БЕТ КҮТІМІ

Әжімге қарсы маска
Қыз-келіншектер сұлулық салонына бармай-ақ беттегі әжімнен құтыла алады. Ол үшін көп нәрсе қажет емес.
Бұл туралы ақтөбелік массаж маманы Бақытгүл Озғанова айтып берді. Маманның айтуынша, бетке лифтинг әсерін беретін маскаларды үйден де жасауға болады. Мәселен, картоп крахмалынан жасалған маска бет терісіне өте күшті әсер береді. Ол үшін алдымен бетке саусақтың ұшымен массаж жасау керек. Осылайша бетке қан жүгіргеннен кейін картоп крахмалынан жасалған масканы жағу керек. Ол үшін ыдысқа 2 шай қасық картоп крахмалы, бір жұмыртқаның ақуызы және жарты шай қасық табиғи бал саласыз. Оның үстіне аздаған сүт пен су қосып, араластырып, қоймалжың сұйықтық дайындайсыз.
— Массаж жасап алғаннан кейін осы масканы бетке арнайы щеткамен тегістеп, жоғары қарай бағыттап жағу керек. Осылай 25-30 минут ұстайсыз. Көздің айналасына жақпайсыз. Маска қатып, беттің терісін тарылтады. Бұл бетке лифтинг жасағандай әсер береді, яғни теріге әжім түсуден сақтайды, — дейді Бақытгүл.
Крахмалдан жасалған масканы аптасына екі рет жасаған дұрыс. Кез келген бет терісіне жасауға болады. Тек тері арулары бар қыз-келіншектерге болмайды.

Жапондық әдіс
Қай заманда да әйелдер мәңгі жас болып қалуға тырысқан. Әсіресе шығыс әйелдері сұлулықты сақтаудың түрлі тәсілін ерте заманнан-ақ білген. Мәселен, жасы елуден асса да жапон әйелдері өңін бермейді. Бұның сыры неде?
Ақтөбелік Бақытгүл Озғанова бірнеше жылдан бері қыз-келіншектердің бетіне жапондардың кобидо массажын жасайды. Маманның айтуынша, кобидо — қартаюдың алдын алатын, сұлулықты сақтайтын ең тиімді әдіс. Бұл массажды ертеде патшайымдар жасатқан көрінеді. Оларға мамандар сағаттап қызмет көрсеткен. Жастықты сақтаудың осы әдісі жапон елінде 1472 жылдан бері қолданылады екен. Ал Еуропаға XX ғасырда келген. Жапон әйелдерінің өз жасынан әлдеқайда жас болып көрінуінің бір сыры — осы. Ал массаж қалай жасалады?
— Отыз жастан асқаннан кейін әйелдің бет терісі өзгере бастайды. Ұсақ әжімдер пайда болып, бет ісінеді, салбырайды, түсі өзгереді, дақтар пайда болады. Осы кезден бастап бетке кобидо массажын жасатқан дұрыс. Бұның өзге массаждарға қарағанда өзгешелігі — бетті ұру, сипау, уқалау, шымшу арқылы жасалады, — дейді маман.
Оның айтуынша, кобидо массажы бет терісін ауыртпайды. Керісінше саусақ ұшымен жасалады. Алдымен маман бетті тазартып, дәрумендер қосылған арнайы май жағады. Кейін саусақ ұшымен, мануалды әдіспен массаж жасайды. Сондай-ақ таза нефрит тасын ыстық суға салып, қыздырып, бетке жүргізеді. Бұның да тигізер пайдасы зор екен. Кобидо массажы тері жасушалары мен тіндерінің қызметін күшейтеді.
— Тек бет емес, массаж мойынға да жасалады. Мойын бұлшық еттерін босату арқылы терінің серпімділігін күшейтеміз. Нәтижесінде қан айналып, бет терісінің түсі жасарып, ағарады. Әжімдер жазылып, тері қатаяды. Бетке жасалған массаж бүкіл денеге әсер етеді. Жүйке тынышталады, ішектің жұмысы жақсарады. Массаждың әсері бір сеанстан кейін-ақ байқалады, — дейді маман.
Әжімнен құтыла алмай жүрген әйелдер осы массажды 10 күн қатарынан алуы керек. Нәтижесінде тері ағарып, әжімдер жоғалады екен. Алайда бетіне инъекция салдырған, операция жасатқан, тері аурулары бар әйелдерге бұл массаж жасалмайды. Сондай-ақ Бақытгүл жастықты сақтаудың қарапайым үш тәсілін айтты.
