ҚОЛДАУ КӨРСЕТКЕНДЕРГЕ АЛҒЫС АЙТАМЫЗ

Жақында біздің мектептің оқушылары футзалдан аудандық жарыста бас жүлде иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Ақтөбе қаласында өткен облыстық білім беру ұйымдары мен жалпы білім беретін мектептердің 9-11 сынып оқушылары арасындағы ұлттық мектеп лигасында жалпы есепте №4 орта мектебінің командасы жүлделі II орынмен марапатталды.
Жарыс қорытындысында оқушылар медальдармен, Дипломмен марапатталып, командаға Кубок табысталды. Осындай жеңімпаздарды жаттықтырған жетекшілері №1 «Аула клубы» мектептен тыс мекемесінің мұғалімі Арсен Маратов, №4 орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімдері Нұржан Қобжанов, Мұхаммед Бөлеков ағайларын ерекше атап өткіміз келеді. Ұстаздар уақытпен санаспай балаларды жаттықтырып, осындай жетістіктерге жетуіне себеп болды. Жастарды жақсы іске баулып жүрген жаттықтырушыларға мың алғыс білдіреміз.
Ойыншыларымызға демеушілік жасап, балаларға доп, футбол формасын сыйға тартқан Газшылар қалашығының азаматтары мен мектебіміздің түлегі, жеке кәсіпкер Қанат Үркімбаевқа ерекше алғысымызды білдіреміз. Мектеп директоры Гүлнар Отарбайқызы да балалардың жеңісіне бейжай қарамай, жеңімпаздарды күтіп алу іс-шарасын ұйымдастыруға ұйытқы болып, облыстық жарыста топ жарған балалардың жетістігін олардың жоғары шеберлігінің көрсеткіші екенін айтып, алғысын білдірді.
«Қарғыс алма, алғыс ал» дейді. Алғыс айту күні қарсаңында мектебіміздің басшылығына, ұстаздарымыз бен ауыл тұрғындарына, демеушілік көрсеткен кәсіпкерге, жетістікке жетіп, қуанышпен оралған оқушыларымызға алғыс айтқымыз келеді.
Гүлнар ТІЛЕУБАЕВА,
№4 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
гуманитарлық ғылымдар магистрі.
Шалқар қаласы.



