МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӘКІМШІЛІК СОТЫ: 20 ЖЫЛДЫҢ ЖЕМІСІ

Сот жүйесін жетілдіру, реформалау — қоғам талабы. Кез келген даулы мәселенің түйінін тарқатып, туралығына төрелік ететін мәртебелі биліктің бір тармағы ретінде мамандандырылған әкімшілік соты құрылған. Жаңа сот жүйесі ретінде осыдан 20 жыл бұрын қызметін бастаған құрылымның жұмысы жайлы әңгіме өрбітпекпіз.

Реформа және оң өзгерістер
Еліміз егемендік алғаннан бастап жүзеге асырылған әлеуметтік және экономикалық өзгерістер сот ісін жүргізуге жол ашты. Мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретінде әділдік іздеп бұл салаға жүгінетіндер көп болды. Бірте-бірте заң күшіне еніп, реформалау жүйесі арқылы түрлі тармаққа бөліне бастады. Мәселен, құқықтық реформаларды жүзеге асыру мақсатында мамандандырылған әкімшілік сотын құрды. Бұл сот жүйесінің дамуына, құқықбұзушылықтың алдын алу және заң үстемдігін қамтамасыз етуде маңызды қадам болды. Сонымен Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 9 қыркүйегіндегі №1437 өкімімен Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік соты құрылды. Бұл қызмет өз жұмысын 2005 жылдың 14 наурызынан бастады. Жаңа сотқа алғаш төраға болып Дәмеш Әбдәлі тағайындалды. Осы салада 30 жылдан астам уақыт қызмет атқарған ардагер өзі жұмыс істеген кезеңдегі жаңашылдықтар мен сот жүйесіндегі оң өзгерістер жайында айтып берді.
— Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша аяқтадым. Кейін жас мамандарды әр облысқа бөлгенде, мені Ақтөбе қаласына жіберді. Сөйтіп, алғашқы еңбек жолымды 1984 жылы «Адвокаттар алқасында» адвокат қызметінен бастадым. 1991-1993 жылдары бұрынғы Исатай ауданында төраға қызметінде болдым. 1993-2005 жылдары облыстық сотта судья қызметін атқарып, кейін жаңа сот жүйесіне байланысты қызмет ауыстырдым. Жаңа сот жүйесі деп отырғаным — мамандандырылған әкімшілік соты. Алғаш рет осыдан 20 жыл бұрын құрылған еді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 5 наурызындағы №1526 өкімімен аталған қызметке төраға болып тағайындалдым. Жалпы, әкімшілік соттар құрылмай тұрып, әкімшілік істерді аудандық және қалалық соттардың судьялары қарастыратын. Бірақ уақыт өте келе істердің көптігі судьялардың жұмысына жүк түсірді. Қаралатын істердің сапасы төмендеп, сот процестерінің жылдамдығы да бәсеңдей бастады. Әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша істің тым көп болуының салдарынан материалдар мұқият қаралмай жатты. Сөйтіп, сот жүйесі реформаланып, мамандандырылған әкімшілік сот құрылу нәтижесінде әрбір іс нақты бағытпен қаралатын болды. Қазіргі таңда мамандандырылған соттар бірнеше салаға бөлінген. Мәселен, кәсіпкерлікке қатысты дауларды экономикалық сот қараса, қылмыстық тергеу ісіне байланысты мәселелерді тергеу соты қарайды. Ал кәмелетке толмағандарға қатысты іс — жасөспірімдер сотының құзырында. Осылайша мамандандырылған әкімшілік соттардың құрылуы сот жүйесінің сапасын арттырып қана қоймай, азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге шығарды, — дейді Д.Әбдәлі.
Ардагердің айтуынша, әкімшілік істер саны жыл сайын көбейіп барады. Бұған азаматтар арасындағы мәміленің азаюы, құқықтық сауаттылықтың жеткіліксіздігі себеп болып отыр.
