Басты жаңалықтар

ЗИЯНДЫ ҚАЛДЫҚТАР ҚАЙТСЕ АЗАЯДЫ?

Экология

Былтыр облыстағы кәсіпорындар ауаға 155,54 мың тонна ластағыш заттар бөлген.

Облыстық экология департаментінің мәліметіне сай, бұл — белгіленген лимиттен төмен көрсеткіш. Бұл жөнінде жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылды. Жиынға аталған департамент басшысының орынбасары Талап Ұснадин қатысты.

Аймақта ауаға зиянды қоспалар бөлетін кәсіпорындардың қатарындағы ең ірілері — «СНПС — Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «Қазхром ТҰК» АҚ. Сөз басында келтірілген былтырғы көрсеткішке «СНПС — Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның «үлесі» — 28 пайыз (43,5 мың тонна) болса, «Қазхром ТҰК» АҚ-ның «үлесі» — 17 пайыз (26,4 мың тонна).

Өткен жылы облыстық экология департаменті 58 тексеру жүргізген. Тексерулер барысында анықталған заңнама бұзу фактілерінің саны — 446. Бұл жағдайлар бойынша заңбұзушылыққа жол берген кәсіпорындар мен мекемелерге тиісті шаралар алу жөнінде ұсыныс хаттар жіберілген. Бүгінгі күні 84 пайыз жағдайда қажетті шаралар іске асырылыпты, ал «Нұр-Тас» сауда үйі» ЖШС әзірге ұсыныстарды орындамаған.

Барлық заңбұзушылықтар бойынша 169 әкімшілік айыппұл салынып, өндірілген қаражат көлемі 3 миллиард теңгеден асқан.

Өңірдегі экологиялық проблемаларды шешу мақсатында 2024-2026 жылдарға арналған жол картасына сәйкес автоматты мониторингтеу стансаларын орнату, кәріз сорғы стансаларын жаңғырту, көгалдандыру, сондай-ақ ауаға бөлінетін зиянды заттар мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар, т.б. жоспарланған.

Мысалы, «Қазхром ТҰК» АҚ-ның Ақтөбе темір қорытпа зауытындағы 1 және 2-цехтардың газ тазалау қондырғыларын, сондай-ақ 1-цехтың балқыту пешін жаңғырту арқылы ауаға бөлінетін заттар мөлшерін едәуір азайту көзделген. Бұл жұмыстар алдағы 3-4 жылдың ішінде аяқталады деп күтіліп отыр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button