Жүректі жылытатын мереке

Ақтөбеліктер Алғыс айту күнін ерекше атап өтті. Іс-шара аясында «Шын жүректен» атты Алғыс керуені ұйымдастырылып, қалалық мәдениет сарайы және қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінің, «Геолог», Қурайлы, Нокин мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты. Олар Ақтөбе халықаралық әуежайы мен Орталық базар, «Анвар», «Дина» супермаркеттеріне барып, қала тұрғындарына сый-сияпат таратты.

Жиналғандар әншілермен бірге қосыла ән шырқап, көпшілікке таныс әуендерге би биледі. Тіпті рейстің келуін күтіп отырған жолаушылар өнерпаздардың өнерін ұялы телефонына түсіріп, жақындарына таратып та үлгеріп жатты.

«Қурайлы» мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Гүлден Ермұхамбетованың айтуынша, биыл Алғыс айту күні тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында ерекше форматта өткізілген.
— Кеше мәдениет үйінің артистері Тұрғындар қалашығындағы базар, «Анвар», «Дина» супермаркеттеріне барып, жанды дауыста өнер көрсетті. Банк қызметкерлерін де мерекемен құттықтап, әрқайсысына естелік сыйлықтар үлестірді. Биыл Алғыс айту күні Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен, қала тұрғындарына ішінде құттықтау хаты бар тіскебасар салынған сөмке мен магнитті күнтізбе тараттық. Әртістердің орындауындағы әндер мен шағын сыйлықтар қала тұрғындарын бейжай қалдырмай, көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны сөзсіз. Енді алдағы Наурыз мерекесінде адам көп жиналатын алаңдарда мерекелік думан ұйымдастырып, тұрғындарға бауырсақ пен наурызкөже таратамыз, — дейді ұйымдастырушы.

Гүлден Ермұхамбетова бұл іс-шараның Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылғанын айтады. Жиналғандар арасында ұлттық киім киген мәдениет үйі өнерпаздарының өнеріне ерекше риза болып, алғысын білдіргендер көп болды.

— Мен өмірлік серігімді Алматыда жолықтырдым. Осы сәтті пайдаланып бауырларым мен достарымды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңыраққа құт-береке тілеймін. Атаулы күнде адамдарға мерекелік көңіл-күй сыйлаған әншілерге ризашылығым шексіз. Әрбір адамды жылы сөзбен, әсем әнмен емдеп, алғысқа бөленудің өзі зор бақыт, — дейді әскери қызметкер Серік Әбіш.
Нұргүл АРЫНОВА.