— Біріншіден, кез келген қыз-келіншек күн сайын бетіне өзі массаж жасап жүргені дұрыс. Бұл тері бұлшық етін қатайтады. Екінші, ұйқыны қандырып, дұрыс тамақтану керек. Үшінші, кез келген кремді жағуға болмайды. Әсіресе арзан, қайдан шыққаны белгісіз кремдерді қолданудан аулақ болған жөн. Бұдан бетке ерте әжім түседі, — дейді маман.
Бақытгүл бет терісінен бөлек, жас ұлғайған сайын адамның қабақ терісі төмен түсетінін, терінің босайтынын айтты. Тіпті кейде бұл бұл жасқа да қарамайды екен. Отызға толмаған адамдардың да қабақ терісі салбырап, төмен түсуі мүмкін. Маман бұны көз айналасындағы бұлшық еттің құрысуынан болатынын айтады. Себебі бұлшық ет қысқарған кезде сыртқы тері босап қалады. Тағы бір себебі — лимфа жұмысының бұзылуы. Лимфа жүйесі құрысып, түйіндерге суық тисе, ол қабаққа әсер етеді екен. Сондықтан күн суықта шашты жуғаннан кейін су күйінде далаға шығуға, жалаңбас сыртта жүруге болмайды.
Бетті қалай ағартуға болады?
Қыз-келіншектер бет терісіндегі дақты кетіру үшін түрлі әдіс-тәсіл қолданады. Алайда қымбат салондарға қаржы жұмсамай, үйде отырып-ақ беттегі дақтардан құтылуға алады. Бұл туралы Anti-Age Expert, нутрициолог және қазақ әйелдеріне бет күтімі туралы кеңес беріп жүрген Гүлзада Жанбабайқызы айтып берді.
— Ол үшін көп нәрсе қажет емес. Яғни қарапайым күріштің суын пайдаланып, беттегі дақтардан құтылуға болады. Бұл қалай жасалады? Алдымен 100 грамм күрішті салқын суға үш рет жуып алу керек. Әбден тазартып жуудың қажеті жоқ. Осыдан кейін 250 мл бөтелкедегі газсыз суды құю керек. Қайнаған су құюға болмайды. Кранның суы да жарамайды. Суды құйып, 2-3 сағатқа қою қажет. Кейін жібіген күрішті ұсақтап, майдалап, 10 минуттан кейін суын бөліп алу керек. Суды шыны ыдысқа құйып, тоңазытқышта сақтайды. Бұл суды үш күнге дейін қолдануға болады. Күріштің суы қартаюдың алдын алады, әжімдерді жазып, терінің серпімділігін арттырады. Бетті ылғалдандырып, ағартады. Судың құрамында А және В тобындағы дәрумендер, аминқышқылдары, минералдар бар. Бұл қан айналымды жақсартып, теріні жасартады, — дейді маман.
Күріштің суы тері тіндерінің регенерациясын ынталандырады, қорғаныс қасиетін арттырады. Бұл сумен жуынуға, тоник ретінде қолдануға болады. Таңертең немесе кешкілік бетті күріш суымен жуып тұрса, дақтар кетеді. Шашты да жууға болады. Бұл бас терісін қоректендіреді.
Мұрын мен еріннің айналасындағы әжім
Қыз-келіншектер 30 жастан асқанда мұрын мен еріннің айналасында алғашқы әжімдер пайда бола бастайды. Кейбірулер одан құтылу үшін түрлі косметикалық екпелер салады. Ал әжімнен оңай құтылатын қарапайым әдіс бар. Anti-Age Expert, нутрициолог Гүлзада Жанбабайқызы мұрын мен еріннің айналасына қатпардың түсуі арқадағы бұлшық еттерге тікелей байланысты екенін айтты.
— Егер арқаңыз бүкірейген болса, бұлшық еттердің жағдайы нашар болса, ол міндетті түрде мұрын мен еріннің айналасындағы теріге әсер етеді. Егер осы аймаққа әжім түссе, арқадағы бұлшық еттерді шынықтыру керек, — дейді маман.
Мұрын мен еріннің айналасындағы бұлшық еттер қысқарған кезде қатпар пайда болады. Кейін бұл терең әжімге айналады. Жалпы беттегі кез келген әжім бұлшық еттің қысқаруынан пайда болады.
Гүлзада Жанбабайқызы беттегі бұлшық еттің тонусын, яғни күш-қуатын арттыратын жаттығулар жасап жүру керектігін айтады.
Бетті дайындаған Кәмшат ҚОПАЕВА.



