Білікті маман Бауыржан

Әрбір салада өз қызметін адал атқарып жүрген еңбек адамдары болады. Олар ізденісімен және қажырлы еңбегімен өндірісті ілгерілетіп, қоғамды дамытады. Солардың бірі — ұзақ жылдар бойы теміржол саласында еңбек етіп келе жатқан білікті маман, «Қамқор Локомотив» ЖШС Ақтөбе локомотив жөндеу депосы филиалының Сапа бақылау бөлімінің басшысы Бауыржан Сармантаев.
Кейіпкеріміз биыл 26 наурызда елу жастың төртеуіне толады. Еңбек өтілі — 33 жыл, оның 31 жылын теміржол саласында өткізген.
— 1992 жылы әскерден келген соң, Ақтөбе қаласындағы №10 училищеде өндіріс шебері болып жұмыс істедім. 1994 жылдан бері Ақтөбе локомотив жөндеу депосындамын. Әуелі жөндеуші, сосын шебер, аға шебер, бас технолог болдым. Жауапкершілікті сезініп, міндеттерімді сапалы орындауға тырыстым. Он жылдан бері басшылық қызметтемін, бүгінде Сапа бақылау бөлімінің басшысымын, — дейді Бауыржан Сармантаев.
Әріптестерінің айтуынша, ол өзінің еңбек жолында тәртіптілігі, техникалық сауаттылығы, еңбекқорлығы және жауапкершілігімен ерекшеленеді. Өз міндеттерін әрқашан сапалы әрі уақтылы орындайтын Бауыржан Оразалыұлы әріптестері арасында үлкен беделге ие.
Бауыржан Сармантаевтың теміржол саласындағы еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше рет марапатталды. Мысалы, 2004 жылы көлік және байланыс қызметкерлері күнінде Құрмет грамотасымен, ал 2022 жылы Қазақстанның Тәуелсіздік күнінде «Үздік маман» грамотасымен, 2023 жылы «Даңқты еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Оның еңбегіне көрсетілген жоғары баға теміржол саласына қосқан айтарлықтай үлесін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Бауыржан Сармантаевтың айтуынша, елімізде «Эволюшн» сериялытепловоздарға күрделі жөндеу жұмыстары біздің Ақтөбе локомотив жөндеу депосында ғана жасалады.
— Бұрын кеңес кезіндегі тепловоздар болды. Себебі жабдықтары америкалық, бірақ өзіміздің елде құрастырылады. Америкалық «Дженерал Электрик» компаниясымен бірігіп жасап жатқан тепловоздардың бұрынғылардан гөрі жанармай үнемдеуден, жүріс жылдамдығы жағынан артықшылықтары бар. Локомотив құрастыру зауытында құрастырылып шыққан ТЭ33А, яғни «Эволюшн» сериялы тепловоздардың кабинасы кең, ішінде бәрі автоматты түрде атқарылады. Жалпы,тепловоздардың жарамдылық мерзімі — 25 жыл, күрделі жөндеуден алғашқы 8 жылдан кейін өткізіледі. Тепловоздарға күрделі жөндеу еліміз бойында тек біздің Ақтөбе локомотив жөндеу депосында ғана жүргізіледі. Сонымен қатардеподағы ескі тепловоздардың біразын жаңартып алдық, — дейді ол.
Бауыржан Оразалыұлы жары Жанармен бірге екі ұл тәрбиелеп өсірді. Тұңғышы Әділет отбасылы, екі қызы бар. Екінші ұлыӘсет әскерден енді келген.
Әке жолын қуған Әділеттеміржол саласында жұмыс істейді. Ол — 2024 жылдан бастап «Қамқор Локомотив» ЖШС Ақтөбе локомотив жөндеу депосында ТЭ33А цехының электригі. Әділет үшін әкесі секілді теміржол саласында еңбек ету — үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Әрине, жас болған соң еңбек өтілі аз, бірақ ол әке дәстүрін жалғап, теміржол саласында өз орнын табуға барынша ұмтылады. Әділеттің басты мақсаты — әке ізімен жүріп, үлкен жетістіктерге қол жеткізу. Ол өзіне сенімді және болашағына зор үмітпен қарайды.
Бұл отбасыны теміржолшылар әулеті десе де болады. Себебі қарапайым жұмысшыдан басшыға дейін көтерілген Бауыржан Оразалыұлының баласы дадепо жұмысын меңгеріп, теміржол саласын ілгерілетуге атсалысып жүр.
Бауыржан Сармантаев — нағыз еңбек адамы. Ал еңбек адамы — ел экономикасының дамуына бірден бір үлес қосатын тәжірибелі маман.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.