АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС — ХАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ

Брифинг
Жыл сайын 1 наурызда әлемде Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні атап өтіледі. Атаулы датаға байланысты азаматтардың қауіпсіздігі мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару, төтенше жағдайларды болдырмау және қандай да бір жағдайда қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін дағдылау мақсатында облыста наурыз айы бойы іс-шаралар жүзеге асырылады.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Азаматтық қорғаныс айлығының басталуы туралы» тақырыбында өткен брифингте айтылды.
— Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні жыл сайын белгілі бір ұранмен өтеді. Биылғы ұран — «Азаматтық қорғаныс — халық қауіпсіздігінің кепілі».
Әрбір азамат тұратын, жұмыс істейтін, оқитын аумақта қандай төтенше жағдайлар туындауы мүмкін екенін және сондай жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуі керек. Шынында да, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың қаншалықты сәтті болатындығы халықтың дұрыс әрі жылдам әрекеттеріне байланысты. Атаулы датаға орай облысымызда халықты барынша қамтуға мүмкіндік беретін іс-шаралар жоспары бекітілді. Тақырыпқа байланысты мұндай жұмыстар наурыз айы бойы жүргізіледі, — деді брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Иса Байтұрсынов.
Оның айтуынша, барлық ауданда Ашық есік күні, семинарлар, викториналар, конкурстар, халықтың әртүрлі санатына, оның ішінде барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінде үлгілік оқу-жаттығулар мен машықтанулар өткізілетін болады.
— Айлық барысында төтенше жағдайлар департаменті мамандары Азаматтық қорғаныс мәселелерін барынша кеңінен талқылап, өңір тұрғындарының назарын түрлі қауіптерден қорғау тәсілдерін дайындаудың маңыздылығына аударуды жоспарлап отыр. Сондықтан да біз облыс тұрғындарын қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылып отырған барлық іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамыз, — деді спикер.
Департамент мамандары наурыздың алғашқы күні Ақтөбе қаласындағы «Смарт-Білім» мектебі ұжымымен бірлесіп «Төтенше жағдай қаупі төнген кезде қызметкерлер мен оқушылардың әрекеті (химиялық және өрт қаупі)» тақырыбында көрме жаттығуларын өткізбек. Сондай-ақ айлық барысында мектептерде спорттық эстафеталармен қатар, газқағар кию, зардап шеккендерді тасымалдау, алғашқы медициналық көмек көрсету, алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану сияқты өзге де іс-шаралар өткізу жоспарланған.
«Азаматтық қорғаныс саласындағы үздік мектеп» байқауы да айлық барысында ұйымдастырылып, қорытындыланады.
Арайлым НҰРБАЕВА.



