195 ТОННА ҚАР ШЫҒАРДЫ

Темір ауданында «Таза Қазақстан» акциясы қыс мезгілінде де жалғасып жатыр.
Аудан орталығы — Шұбарқұдық кентінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көшелерді, автомобиль мен жаяу жүргіншілер жолдарын, қоғамдық орындар мен аулаларды, саябақтарды қар-мұздақтардан тазарту, қоқыстарды жинау жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына коммуналдық қызметкерлермен бірге, белсенді тұрғындар мен волонтерлер, барлығы 35 адам қатысты.
Аудан әкімдігі таратқан мәліметке жүгінсек, экоакция аясында каңтар-ақпан айларында 640 тонна қатты-тұрмыстық қалдық пен 195 тонна қар шығарылды.
Мұнда игі іс елді мекендегі орталық саябақта да атқарылмақ. Басты мақсат — қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау.
Ерікті жастар қысқы тазалық жұмыстарына жұмылдырылған адамдарға ыстық шай таратып, алғысын алды.
Айәли АЙБЕК.
Темір ауданы.



