МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАДЫ

Қалалық мәдениет сарайы және қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінің өнерпаздары ақтөбеліктерді Алғыс айту күнімен құттықтады. Олар адам көп шоғырланатын сауда орталықтарына барып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Іс-шара «Нұрдәулет» сауда орталығынан басталды. Алғыс керуенінің өнерпаздары мерекенің маңызын түсіндіріп, көпшілікке тәтті таратты.
— «Шын жүректен» атты Алғыс керуені 28 ақпанда басталды. Ең алдымен мәдениет үйінің өнерпаздары «Білім – инновация» лицей – интернаты, «Атамекен-нан» нанкомбинаты, №2 қалалық зауыт полиция бөлімі және Жедел жәрдем станциясына барып, жұмысшыларға арнайы құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтар үлестіріп, жанды дауыста әндер шырқады. Бүгін қаламыздағы «Нұрдәулет», «Алтай» сауда орталықтары мен «Анвар» гипермаркетіне арнайы барып, тұрғындарды атаулы мерекемен құттықтап қайттық. Алғыс айту — бірлік мерекесі. Сондықтан жыл сайын бұл мерекенің маңыздылығын өскелең ұрпаққа ұғындырып, жастардың бойына ізгілік қасиеттерін сіңіргіміз келеді, — дейді қалалық мәдениет сарайының әдіскері Нұрғазиза Маратау.

Алғыс айту күнінде сауда орталықтарына жиналғандардың қарасы көп болды. Бірі азық-түлік қамымен жүрсе, бірі жақындарына сыйлық іздеп сабылып жүр.

— Алғыс айту күні жыл сайын елімізде кең көлемде атап өтіледі. Бұл мереке бірлікке үндейді. Мейрам қарсаңында қаламызда Алғыс керуенінің өтетіндігін әлеуметтік желілерден естіп білген едім. Мерекелік іс-шараға балаларымды ала келдім. Қос ұлым жергілікті өнерпаздардың өнеріне тәнті болды. Сауда орталығынан құр шықпай, жақындарыма пайдалы, әрі бағасы қолжетімді сыйлық сатып алдым. Айтулы күнде жақындарыма ізгі ниетпен сыйлық сыйлаймын, — дейді қала тұрғыны Асланбек Қабақов.
Содан соң Алғыс керуені адам көп шоғырланатын Орталық, базар, Темір жол вокзалы, Ақтөбе халықаралық әуежайы мен Жилянка тұрғын алабы, Есет батыр шағын ауданындағы ірі сауда орталықтарын жүріп өтті.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



