ӨЗ ІСІНЕ АДАЛДЫҚ

Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен — кітап, адамзат еткен — кітапхана» деген сөзі бар. Тәжірибелі кітапханашы, өз ісінің білгірі Шынар Қошанова кітапхана саласының болашағы зор екеніне сенімді.
Шынар осы салада 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. Бала күнінен кітапханаға барып, кітапты сүйіп өскен ол мектеп бітірген соң Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесіне түсті.
Кітапқа құмарлығына, бір жағынан, ата-ананың тәрбиесі де әсер етті. Әкесі Манарбек — Кострома қаласынан оқып келген зоотехник, ал анасы Мәдина педагог, ауылдағы балабақшаның меңгерушісі болып еңбек етті. Ол кезде көп отбасы әсіресе оқыған адамдар үйге газет-журналдар жаздырып алып, кітапхана жиып, ұл-қызының көзі ашық болып өсуіне қам жасайтын.
Баланың үлкені Шынар сол кездегі Ленин ауданының Херсон ауылында дүниеге келіпті. Одан соң да әкесінің қызмет бабымен орыстілді халқы басым ауылдарда тұрып, оқуға орыс мектебіне баруына тура келген.
— Мен төртінші класқа барған жылы әкемнің жұмысы бойынша Қобда ауданының Бегалы деген жеріне көшіп келдік. Бұл қазақы ауыл екен. Бегалы өзімнің туған ауылымдай болып кетті. Алайда мұнда қазақ мектебі болмағандықтан, әкем мені көрші Калиновка ауылындағы интернатқа әкеліп орналастырған еді. Мектепті сол жерден бітірдім. Осы ауылдардың арқасында екі тілге де жетік болып шықтым. Екі тілде қалаған кітабымды оқи беретін едім, — деп еске алды Шынар.
Ол училищені 1994 жылы бітіріпті. Бұл кезде Ақтөбедегі мекемелердің қай-қайсысына да екі тілді жетік білетін маман ауадай қажет еді. Бұрын өзі тәжірибеден өткен облыстық жасөспірімдер кітапханасы оны бірден жұмысқа қабылдады.
— Қолыма дипломымды алған бойда жұмысқа орналастым. Содан бері осы жерде еңбек етіп келемін. Осы жұмысыма бауыр басқаным сондай — асығып ерте келетін кездерім де көп, — деп жымиды Шынар, — Бүгін де, мысалы, бір сағат ерте келдім. Мен келгеннен кейін 15 минуттан кейін оқырмандар да жинала бастады…
Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында отыз жылдан астам уақыт тапжылмай еңбек етіп келе жатқан Шынар бұл мәдениет ошағының, жалпы осы саланың сан қилы кезеңдерден өткеніне куә. 90-жылдардың орта тұсында кітапханалардың басынан бақ тайды. Бірқатары жабылды, қызметкерлер саны қысқартылды, жалақысы қолға уақытылы тимеген соң, мамандардың көпшілігі басқа жақтан нәпақа іздеп кетті. Шынар алғашқы күннен бастап өз ісін қатты ұнатқандықтан, басқа жұмыс іздеу туралы ешқашан ойламаған да екен. Қазіргі күні ол — кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі.
— Кітапханамыз 2015 жылы заманауи үлгіде жабдықталған жаңа ғимаратқа көшті. Оқырманға өте жайлы, смарт-кеңістік, жаңа компьютерлер мен интерактивті жабдықтар, жылдам интернет бар. «Самұрық-Қазына» қоры арқылы 5 мың кітап сыйға берілген, оның ішінде әр сала бойынша оқулық кітаптар да аз емес. Оның бәрін де оқырман тегін оқи алады. Сондықтан әсіресе қаладағы оқу орындарының оқушылары мен студенттері кітапханамызға күнделікті ағылып келіп жатады. Әдеби шығармалар да жақсы оқылады. Қазақ жазушыларының ішінде Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Бердібек Соқпақбаевтардың туындылары сұранысқа ие. Әрине, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» көп оқылады. Жалпы, атымыз жасөспірімдер кітапханасы болғанымен, біз барлық жастағы тұрғындарға қызмет етеміз, — дейді Шынар.
Бүгінде Гүлнәр Сейталина басқаратын кітапханада «Зейін» белсенді оқырмандар клубы, өнер клубы, т.б. клубтар мен үйірмелер арқылы оқырмандармен байланыс жақсы жолға қойылған. Сонымен қатар іргелес Ресейдің Орынбор қаласындағы, Татарстан мен Башқұртстан республикаларындағы кітапханалармен бірлесіп, онлайн кездесулер өткізіліп тұрады. Үнемі осы іс-шаралардың ортасында жүретін кейіпкерімізді ұжымдастары жастарға әрдайым үлгі етеді.
Шынар кітапхана саласының болашағы зор екеніне сенеді. «Ғылым-білім дамыған сайын, адамзат кітаптан алыстамайды, керісінше, жақындай береді. Заманға бейімделіп, жұмысын жандандыра білсе, кітапханалар да қайнаған өмірдің ортасында қала бермек», — дейді ол.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