— Мәселен, бұрын жаңа көрші көшіп келгенде оған «ерулік» беру дәстүрі бар еді. Ол жаңа ортаға тез сіңуіне, көршілерді танып, жақсы қарым-қатынас құруына жол ашатын. Қазіргі таңда көп қабатты тұрғын үйдің адамдары көршілерін де танымайтын жағдайға жетті. Осындай әлеуметтік өзгерістер азаматтардың бір-бірімен соттасуына алып келіп жатыр. Бүгінде қалалық сот жүйесінің жұмысы күннен-күнге күрделене түсуде. Бұған, ең алдымен, азаматтар арасындағы мәміле мәдениетінің төмендігі себеп болып отыр. Даулы мәселелерді келіссөздер арқылы шешудің орнына тараптар бірден сотқа жүгінуді жөн көреді. Бұл жағдай әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған әкімшілік соттың жұмыс жүктемесін арттырып, істердің қаралу уақытын ұзартады. Сондай-ақ өкінішке қарай елімізде азаматтар мен ұйымдар арасында мәмілеге келу дағдысы әлі де дұрыс қалыптаспаған. Көп жағдайда тараптар бір-бірімен келіссөз жүргізудің орнына сот арқылы әділдік іздеуге тырысады. Азаматтар заң аясында дауды шешудің балама жолдарын қолдануға құлықсыз. Мәселені бейбіт жолмен шешудің орнына, эмоцияға беріліп, істі күрделендіреді. Сонымен қатар өз мүддесін қорғауда ымыраға келудің орнына, қарсы тарапқа барынша қатаң жаза қолдануды қалайды. Дауды сотқа дейінгі шешудің тиімді әдісі ретінде медиацияны қолдана бермейді. Міне, осы заңдылықтар орындалмаған жағдайда іс сотқа дейін жетіп, жауаптылар саны артып отыр, — деді Дәмеш Әбдәлі.

Тура биде туған жоқ…
Дәмеш Әбдәлінің айтуынша, судья болу жүректілікті талап етеді.
— Бүгінде Ақтөбе қаласындағы мамандандырылған әкімшілік сотта әкімшілік істерді қарау сапасы біршама жақсарды. 2005-2010 жылдар аралығында сот жұмысының тиімділігі артып, бұл сот республика бойынша бірінші орынды иеленді. Істі қарау тәртібі, оған баға беру, қаулыны жазу бойынша тәжірибеміз басқа облыстарға үлгі болды. Сот алғашқы жұмысын бастаған кезде штаттық қызметкерлердің аздығы, тәжірибенің жетіспеушілігі сияқты қиындықтар болды. Бірақ уақыт өте келе бұл кедергілер еңсеріліп, сот жүйесінің сапасы жақсара түсті. Кеңсе меңгерушісі болып тағайындалған Роза Күзембаева сот жұмысын ұйымдастыруда үлкен үлес қосты. Оның жетекшілігімен сот қызметкерлері істерді мұқият қарап, әрбір іс бойынша әділ шешім шығаруға жауапкершілікпен қарады.
Осы кезеңде мамандандырылған әкімшілік сотқа жылына 36-37 мың іс түсіп отыратын. Құжаттарды мерзімінде тапсырмасақ, қатаң сөгіс алатын едік. Сондықтан түнімен қағаз, құжат толтырып, уақытпен санаспай жұмыс істедік. Сөйтіп, 2010 жылы аса ауыр қылмыстық істердің ауданаралық сотына төраға қызметіне тағайындалдым. Сол жылы сот жүйесіне жаңа реформалар енгізіліп, алқабилер соты іске қосылды. Қазақстан алқабилер соты жүйесін Франция тәжірибесіне сүйене отырып енгізді. Сол кезеңде сотталушыларға «өлім жазасы» үкімі кесілетін еді. Бұл — өте ауыр қылмыстарға берілетін үкім. Ең алғаш сол үкімді тағайындап, сот залында оқыған сәтті ешқашан ұмытпаймын. Теміржол вокзалы маңында пәтер жалға беріп, ақша айырбастау қызметін жасап, нәпақасын тауып жүрген бір әйелдің ізіне жас жігіт түседі. Бірде үйіне қайтып бара жатқан жәбірленушіні аңдып, пәтеріне дейін жасырынып барады. Есігін ашып, пәтерге беттеген жәбірленушіні атып өлтіреді. Үйіндегі барлық мүлкін, бағалы заттарын тонап кетеді. Сөйтіп, бірнеше қылмыстық іс тіркелген сотталушыға өлім жазасын кестік.
