ГҮЛ ШОҚТАРЫН ҚОЙДЫ

Алғыс айту күніне арналған іс-шара қалалық “Қазақ халқына мың алғыс” стелласында гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты.

Салтанатты рәсімге Ақтөбе қаласы әкімдігі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және облыстық ішкі саясат пен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өтті.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин қатысушыларды мерекемен құттықтап, бұл күннің маңыздылығына тоқталды.

— Қадірлі қауым! Бүгін ерекше күн. Алғыс айту күні — бірлік пен татулықтың, ризашылық пен мейірімділіктің мерекесі.
Қазақ халқының қонақжайлылығы мен кеңпейілділігі бізді әрдайым біріктіріп келеді. Бұл мереке — біздің ынтымағымыздың, өзара түсіністігіміздің жарқын көрінісі. Баршаңызға амандық, бейбіт өмір және бақ-береке тілеймін,— деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Одан кейін облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілі, армяндардың «Урарту» қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арутюн Микаелян де өз құттықтауын жеткізді.
Салтанатты іс-шараға жиналған қала тұрғындары бұл мерекені ерекше ықыласпен қарсы алды. Олар бір-біріне алғыс білдіріп, ізгі тілектерін айтып, қуанышты сәттермен бөлісті. Көпшілік бұл күннің қоғамдағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосар үлесі зор екенін айтып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



