитка кескіштері, дәнекерлеу машиналары және нақты модельдерді жасауға арналған 3D принтерлер бар. Сондай-ақ колледждің оқытушылар құрамы «Қадам-life» кәсіби бағдар беру жобасы аясында қала мен облыстың барлық мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандықты дұрыс таңдаудың маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстарын ұдайы ұйымдастырады. Жоба аясында оқытушылар құрамы мен білім алушылар өз жетістіктерін көрсетіп, өңірдегі білім ордасында оқытылатын мамандықтар жайлы ақпарат береді. Аталған жоба жастардың мамандық таңдауына ықпал етеді.
— Колледжіміздің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жаңартылып келеді. Биыл 246 білім алушы сынақ тапсырып, оқуын аяқтайды. Колледж оқушылары 2014 жылдан бері «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатына қатысады. «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионаты жастар арасынан үздік жас маман иелерін анықтау мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады. Өткен жылы Астана қаласында ұйымдастырылған «WorldSkills Kazakhstan – 2024» республикалық чемпионатында 5 құзыреттілік бойынша Данил Чеботарев, Ринат Уәкілов, Виолета Ляшенко, Шыңғысхан Әбиев, Мерей Қарабатыр қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Жақында колледжішілік «WorldSkills» байқауы мәресіне жетті. Қатысушылар 14 құзыреттілік бойынша бақ сынады. Осы байқауда үздік нәтиже көрсеткен білім алушылар облыстық чемпионатқа жолдама алады, — дейді ол.
Техникалық және кәсіби білім беру — маңызды салалардың бірі. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жастарды еңбек нарығында сұраныста болатын түрлі кәсіптерді игеруге тарту, мүмкіндік жасау — маңызды іс. Білім ордасының құрылысшылар даярлауда өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан.
— Білікті де білімді мамандарды даярлап келе жатқан алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі — Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжі бірнеше өндірістік кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Мәселен, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» акционерлік қоғамы, «Фотон» құрылыс материалдар зауыты, «Нағыз бетон», «ЖБИ-35», «Стройдеталь», «Акватория», «Энергосистема» және басқа да шағын және орта бизнес кәсіпорындары — білім ордасының әлеуметтік серіктестері. Аталған облыстың ең ірі кәсіпорындары жас мамандарды тәжірибеден өткізіп, жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасауда. Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінің оқытушылар құрамы да кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын жас мамандарды даярлауға өз үлесін қосып отыр, — дейді Қанат Бердіғалиев.
Колледж мақтаныштары
Ердәулет Жәми — Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінің түлегі. Үш жыл бұрын тас қалушы мамандығын тәмамдаған. Оқу орнының қабырғасында жүріп-ақ үйірмелерге белсене қатысып, шеберлігін шыңдаған.
— Зәулім ғимараттардың кірпішін қалау — менің негізгі міндетім. Кірпіш қалаушы — ептілік пен ерекше технологияны қажет ететін кәсіп. Әр кірпіштің орнықты орналасуы мен арасына салынатын балшықтың құрамы мен мөлшерін білу маңызды. Диаметрі дәл шыққан үйдің қабырғасы мығым болады. Мамандығым өзіме ұнайды. Еңбегімнің жемісін де көріп жатырмын. Ағам да құрылысшы. Менің жұмысшы мамандығын таңдауыма ағам себепші болды. Алғашқы еңбек жолымды ағам Ырғызбек Сапарбаевтың тас қалау бригадасында бастадым. Колледж қабырғасында жүріп көптеген республикалық чемпионаттарда бақ сынадым. «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатында нәтижелі өнер көрсетіп, 2-орын иегері атандым. Бүгінде «Бес парыз» ислам орталығының кірпішін қалап жатырмыз. Нысанның ішкі қабырғаларын байланыстыру басқа, сыртқы қасбетінің өрнегін салу — өзгеше әдіс. Кәсіптік білім берудің күретамырына айналған оқу ордасында ұйымдастырылатын колледжішілік байқаулардан тысқары қалған емеспін. Үнемі колледж қабырғасында өтетін байқауларға сарапшы маман ретінде шақырту алып тұрамын. Болашақ жас мамандардың кәсіби шебеліктерін шыңдайтын байқаулардың ұдайы ұйымдастырылғанын құптаймын. Біліктілік теория жүзінде ғана емес, тәжірибе жүзінде көрсетілуге тиіс, — дейді Е.Жәми.
Ал колледж оқушысы Тимур Боранбай алда өтетін «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатына тыңғылықты дайындалып жатыр.
— Мен «Дәнекерлеу ісі» мамандығының 2-курсында оқып жатырмын. Өзім спортқа жақынмын. Бұрын бокс, күрес секцияларына қатысқанмын. Жақында колледжішілік «WorldSkills» байқауына қатысып, 3-орын иелендім. Ендігі мақсатым — республикалық додада облыс намысын қорғау. Жұмысшы мамандықтарының мемлекет тарапынан қолдау тапқанына қуаныштымын. Себебі ыстық оттың арасында жүріп, күні бойы жұмыс жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Алдағы уақытта білімімді жетілдіріп, үлкен кәсіпорындарда қызмет еткім келеді. Білікті мамандар даярлайтын Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінің мамандарына айтар алғысым шексіз, — дейді Т.Боранбай.
P.S. Бүгінде құрылыс-техникалық колледжінде жатақхана мәселесі шешімін таппай келеді. Колледж оқушылары үй жалдап тұруға мәжбүр. Ал кейбір білім алушылар Ақтөбе сервис колледжінің жатақханасына орналастырылған. Оқу ақысы тегін болғанымен, шалғай ауылдардан келген оқушылар үшін жатақхананың тұрғызылуы — кезек күттірмейтін мәселе. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында болашақ жас мамандар жатақханамен қамтылатынына сенім артады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



