Басты жаңалықтарМереке

Мереке күнгі марапат

Облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Алғыс айту күні аталып өтті.

ҚХА ғимаратында облыс басшысы Асхат Шахаровтың қатысуымен «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» мемориалды тақтасының ашылуы өтті. Ашылу салтанатына этномәдени бірлестіктердің мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық қоғамдық кеңес және ішкі саясат басқармасының қызметкерлері қатысты.Өңір басшысы ескерткіш тақтаның ашылуымен құттықтап, мерекелік іс-шара еліміздің барлық аймағында өтіп жатқанын айтты.
Бұл ескерткіш тақта еліміздегі барлық ұлт өкілдері және этномәдени бірлестіктерінің арасындағы достықты, ынтымақтастықты және бейбітшілікті дәріптейтін, біздің ортақ жетістіктеріміз бен құндылықтарымыздың символы ретінде тарихта қалатын болады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуда үлкен рөл атқарды. Ол татулық пен түсіністікті қалыптастыруда маңызды бастамалар көтеріп, елімізді жаңа биіктерге жетелеп келеді. Бұл мемориалды тақта — сол жолдағы біздің мақсатымызды айқын көрсететін маңызды қадам
,— деді А.Шахаров.
Ашылу салтанатынан соң «Алғыс елдің бәріне» атты мерекелік іс-шара өтті. Облыс әкімі Асхат Шахаров ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Хатта Ассамблеяның ұлттық бірлікті нығайтуға, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға қосқан зор үлесі жайлы айтылды.
Облыс әкімі ақтөбеліктерді атаулы күнмен және Алғыс айту күнімен құттықтап, оның мейірімділіктің, бейбітшілік пен келісімнің символы екенін тілге тиек етті.
Бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келген көктемнің шуақты мерекесі Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке — өзара тілектестікті, жанашырлықты, қамқорлықты дәріптейтін, ризашылық пен мейірімнің, бейбітшілік пен келісімнің үйлесім тапқан күні. Алғыс айту күні — қиын сәттерде бізді қолдағандарға жылы сөз айту ғана емес, сонымен бірге бейбітшілік пен келісімге деген адалдығымызды қайта дәлелдеуге мүмкіндік беретін ерекше сәт. Баршаңызға ынтымағы мен бірлігі жарасқан өңіріміздің нығаюына және өсіп-өркендеуіне, көркейюіне, тұрақты дамуына қосқан үлестеріңіз, сіңірген қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Әр отбасына амандық, бақ-береке және татулық тілеймін,— деді Асхат Шахаров.
Мерекелік іс-шарада облыс әкімі ассамблеяның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлерге Алғыс хаттар табыстады. Марапатталғандардың қатарында Хабиба Сарқұлова, Константин Цхай, Хасан Сагаев, Роза Болдагарина және Еркін Құрманбеков бар.
Сонымен қатар облыс әкімінің Алғыс хатымен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында әртүрлі салада қызмет ететін жұмысшылар марапатталды.
Іс-шара этномәдени бірлестік мүшелерінің қатысуымен мерекелік концертпен жалғасты. Концерт барысында көрермен өнердің, достық пен бірліктің нағыз көрінісіне куә болды.
Алғыс айту күніне арналған іс-шараның кезекті бөлімі «Қазақ халқына мың алғыс» стеласында өтті.
Салтанатты жиынға Ақтөбе қаласы әкімдігі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button