ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ, ДӘРІС ТЫҢДАДЫ
Семинар
Жұма күні облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өңірдегі жастар ресурстық орталығының басшылары мен мамандарына арналған семинар-тренинг өтті.
Оған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы М.Ермағанбетов, «Жастар Рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Ә.Тыныштық, облыстық волонтерлер кеңесінің төрағасы Н.Жалғасбаев, облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының төрағасы Н.Шаңғытбаев қатысты.
Шарада ресурстық орталықтар мен «Жастар Рухы» жастар қанаты жетекшілерінің жұмыстары талқыланып, биылға арналған «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмыс жоспары таныстырылды. Сондай-ақ аудандарда волонтерлік қызметті жандандыру мәселесі қаралды.
Тренингте психолог Бибігүл Қалел менеджерлік шеберлік, келіссөз жүргізе білу, басшының халық алдында өз-өзін ұстауы жайында сөз қозғаса, «Umit ai» отбасылық психологиялық орталығының басшысы, психодраматерапевт Айгүл Орынбасар лудомания, буллинг, суицидтің алдын алу бойынша дәріс оқыды.
Шара соңында семинарға қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ұлттық спорт түрлерінен сайыс өткізді.
Д.АЙДАР.



