Автобус жүргізушісі

Кәсіптің қай түрін алсақ та қадірлі. Дөң тау-кен байыту комбинатының автокөлік және механизм цехының жүргізушісі Амангелді Мырзағұловтың көлік тізгіндеп келе жатқанына биыл — 40 жыл. Саналы ғұмырын тәртіп пен төзімге жүгендеген еңбек адамы өндіріске келгеніне разы. Кейіпкердің негізгі мамандығы — дәнекерлеуші. Алайда ағасынан үйренген көлік жүргізу дағдысын кәсібіне айналдырған.
ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинатында 15 жылға жуық автобус жүргізушісы болып келе жатқан Амангелді Абдуллаұлы көлік тізгіндеуді 1985 жылдан бастаған. Тоғыз ағайындының бесіншісі өзінің алдындағы екі ағасына қарап бой түзеп, ержетеді. Үлкенінен көлік жүргізуді үйренсе, екінші ағасының кеңесімен дәнекерлеу ісін оқып алады.
— «Ағаға қарап, іні өсер» дейді ғой. Әкеміз қайтқанда анамыз 45 жасында тоғыз баламен қалды. Ең кенжесі бесте болған. Үлкен ұлы әскерден келіп, автобазада «ЗИЛ» көлігінің жүргізушісі болды. Түскі уақытта демалуға кеткенде, оның көлігіне отырып, үй жақты бір айналып келетін едім. Кейін ағам қызығушылығымды байқап, қасына алып жүріп үйретті. Хромтауда ашылған автомектепке де осы ағамның айтуымен бардым. Міне, әлі күнге дейін сол құжат өмірлік азығым болып келе жатыр. Хромтаудағы элеваторда түрлі жұмыстар істедік. Сол кезде екінші ағамның айтуымен Алматыға оқуға түсіп, дәнекерлеу ісін оқып алдым. Біраз уақыт жеке шаруашылықта жүріп, бертін келе Дөң тау-кен байыту комбинатына келіп, автокөлік және механизм цехына қарай ойыстым. Осы жерден амандық болса, келесі жылы зейнетке шыққалы отырмын,— деді Амангелді Мырзағұлов.
Бұл кәсіпорында Мырзағұловтарды әр цехтан кездестіруге болады. Мұнда кейіпкеріміздің кезінде аға-інілері жұмыс істесе, қазір олардың балалары мен өзінің екі қызы Әсел мен Аружан да комбинаттың бөлімшелерінде еңбек етіп жүр.
— Әуелі «ПАЗиК» пен «Урал» көліктеріне отырдым. Кейін комбинат цехтарына қызмет көрсететін жедел жәрдем көлігін де жүргіздім. Біраз уақыт өткен соң цехқа әкелінген су жаңа 45 орындық автобусты тізгіндедім, — деп әңгімесін жалғады. Мерейін бір көтеріп тастаған бұл жағдайды кейіпкерім ұмытпайды әрі басшылық тарапынан өзіне артылған сенім ұзақ жылдар адал қызмет етуге шабыт сыйлағанын айтады.
Амангелді Мырзағұлов автопаркке таңғы бес жарымда келіп, алдымен автобустың май-суын тексеріп, таңғы ауысымға шығатын жұмысшылар үшін көлікті жылытып, ішін тазалап, дайындап алады. Сағат алты жарымда орнынан қозғалып, қала шетіндегі «По пути» аялдамасынан адамдарды салып алып, әрі қарай «Молодежная» шахтасына жол тартады. Ол жаққа таңғы ауысымның жұмысшыларын жеткізіп, түнгі ауысымнан шығып жатқан шахтерлерді күтіп алып кетсе, түсте қайтадан жұмысшыларды әкеліп, түнгі он екіде жұмысын аяқтаған адамдарға қайта келеді.
— Автобусқа бұрын бір рейске ең кемі 110 адам мінетін. Қазір одан азайды. Шыны керек, көліктің ішін таза ұстағанды ұнатамын. Мінген адам да соны ұқса екен деймін. Өзгеден сол нәрсені талап ету үшін өзімізден бастау қажет. Қайда болмасын адамдарға үлгі болып жүргім келеді. Жасым алпыстан асты. Жастайымнан осы қағиданы ұстанамын. Одан жаман болмадым.
Екі қызыма да ең жақсыны сыйлап, ең жақсыны үйреткім келді. Айтқым келгені, Дөң комбинаты маған көп мүмкіндік сыйлады. Біріншіден, тұрақты жұмыс орным, уақтылы табысым болғасын, тұрмысымыз да тәуір болды. Екіншіден, бұл кәсіпорын адамды тәртіпке үйретеді, жауапкершілікке баулиды. Балаларым да өз ісіне жауапты маман. Мен осымен мақтана аламын, — деді Амангелді Мырзағұлов.
Бүгінде кәсіпорын жұмысшыларды өндірістік алаңдарға жеткізу үшін жаңа технологиямен жабдықталған жайлы автобустарды көбейтіп жатыр. Олардың тізгінінде Амангелді Абдуллаұлы секілді қырағы жүргізушілер отыр. «Жұмыстан ретсіз сұрануды әдетке айналдырмаңдар» дейтін азамат цехқа келіп жатқан жастарға тәлімгерлік етіп, тәжірибесімен бөліседі.Сонымен қатар ол кәсіби мерекелерде корпоративтік наградалармен марапатталып, жан-жағына нағыз еңбек адамының үлгісін көрсетіп жүр.
Ал біз Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатының автокөлік жүргізушілерінің қым-қуыт тірлігін бір ғана Амангелді Мырзағұловтың еңбек жолымен суреттеген болдық.
Арайлым ҒАНИ,
Хромтау ауданы.