Басты жаңалықтар

БАЛА ШЕШЕН

Байқау

Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған дәстүрлі VІ республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауында Байғанин ауданындағы Қарауылкелді орта мектебінің 10-сынып оқушысы Альбина Төлеуова бас жүлдені жеңіп алды.

Алматы қаласындағы  Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында ұйымдастырылған сөз додасына еліміздің барлық облысынан 21 оқушы қатысты. Байқаудың аты айтып тұрғандай, шешендік өнер, сөйлеу шеберлігі басты назарға алынған шара ауқымды мәдени-көпшілік бағдарламаға құрылған.

Екі күнге созылған мәдени шарада әуелі хакім Абайдың ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым еттік. Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаттың директоры Жеңіскүл Темірханқызы сөз алып, қатысушыларға жылы лебізін айтты. Артынша Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі және қаланың көрікті жерлерін аралап, мұғалімдерге арнап «Тіл мәдениеті және сөйлеу шеберлігі» тақырыбындағы республикалық семинар өткізілді. Онда Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Гүлбану Махамбетова, филология ғылымдарының докторлары Серік Негимов, Гүлбану Қосымова, әуезовтанушы Мамай Ахетов, ақын Кәмнұр Тәлімұлы, тағы басқалар өз тәжірибесімен бөлісті. Ал оқушылар үшін «Ұлтын сүйген ұрпақ» әдеби-сазды кеш ұйымдастырылып, балалар Бекжан Тұрыс, Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейіс, Әсет Есжан сынды мәдениет майталмандарымен кездесті. Сондай-ақ оқушылардың шығармашылығы  топтастырылған «Ділмарлар дүбірі» кітабының таныстырылымы жасалды.

Келесі күні байқаудың негізгі кезеңі өтіп, шәкірттер түрлі тақырыптар бойынша шешендік өнерін ортаға салды. Оқушым «Тұрмағамбет Ізтілеуұлы. Сөйлеуге сөз таптым да, тыңдауға құлақ таппадым. Тәрбиелей аламын ба?» деген тақырып төңірегінде ой қозғады. Оның тақырыптан ауытқымай,  жылдам әрі сауатты һәм көркем сөйлеуі, ойын бірізді айтуы, тапқырлығы, тіл тазалығы, әуезді үні, «қазақтың ішінен қазақты іздеп жүрмін» деген сынды ұтқыр, ұтымды жауаптары көрермен мен қазылар алқасын риза етті. Ұстаздық еңбегімнің еш кетпей, жас талаптардың арасынан Альбинам бас жүлдені алғанда қатты қуандым, — дейді жеңімпаздың ұстазы, Қарауылкелді орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назгүл Мақажанова.

Бас жүлде иегеріне диплом мен 150 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табыс етілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button