Басты жаңалықтар

АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ: ДОСТЫҚ ПЕН БІРЛІК ЖЕМІСІ

1 наурызда Қазақстан Республикасында еліміздегі мерекелер арасында өзінің мәні жағынан ең адамгершілік биік тұғырдағы — қазақ халқына Алғыс айту күні аталып өтіледі.

Қазақстан — сан алуан халықтың бейбіт тіршілік етуінің бірегей тарихын қалыптастырған ел. ХХ ғасырдың ауыр кезеңдерінде қазақ елі қоныс аударушылар мен депортацияға ұшыраған халықтарды бауырына басып, олармен алдындағы асын, қоныс-жайын бөлісті, қиналып келген жандарға мейірім шуағын төкті.

Сондықтан 1 наурызда елімізде ерекше мереке — бірлікті нығайтуға, ризашылық білдіруге және халықтар достығының маңыздылығын білдіруге арналған Алғыс айту күні атап өтіледі. Бұл мереке әрбір қазақстандыққа мейірімділіктің, қолдаудың және бір-бірінің тарихына құрмет көрсетудің маңыздылығын еске салады.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының алты мың адамдық ұжымы үшін бұл күн ерекше мәнге ие.

Компания ірі халықаралық корпорацияның бөлігі бола отырып, әртүрлі ұлттардың мамандарын біріктіріп, өзара сыйластық, серіктестік және бірлескен жетістік ахуалын қалыптастырады. Кәсіпорын қызметкерлері Қазақстанның және шетелдердің түкпір-түкпірінен келеді, бірақ олардың барлығын біріктіретін бір мақсат — мұнай саласын дамыту және елдің экономикалық өркендеуіне өз үлесін қосу.

Біз компания қызметкерлерімен бұл мерекенің олар үшін нені білдіретінін және мұнайшылар ұжымындағы халықтардың бірлігі қалай көрінетінін білу үшін сөйлестік. Қызықты факт: басқа ұлттардың өкілдері болғанына қарамастан, олардың барлығы қазақ тілін жақсы біледі.

 «Қазақстан екінші үйіме айналды»

«Кеңқияқмұнай» мұнайгаз өндіру басқармасы бас инженерінің орынбасары Гэ Баоянь Қазақстанға бұдан жиырма жыл бұрын келген. Ол оған дейін Ресеймен шекаралас орналасқан алып елдің солтүстік-шығысында орналасқан, Қытайдағы алып компаниялардың бірі — Дацин мұнайгаз кен орнында ұзақ уақыт маман болып еңбек еткен. Демек, оны сол кездің өзінде өз ісінің білгірі, нағыз кәсіби маман деп есептеуге болады.

— 2005 жылы Қытай ұлттық мұнайгаз корпорациясы (CNPC) шетелдік жобаларды дамытумен байланысты мұнайгаз саласында халықаралық ынтымақтастық үшін үздік мамандарды іріктеп алды, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамына мен осылайша келдім, — дейді Гэ Баоянь.

Қытайлық маман компаниядағы достық ахуалына байланысты жаңа ортаға тез үйренісіп кетеді.

— Қазақстан жерін алғаш көргенімде мен еркіндік пен тыныштықты байқататын кең, жазық даланы байқадым. Ең бастысы — адамдардың ақжарқындығы. Әріптестерім жұмыстағы мәселелерден бастап, жергілікті салт-дәстүрлермен танысуға дейін көмегін көрсетті. Біз қиын сәттерде бір-бірімізді қолдап, мерекелерді де бірге атап келеміз, — деп ой бөлісті Гэ Баоянь.

Ол қазақ елінің қонақжайлылығын ерекше бағалайды. Осы орайда қытайлық телевидениенің журналистерімен болған мына жайды күліп отырып баяндады. «Біздің осындағы әріптестеріміз түсіру тобын үйлеріне шақырып, өздерінің салт-дәстүрлері туралы әңгімелеп, ұлттық тағамдармен қонақ еткені бар-ды. Сонда қазақтардың шынайы жүрек жылуын айрықша сезінгенім есімнен кетпейді», — дейді ол.

Оның пікірінше, Алғыс айту күні халықтардың бірлігі мен өзара көмек-қолдауы қаншалықты маңызды екенін еске салады.

— Бұл мереке мейірімділік пен достықтың көрінісі іспетті. Қазақстан мен үшін екінші үйім сияқты, ал ұжымымыз отбасым іспетті. Мен бұл елге жұмыс істеп, дамуға және оның баянды болашағы үшін қызмет етуге мүмкіндік бергені үшін алғысымды айтамын», — дейді ол.