Ғимаратымыз орталықта, «Нұрдәулет» мешітінің маңында орналасқан болатын. Судья болып орнымнан тұрып, кесілген үкімді оқи бергенімде терезеден азанның дауысы қоса шықты. Сол сәтте сотталушының көзіне қарағанымда өкініш өзегін өртеп, жанары жасқа толғанын байқадым. Бұл іс судья ретіндегі алғашқы тәжірибем еді. Үкімді оқығанда даусым дірілдеп, қобалжығанымды да жасырмаймын. Пенде болғасын, әрине, біздің жүрек те ауырады. Сол тәрізді түрлі оқиғалар болды ғой. Судьяның басты міндеті сот процесінің жүргізілуінде заңнаманың бұзылмайтынына жауап береді. Ондай қызметке білімнен бөлек білік, тәртіп және мінез қажет. Әрбір заңгердің басты мақсаты, арманы — судья болу, — деген заң саласының ардагері мамандық таңдаудан жаңылмағанын, мақсатына жеткенін айтты.
Жаңа кезеңге — жаңа қадам
2021 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасының сот жүйесінде маңызды өзгеріс болды. Мамандандырылған әкімшілік сотқа енді ауданаралық ұғымы қосылды. Бұл өзгеріс құқық қорғау саласындағы тиімділікті арттырып, әкімшілік әділеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ аймақта әкімшілік құқықбұзушылықтарды қараудың тиімділігін күшейтті. Бұл қызметке алғаш төраға болып Қайыржан Алашұлы тағайындалған болатын. 2024 жылдың 29 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Президентінің №607 Жарлығымен Ақтөбе қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы қызметіне Ерұлан Жеткерген келді.
— Ақтөбе қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жыл сайын он мыңдаған істі қарайды. Мәселен, әкімшілік сотта қаралатын істердің басым бөлігі: жол-көлік оқиғалары, азаматтар арасындағы даулар, отбасылық және алимент даулары, еңбек даулары. 2023 жылы бір ғана жол-көлік оқиғасына қатысты 4400 іс қаралса, 2024 жылы 4600 іс қаралды. Бұрын істің шешімі ретінде көлік басқару құралдарынан айыру және айыппұл төлеу шешімі шығатын еді. Қазір тек айыппұл салынатын болды. Сондай-ақ 2025 жылдың 10 қаңтарында айыпталушыны қоғамдық жұмысқа тарту жазасы күшіне енді. Себебі бізде 5-10 пайыз айыпталушы өз кінәсін мойындамайды. Бұл жазадан босатылатын арнайы санаттағы азаматтар бар. Мәселен, кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, І-ІІ топ мүгедектері, зейнетке шыққан адамдар мен шетел азаматтарына тағайындалмайды, — дейді Е.Жеткерген.
P.S. Биыл Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында сот көптеген өзгерісті бастан өткерді, тәжірибе жинады және өз миссиясын атқарды. Халқымыз «Әділ бидің елін дау араламайды» деп бекер айтпаса керек. Сот жүйесінің ашықтығы, әділеттілігі және кәсібилігі — құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі. Сондықтан болашақта да мамандандырылған әкімшілік соттар халыққа қызмет етіп, заңның үстемдігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқара береді.
Айдана АЛТЫБАЕВА.



