Марапат әділ берілсе…

Наурызбек САРБАСОВ,
облыстық мәслихат депутаты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында еліміздің ішкі саясатының басты бағыттарының бірі ретінде ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін дамыту, жасампаздық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдық кеселдерді жою керектігін атап өтті. Президент осы салалардағы реформалардың кемшін тұстарына назар аударып, оларды жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеуді тапсырды.
Мекемелік марапаттар тек шынайы кәсіби тұрғыда үлес қосқан, өз саласында үздік мамандарға берілуге тиіс. Ал қазіргі таңда кейбір марапаттар орынсыз таратылып, бір адам бірнеше мәрте марапатталатын жағдай жиі кездеседі. Бұл жүйенің әділдігіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан Мемлекет басшысы ұсынған мекемелік марапаттардың бірыңғай стандартын енгізу, барлық марапаттау рәсімдерін тәртіпке келтіру тапсырмасы орынды деп білемін. Бұл қадам азаматтардың марапатқа деген сенімін арттырады.
Ономастика саласында да жүргізіліп жатқан реформалар өте маңызды. «Көшелер мен елді мекендерге атау беру тарихи әділдікке негізделуге тиіс»деген пікір дұрыс. Расында біз сол арқылы халқымыздың төл тарихын, ұлтымыздың мәдени мұрасын ұлықтай аламыз. Облыстық мәслихат депутаты ретінде осы мәселелерді комиссия отырыстарында көтеріп, өз үлесімізді қосуға дайынбыз.