Ольга Горбунова: қолдау мен достық сезіміне тәнтімін

«Кеңқияқмұнай» мұнайгаз өндіру басқармасы әкімшілігінің архивариусы Ольга Горбунова Кеңқияқ поселкесінде туып-өсті. Ол қазақ тілін жақсы біледі, бұның өзі жұмыста және дос-жолдастарымен, көршілермен қарым-қатынаста көм көмегін тигізеді.

Оның тағдыры Қазақстан жерімен тығыз байланысты, сондықтан да ол үшін Алғыс айту күні — бәрінен бұрын өз өмірінің маңызды сәттерін еске түсіруге мүмкіндік береді. Ольганы қазақ халқымен достық және көршілік қана емес, туыстық байланыстар да жақындастыра түседі.

— 2008 жылы анам өмірден өтті де, мен туған апамның жанына келдім. Оның күйеуі қазақ болатын, ол алғашқы күннен мені қызым деп кетті. Сөйтіп, осы отбасының бір мүшесіне айналдым. Бұл жағдай мені өте қатты тебірентті, осылайша мен қазақ халқының кеңпейілділігін, қиналған адамға қол ұшын беруге даяр тұратын қасиеттерін көзіммен көрдім, — дейді Ольга.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамында еңбек ете жүріп ол өзін үлкен көпұлтты отбасының бір мүшесіндей сезінеді. Ол өзінің қазақ достарымен бірге мерекелерді қуана атап өтеді, жұмыс жайын талқылайды, болашақ жоспарларын да бірге ойласып, құрады.

— Алғыс айту күні — бұл жай ғана мереке емес, әріптестерге, достарға, жақын адамдарға мейірімі мен қолдауы үшін жылы лебізіңді, жүрек сөзіңді жеткізу мүмкіндігі, — деп түйіндеді ойын Ольга.

Дәстүр және ұрпақтар сабақтастығы

Келісімшарттарды орындауды бақылау бөлімінің бастығы Ирина Картаманова «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамында 1992 жылдан бері еңбек етеді.

Мұнайгаз саласындағы қызмет баспалдағын ол инженер-эколог лауазымынан бастады. Ал қазіргі уақытта оның жауапкершілігінде компанияның заң қызметінің салмақты жүгі бар. Ирина қазақ қонақжайлылығының дәстүрлері көп ретте өзі үшін Корея еліндегі ата-бабаларының салт-ұстанымдарын еске салатынын айтады. 1937 жылы оның отбасы Қазақстанға депортацияланған. Мұнда жергілікті тұрғындар құшақ жая және түсіністікпен қарсы алыпты.

— Мен бала кезімнен біздерге қазақтардың көп көмек көрсеткені туралы ата-анамның әңгімелерін естіп өстім. Олар алдымызға дастарқанын жайып, тамақтарын бөлісті, мекенжайларын берді, жаңа жерге бейімделуімізге жағдай жасады. Мұндай жағдайлар, ең алдымен, менің ата-анамның көкірегінде өшпес алғыс сезімін қалдырғанын атап өтуге тиіспін, — дейді ол.

Иринаның өзі қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, үлкен де тату-тәтті отбасының бір мүшесіне айналды. Осы жылдар ішінде ол екі халықтың салт-дәстүрлерін үйлестіріп, шаңырақ шаттығын көбейтуге үлес қосып келеді.

— Қазақтар мен кәрістердің көптеген мәдени өмір ұқсастықтары байқалады. Мұны мен қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, жаңаша өмір бастаған кезімде айқын сезіндім. Екі жақтың да салт-дәстүрінде ата-ананы құрметтеу, үлкендерді үлгі тұтып, отбасылық құндылықтарды сақтау реттеріне ерекше мән беріледі. Сондай-ақ ата-баба рухына тағзым ету де біз үшін маңызды, — дейді Ирина.

Оның пікірінше, Қазақстанның ұлттық бірлігі әрбір халықтың мәдениетіне құрметпен қараудан да көрініс табады. Ол қазақтардың отбасылық құндылықтары, бірін-бірін қолдап, ата-бабадан жалғасқан салт-дәстүрлерді берік сақтауы туралы мақтаныш сезімімен айтады.

Алғыс пен бірлік

Өндірістік-техникалық қызмет көрсету және құрал-жабдықтарды жасақтау басқармасында бөлімнің жетекші экономисі Зура Саламбекқызы Сайдулаева Темір ауданындағы Шұбарқұдық кәсіпшілігі поселкесінде дүниеге келген. Оның әулеті, міне, төртінші буынымен қазақ жерінде тұрып жатыр.

