Мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші ескерілді

Ақтөбе қаласындағы ІІ және ІІІ топ мүгедектері инватакси қызметін жалғастыруды сұрап, “InvaPark” инклюзивті қызметтер индустриясы” ҚБ төрайымы мен облыстық мәслихат депутаттарына өтініш білдірген болатын. Депутаттар, басқарма басшылары қатысуымен осы мәселе жан-жақты талқыланып, мүмкіндігі шектеулі жандардың талап-тілегі ескерілді.

Ақтөбедегі “InvaPark” инклюзивті қызметтер индустриясы “ ҚБ 2005 жылдан бастап тірек-қимыл аппараты зақымдалған ересек азаматтарға инватакси қызметін көрсетіп, 2012 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жұмыс істеп келеді. Былтыр арнайы 33 мамандандырылған көлік қаладағы 368 мүмкіндігі шектеулі жанды тасымалдаған. Қоғамдық бірлестіктің инватакси қызметінің үйлестірушісі Марал Нұралинаның айтуынша, мемлекеттік сатып алу шартында бұл қызмет түрі тек мүгедектік арбамен қозғалатын және жеке көмекшісі бар азаматтарға ғана көрсетілетіні белгіленген болатын.

-Мен екінші топ мүгедегімін. Алайда жүріп-тұруім қиын, арнайы құралмен қозғаламын. Оны үстіне жүрегіме ота жасалған, бір сөзбен айтқанда қоғамдық көлікке міне алмаймын. Сондықтан да инватакси қызметін қажет етемін. Мен сияқты көмекке мұқтаж, бір аяғы жоқ, протез кие алмайтын, өзі саяжайда тұратын тағы бір адамды танимын. Тағдырлас 83 адам мұң-мұқтажымызды айтып, көмек сұрадық, – деді Шолпан Есенбекова.

Жан-жақты талқылау нәтижесінде Ақтөбе қаласының әкімдігімен инватакси қызметтерін алушылардың санаттары кеңейтілді. Нақтырақ айтқанда, көру қабілеті бойынша және жүріп-тұруы қиын ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар дәрігерлік-консультациялық комиссияның шешімімен инватакси қызметіне жүгіне алатын болды.

-Біз мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті өмірінде кездесетін қиындықтары дер кезінде шешілуіне қоғам болып қолдау көрсетуге дайынбыз. Мәселен, инватакси мәселесіне «AMANAT» фракциясының жетекшісі Күлпаршын Айдарханова, депутаттар – Шахан Жолдасбаев, Марат Қойлыбаев, Бижан Қалмағамбетовтер білек сыбана араласты. Сондай-ақ мәселеге жауапкершілікпен қарағаны үшін жауапты департамент басшыларына, қала әкімдігіне ризашылығымыз шексіз, – деді облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева.
Меңтай Бектұрсынова


