«Amanat» партиясының бастауыш ұйымдары арасында спорттық сайыс өтті

«Amanat» партиясының Ақтөбе қалалық филиалының бастауыш партия ұйымдары арасында қысқы эстафеталық жарыс өтті. Спорттық шараға 9 команда қатысып, шаңғы тебу, мергендік өнер, эстафеталық ойындар бойынша өзара сынға түсті.

Іс-шараға партияның облыстық филиалы төрағасы Ербол Данағұлов, қала әкімі Азамат Бекет, қалалық мәслихат депутаттары қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
-«Amanat» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов биылғы жылды «Бастауыш партия ұйымының жылы» ретінде жариялаған болатын. Осыған сәйкес партиялық құрылымның жұмыс тиімділігін арттыру, рөлі мен белсенділігін күшейту жұмыстары жүріп жатыр. Ал бүгінгі жарыс партияластарымыздың денсаулығын шыңдап қана қоймай, олардың бірлігін нығайтуға, спорттың бұқаралығын арттыруға сеп болары сөзсіз, – деді Ербол Данағұлов.

Қала әкімі Азамат Бекет өз сөзінде спорттың маңыздылығын айтып, салауатты өмір салтын ұстанған партия мүшелеріне алғысын білдірді. Спорттық шараның мақсаты тек жеңіске жету емес, ұжым арасындағы бірлік пен рухты нығайту, спортты дамыту екенін атап өтті.

Эстафеталық жарыс тартысты әрі қызықты өтті. Командаларын қолдауға келген жанкүйерлер де мол болды. Сайыс нәтижесінде “Білім ордасы” бастауыш ұйымы І орынды жеңіп алса, “СНПС АҚТӨБЕМҰНАЙГАЗ” бастауыш ұйымы ІІ орынға ие болды. Ал «Мәдениет» бастауыш ұйымы ІІІ орынды еншіледі. Барлық командаларға «Алғыс хат» табысталып, үздік өнер көрсеткендер марапатталды.

Айта кету керек, «Amanat» партиясы спорттың бұқаралығын арттыруға, тұрғындардың спортпен шұғылдануына ерекше назар аударып келеді. Былтыр партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Алға, Әйтеке би, Ырғыз аудандарында спорт кешендері салынды. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында балалар футбол академиясы ашылды.
Меңтай Бектұрсынова


