Басты жаңалықтар

БҰЛ БІЛІМ БАҒДАРЫНА РИЗАМЫЗ!

Назарбаев Зияткерлік мектептері — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы білім саласындағы сәтті жобалардың бірі. Бұл білім ұялары еліміздің дарынды оқушыларын қолдауға, инновациялық білім беру әдістерін енгізуге және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті түлектерді дайындауға бағытталған.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2008 жылы қаланды. Бүгінде Қазақстанның әр өңірінде 21 осындай мектеп жұмыс істейді. Бұл мектептер жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда оқытатын инновациялық білім беру кешендері болып табылады.

Осы білім ордалары арқылы еліміздің көптеген оқушысы білім алып, жан-жақты дамыған азамат болып, болашаққа қадам басып жатыр. Осындай мектепте білім алуды Ақтілек баламыз да армандаған болатын.

Менің балам Ақтілек Аманжолов 1-сыныптан бастап білімге деген қызығушылығын танытып, сабағын жақсы оқыды. Бесінші-алтыншы сыныпқа келгенде білім алуды Назарбаев Зияткерлік мектебінде жалғастыруды мақсат қойып, өз бетімен дайындықты бастап кетті. 2022 жылы сәуір айында Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне тест тапсырып, жоғары балл жинап, мектепке қабылданған болатын.

Алғашқы күннен бастап мектеп бізге үлкен әсер қалдырды. Мектептің жабдықталуы, сыныптары,  кітапханасы, жатақханасы, спортзалы, асханасы — барлығы жоғары деңгейде жасақталған. Мектептің атмосферасы оқушыға ерекше сезім сыйлайды. Мектеп қабырғасындағы қанатты сөздер, мотивациялық ұрандар оқушының білімге деген құштарлығын арттыратындай.

Ақтілек Құлсары қаласынан келгендіктен, мектеп жанындағы жатақханадан орын берілді. Жатақхана біздің көңілімізден толықтай шықты. Жатақхана тәртібі, тәрбиеші мұғалімдердің оқушылармен байланысы, медициналық персоналдың біліктілігі — көңілге толық сенімділік ұялатады.

Мектеп баламызға өте ұнайды. Мектептің тәртібін, мұғалімдердің біліктілігін, сыныптардың заманға сай жабдықталуын ол жоғары бағалайды. Қазір Ақтілек 9-сыныпта оқиды. Білім алған жылдар ішінде көптеген қоғамдық іс-шараға белсене қатысып келеді. Жатақхана оқушылары болып тәрбиешілер ұйымдастырған бірнеше іс-шараға қатысып, қайырымдылық жобаларға да атсалысып жүр. Ақтілектің сүйіп оқитын пәні — география. Осы пәннен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Астана, Павлодар, Көкшетау қалаларында болып, география пәні бойынша білімін тереңдетіп келді. Осы жылы желілік олимпиададан жақсы нәтиже көрсетіп, республикалық олимпиадаға жолдама алды.

Баламыз туралы куратордан, мұғалімдерден, жатақхананың тәрбиеші апайларынан жақсы сөз есту — бізге, ата-анасына, ата-әжесіне, зор мақтаныш. Қазақстанның түкпір-түкпірінен білімге құштар оқушылардың жоғары деңгейде білім алуына мүмкіндік берген білім ордаларына, нақтырақ айтқанда  мектебіміздің ұстаздарына, жатақхана меңгерушісі басқарған қызметкерлеріне, соның ішінде тәрбиешілер, көмекші тәрбиешілер, медбикелер, кіші қызметкерлерге алғыс білдіреміз!

Ақтілектің қазіргі кезде алға қойған мақсаты — география пәнінен халықаралық олимпиадаға қатысу, ағылшын тілін жетік меңгеру және экономика саласындағы мамандық таңдауға дайындалу. Баламыздың білім жолындағы еңбегіне сәттілік, ақ жол тілейміз.

Осы жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына 17 жыл толады екен. Біздің мектебіміз биыл 12 жылдық белесіне көтерілмекші.

Назарбаев Зияткерлік мектептері көркейіп, жаңа белестерді бағындыра берсін. Білімді, ойлы, жаңашыл ұрпақ тәрбиелеу жолында табыс тілейміз! Оқушылардың таланты ашылып, ұстаздар еңбегінің жемісі мол болсын! Ел болашағына үлес қосатын дарынды жандар осы мектептерден түлеп ұша берсін!

 Рүстем ЖАРЕКЕНОВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button