Басты жаңалықтар
Ақтөбе облысында проблемалық жобалар мәселесі шешілді

Құрылысы ұзаққа созылған 13 нысанның алтауы аяқталды. Қалған 7 нысан бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жаңа мердігер ұйымдар оларды белгіленген мерзімде тапсыруға міндеттелді.
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында өңірде жүргізілетін құрылыс нысандарының жоспары талқыланды.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың мәліметінше, биыл облыста 73 нысан салынады және жалпы сомасы 61,3 млрд теңгеге 44 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Ұлттық қор мен және жергілікті бюджет қаржысы тұрғын үй және әлеуметтік нысандар салуға жұмсалады.
Басқарма басшысы әлеуметтік нысандарды пайдалану мерзімі бойынша кепілдік кемінде 7 жыл деңгейінде белгіленгенін атап өтті.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 2,1 млрд теңге бөлінді, қаржы 4 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарына бағытталды.

Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі құрылыс басқармасына Қобдадағы «Шұғыла» балабақшасын өзге нысанға көшіру мәселесін қарауды тапсырды. Өйткені ескі ғимаратта ылғал деңгейі жоғары. Бұл бойынша аймақ басшысына Қобда ауданындағы жұмыс сапары кезінде балабақша меңгерушісі ұсыныс жасаған еді.
Сондай-ақ, Асхат Шахаров құрылыстың сапасы мен барлық жобаны мерзімінде іске асыру жұмыстарын бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Біз азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қажет мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен спорт кешендері секілді әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше назар аударамыз. Себебі олар біздің балаларымыз бен аймақтың барлық тұрғындарының әл-ауқаты мен дамуына тікелей әсер ететін маңызға ие нысандар. Сондықтан олардың уақытылы тапсырылуын және жұмыстың сапалы болуын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бұл – әлеуметтік инфрақұрылымның негізі. Әрбір жобаның тиісті уақытында аяқталып, заманауи стандарттарға сай болуы маңызды», – деді облыс әкімі.



