ҚАСИЕТТІ АЙДАҒЫ ҚАЙЫРЛЫ ІСТЕР

1 наурыз күні қасиетті рамазан айы басталады. Мұсылман жұрты ауыз бекіткен осы мезгілде өңірде нендей шаралардың атқарылатыны туралы облыстың бас имамынан білген едік…
— Рамазан — рухани тазарып, қайырымдылыққа үлес қосатын, иманын бекемдейтін мереке. Береке мен мейірімнің, сабыр мен сауаптың кезеңі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі түркі мемлекеттері ұйымына қарасты мүфтилер алқасы жанындағы пәтуа кеңесімен ақылдаса келе және ғылыми-зерттеулер нәтижесін ескеріп, биылғы Рамазан айы 1 наурызда басталады деп бекітті. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн — қасиетті Қадір түні. 30 наурыз күні Ораза айт мерекесі тойланады.
Биыл пітір мөлшері 655 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс және қала өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.
Підия (фидия) мөлшері — бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері — 3520 теңге. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді, — дейді облыстың бас имамы Амантай Садиев.
Рамазан айына ғана тән құлшылық — тарауих намазы оразаға бір күн қалғанда, яғни 28 ақпанда басталады.
ҚМДБ жоспарына сәйкес қасиетті айда мешіт ауласынан ауызашар өткізетін орындар дайындау, «Рамазан нұр шашқан ай» айдарымен мешіттерді безендіру, қоғамдық орындарға, көшелерге «Ораза қабыл болсын!», «Рамазан айы құтты болсын!» деген атаумен баннерлер, плакаттар ілу, жамағаттың жағдайын ескере отырып, хатыммен тарауық оқылатын мешіттер мен хатымсыз тарауық оқылатын мешіттерді және иғтиқафқа қалуға рұқсат берілетін мешіттер бекіту ісі қолға алынған. Сондай-ақ көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, т.б санаттағы отбасыларға қайырымдылық жасалмақ.
— Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп бекіткені мәлім. Соның аясында «Дін мен дәстүр», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту», «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағыттары бойынша ораза кезінде ерекше жобалар мен түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Инстаграм әлеуметтік желісінің тікелей эфирі арқылы ақтөбелік имамдар «30 күнге — 30 уағыз» айдарымен Рамазан айына қатысты уағыз-насихат, күнделікті тарауих намазы алдында сол күні оқылатын Құран Кәрім аяттары аясында уағыздар жүргізеді. Облыс бойынша мешіттерде ауызашар дастарқандары жайылып, дін мен дәстүр аясында уағыздар айтылады.
Діни басқарманың төл телеарнасы — республикалық «Мұнара» арнасында «Рамазан — ізгілік айы» атты жаңа бағдарлама жарық көреді. Аталған бағдарламаға Ақтөбе өкілдігінен қасиетті айдың ұлықтығын насихатауда сұхбаттар түсіріліп, эфирден беріледі. Сілтеме: https://youtube.com/@munaratv.
Жамағат пен тұрғындардың Рамазан айына байланысты сұрақтарына жауап беру мақсатында арнайы call-орталық іске қосылып, сағат 10.00-18.00 аралығында 8-7132-774348 телефон нөмірі арқылы имамдар мен ұстаздар оразаға қатысты кез келген сауалдарға жауап береді. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен @MuftyatBot telegram-боты жұмыс істейді, — дейді облыстың бас имамы Амантай Садиев.
Дін өкілі әр адам өзіне қажетті облыс, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6 мың елді мекен) ораза және намаз кестесін PDF-форматта muftyat.kz сайтынан мына сілтеме арқылы жүктеп ала алатынын атап өтті: www.muftyat.kz/kk/page/web/ramadan/
Ұстаған оразаңыз қабыл болсын!

РАМАЗАН — ІЗГІЛІККЕ АПАРАР ЖОЛ
Қадірлі отандастар және ақтөбеліктер!
Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік. Сіздерді он екі айдың сұлтаны — қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Кемелдік айы — бүкіл әлемдегі мұсылман қауым үшін рухани жаңару мен жаңғыру кезеңі.
Рамазан айы — береке мен мейірімнің, сабыр мен сауаптың сабақтасқан уақыты. Осы ай мұқтаж жандарды қолдап, қайырымдылыққа үлес қосатын, иманын бекемдейтін мереке.
Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді.
ҚМДБ 2025 жылды – «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп бекітті. Отбасы құндылығын сақтауда жүректегі ізгілік аса маңызды. Құран Кәрімде жүз алпысқа жуық аятта ізгілік туралы айтылған. Ал осы ізгілікке бастайтын теңдесіз ай — Рамазан айы. Біз оразамызды ұстау арқылы өзімізді күндіз тек ішіп-жеуден шектеп қана қоймай, рухтың азығы, тәннің шипасына кез боламыз. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі, яғни ізгілікке апарар жол.
Рамазан айына орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасына жеңілдік жасау, құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысу, қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну, күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген үндеу жасады. Осы үндеуге баршамыз бір үйдің баласындай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», үн қоссақ деймін.
Құдси хадисте «Алла Тағала: Ораза — тек Мен үшін, оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» — деген. Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Алла Тағаланың разылығына бөленуге асығайық!
Рамазан — Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл — Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Ұлық айда баршамыздың ізгі ниетіміз, тұтқан оразамыз, оқыған тарауық намазымыз қабыл болғай! Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта берсін!
Отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін! Еңселі еліміздің болашағы жарқын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Амантай САДИЕВ, облыстың бас имамы
Бетті дайындаған Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Биыл пітір садақа мөлшері 655 теңге болып белгіленді.



