ТҮЛЕКТЕР ДИПЛОМ АЛДЫ

Жуырда Оқу-ағарту министрлігінің эксперименттік білім беру бағдарламасы аясында мектептен тыс уақытта Ойыл кәсіптік колледжінде қосымша білім алған оқушылар қолына дипломдарын алды.
Жас түлектерге бағдарлама бойынша еңбек нарығына жолдама берілді. Бұл — өңіріміздегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі маңызды оқиғалардың бірі.
Ойыл кәсіптік колледжі бұл бағдарламаны биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жүзеге асырып отыр.
Бағдарламаны бітіру кешінде колледж түлектері үлкен қошеметпен сахнаға шақырылды. Әуезіне келтіріліп ән де шырқады, мың бұралып би де биледі. Тұңғыш түлектердің қуанышына келгендер де көп болды.

Шарада аудан әкімі Асқар Қазыбаев сөз сөйлеп, оқушыларға дипломдар табыстады.
Сондай-ақ кешке арнайы шақырылған қонақтар бітіруші түлектерге ізгі тілектерін арнап, еліміздің дамуына өз үлестерін қосатын білікті маман болуларына сенім білдірді.
Колледж өмірінде белсенділік танытып, облыстық және аудандық байқауларға қатысқан оқушылар Алғыс хаттармен марапатталды. Олардың ішінде «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығының түлегі, қызыл диплом иегері Рысгүл Әжімұратова колледж атынан бітіруші түлектерге жылы лебізін жеткізді.
Кеш соңында түлектер вальс билеп, колледж ұжымына ыстық ықыластарын жеткізді.
Айта кету керек, бағдарлама аясында білім алған оқушылар ауыл шаруашылығын механикаландыру және тамақтандыруды ұйымдастыру мамандықтары бойынша оқыды.
Әділет ШАБАЙ,
Ойыл ауданы.



