Ана мен балаға қамқорлық — басты міндет

Нұрхан АҒНИЯЗОВ,
Астана аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты мақаласында еліміздің соңғы алты жылда қол жеткізген табыстары мен жүзеге асырылған реформалары жан-жақты баяндалған.
Мақалада Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде бірқатар маңызды өзгерістер мен реформалар жүзеге асқаны айқын көрсетілген.
Менің ойымша, осы реформалардың ішінде әйелдер мен балалардың құқығын қорғауды күшейту — ең маңызды бағыттардың бірі. Президенттің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты қабылдаған жаңа заңдары өте дұрыс қадам болды. Бұрын тек әкімшілік жауапкершілікке көзделген заң енді қылмыстық жауапкершілікке енгізілді. Осындай қадамдар елімізде әділдік пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосары сөзсіз.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған «Қазақстан балалары» бағдарламасы — балаларымыздың жарқын болашағын қалыптастыруға және оларды жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Бұл бағдарлама еліміздің келешегіне деген сенімділікті арттырып, балалардың білім алуына, денсаулығына және қауіпсіздігіне қамқорлықты күшейтеді.
Жалақы мөлшерінің сексен бес мың теңгеге дейінгі өсуі шамамен 2 миллион адам үшін нақты өзгерістер әкелді. Бұл азаматтардың тұрмыс сапасын арттырды.Үкімет осы бағытта белсенді жұмыс істеп, алға қойған міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерін жұмсауда.
Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің болашағы үшін жасалған барлық реформасын қолдаймын. Қазақстан өзінің әлеуетін толық іске асырып, алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жететініне сенімім мол.
Ақтөбе қаласы.