— Біздің үлкен атамызды сонау қырқыншы жылдары Шешен елінен Қазақстанға қоныстандырған. Ал анамыздың туыстары сол уақыттың өзінде осында тұрған екен. Осылайша ұрпақтар жалғастығын тауып, біздің тағдырымыз Қазақстан жерінде тұрақтады. Бұл мекенді енді біз өзіміздің Отанымыз деп санаймыз, — деп әңгімесін жүйеледі Зура.

Зура Сайдулаеваның отбасылық әулеті жетпіс жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның мұнайгаз саласында даңқты дәстүрлерін жалғастырып келеді.

Сондықтан да ол үшін мамандық таңдаудың өзіндік жолы бар екеніне таңғалуға болмайды.

— «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамында еңбек ету — мен үшін жай ғана мамандық емес, саналы таңдау деп ұғынамын. Мұнда тамаша ұжым қалыптасқан, біз ұлтымызға қарамастан бір үйдің балаларындаймыз, бір-бірімізді әрдайым қолдап жүреміз, отбасымыздың және өз республикамыздың игілігі үшін еңбек етіп, биіктерге ұмтылып келеміз, — дейді Зура Сайдулаева.

Басқа да көптеген тұстастары секілді, оның отбасы да депортациялаудың күрделі кезеңін бастан өткерді. Сол кездегі қатаң сынақтарға қарамастан, қазақ халқы оларға көмек қолдарын созды.

— Қазақстандықтар өздерінің жағдайларына қарамастан, бізбен қолдарындағы соңғы игіліктеріне дейін бөлісті. Осындай адамгершілік, қайырымдылық пен ізгілікті істер біздің қоғамымыздың түпқазығына айналды. Алғыс айту күні біздің бір-біріміздің тарихымызға құрметпен қарап, бірлігіміздің маңыздылығы туралы еске салады, — дейді Зура.

Халықтар достығы компания жетістігінің кепілі

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ әртүрлі ұлт өкілдерінің арасында достық тінін бекітуге бағытталған көптеген шара өткізеді. Олардың арасында жыл сайын ұйымдастырылатын ұлттық мәдени фестивальдер бар. Мұнда қызметкерлер өз халықтарының салт-дәстүрлерімен бөліседі, ұлттық дәмдерін дайындап, көпшілік алдында киімдерін көрсетеді, халықтық билерін орындайды. Сондай-ақ спорттық турнирлер тұрақты өткізіліп тұрады, онда командалар әртүрлі бөлімдерден және бірнеше ұлттардан жасақталады, мұның өзі ұжымның ұйымдаса түсуіне негіз қалайды.

Бұдан басқа барлық халықтардың өкілдері қатысатын қайырымдылық акцияларын белсенді түрде қолдап отырады. Бұл — балалар үйіне көмек, экологиялық бастамалар, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларды қолдауға арналған әлеуметтік жобалар секілді шаралар.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ — ірі мұнай өндіруші компания ғана емес, сонымен бірге әртүрлі мәдениет пен салт-дәстүрдің адамдары иық қағыса жүріп еңбек ететін көпұлтты ұжымның нағыз үлгісі.

Құрмет, ынтымақтастық, өзара көмек корпоративтік мәдениеттің негізінде осы принциптер алынған.

Ұжымның бірлігі мен экономикалық жетістіктері арасындағы үйлесім бүгінде айқын көрініс тапқан.

Әртүрлі ұлт өкілдерінен тұратын қызметкерлер арасындағы өзара түсіністік пен әріптестік өндірістік міндеттерді оңтайлы шешіп, инновацияны енгізуге, өндіріс тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде компанияның өсуіне, еңбек жағдайларының жақсарып, ұжым қызметкерлерінің игіліктері молаюына жол ашады.

Алғыс айту күні біздің әрқайсысымызға бір-бірімізге құрмет көрсетудің, мейірімділік пен өзара көмектің маңыздылығын ұғындыра түседі.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамында бұл мереке алғыс айту сөздерімен ғана атап өтілмейді, сонымен қатар нақты істермен — әріптестердің қолдауымен, ұжым туралы қамқорлықпен, барлық қызметкер үшін қолайлы жағдайлар жасаумен бекітіле түседі.

«Біз бірге жұмыс істеп, бірге дамимыз, болашағымызды да бірге құрамыз — біздің күшіміздің өзі де осында», — дейді компанияның қызметкерлері. Бұл жай ғана ұран емес, кәсіпорынның және жалпы алғанда қоғамның да табысты дамуының негізі болып табылады.

Антон ПЕРЕЖОГИН,

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жөніндегі жетекші маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button