Жұмысшы мамандықтары жылы

Қолы шебер Амандық

Байғанин ауданы Ноғайты ауылындағы балабақша операторы Амандық Бірқұлақовты ауылдастары темірден түйін түйіп, ағаштан түрлі бұйымдар жасайтын шебер ретінде таниды. Жұмысшы мамандықтары жылында станоктармен жұмыс істеп, түрлі бұйым жасап жүрген ұстамен әңгімелескен едік…

Амандық Бірқұлақов 1981 жылы 16 шілдеде Байғанин ауданы Ноғайты ауылында дүниеге келген. Ағаш жонуды, темір түюді әкесі Әбдіхалықтан үйренген. Бала кезінде КСРО-ның гербіндегі бейнелерді темірден дайындап, әкесіне қолғабыс еткен. Оның бұл іске деген қызығушылығы сол кезден басталады.

Мектеп бітірген соң көлік жүргізушілігі мамандығын оқып алып, әртүрлі салада қызмет атқарған. Әкеден бойға дарыған темір ұсталығы оған құрылыс саласында да жұмыс жасауға мүмкіндік берген. Қай салада жүрсе де, Амандық қолы қалт еткенде шағын шеберханасына барып, әртүрлі бұйымдар жасайды.

Қол қайырымы бар Амандыққа ауылдастары талай рет көмек сұрай барып, шаруаларын да тындырған. Бүгінде Амандықтың бесік, үстел, орындық, киім ілгіштеріне көпшілік тарапынан сұраныс та жоғары. Кейбір от жағатын ауылдарға көсеу, қалақ сынды тұрмыстық шаруашылық бұйымдарын да әзірлеп береді екен. Бастапқыда көне құрал-саймандармен жұмыс істеген ол кейін жаңартқанын айтты.

— 2010 жылы ағаш кесетін, ағаш сүргілейтін станоктар алдым. Әкемнен үйренген бұл кәсіп кейін жақсы көріп жасайтын сүйікті ісіме айналды. 2018 жылдан бері Ноғайты балабақшасында оператор болып жұмыс істеймін. Қолөнер бұйымдары негізгі табыс көзім болмаса да, қосымша жасап жүрген жайым бар. Ауыл тұрғындары да, көршілес ауылдар да әртүрлі бұйымдарға тапсырыс беріп жатады. Әсіресе қазіргі уақытта трендке айналған дөңгелек жер үстелдер, бесіктер, киім ілгіштер сұранысқа ие. Жақында ғана Сағыз станциясына 4 үстел жасап жөнелттім. Шеберханама соқпай кетсем, ауырып қаламын, жаңа бұйым жасау — жаным қалайтын жұмыс. Бірақ негізгі табысқа айналдырып, кәсіпті кеңейтуге әзір мүмкіндік болмай жүр. «Ауыл аманаты» бағдарламасына да тапсырып көргенмін, әзірге құжаттарым өткен жоқ. Қаражат болса,кәсіпке керек станоктарым мен құралдарымды алғым келеді. Халық тарапынан сұраныс та жаман емес, жұмыстан қолым қалт еткенде шеберханамнан табыламын, —дейді кейіпкеріміз.

Балабақша операторы 1 күн жұмыста болса, екі күн шеберханасынан шықпай, түрлі бұйымдарды дайындай береді. Ауылдастары оған бірде ер-тұрманын жөндетуге, кейде шанасын дәнекерлетуге, басқа да түрлі шаруаларымен келіп тұрады. Былай қарағанда көзге көріне бермейтін жұмыс болғанымен, Амандық сияқты бір шебердің болуы ауылдастардың көп шаруасын жеңілдетеді.

Амандықтың отбасында жары, 4 баласы бар. Үлкен ұлы Арман ата мен әкенің жолын қуып, суретші болуға талаптанып жүр, жоғарғы оқу орнында оқиды. Қызы Аружан да сурет салуға, қолдан бірдеңе жасай қоюға өте епті. Ақжол мен Әлинұры да болашағынан үлкен үміт күттіріп, әке еңбекқорлығын үлгі етіп, өсіп келеді.

Президентіміз осы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп атапты. Менің ойымша, қандай іс болсын, жүрекпен сүйіп жасалса, әрі жан-жағындағы адамдардың игілігіне жұмсалса — сол бақыт. Әкемнің бойындағы ерекше қасиеттің маған дарығанын әрдайым мақтан тұтамын. Балаларым да атакәсіп — қолөнерге бет бұрса, білгенімді үйретуге тырысамын, — дейді шебер.

 Рита ХАЛЫҚҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button