Басты жаңалықтар

 КОЛЛЕДЖДЕР — ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАР ҰСТАХАНАСЫ

 «Жұмысшы мамандықтар жылы»

Техникалық және кәсіби білім беру — еліміздегі білім саласындағы маңызды салалардың бірі. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жұмысшы мамандықтардың рөлін көтере отырып, жастарды еңбек нарығында сұраныста болатын түрлі кәсіптерді игеруге тарту, мүмкіндік жасау маңызды.

Атаулы жыл аясында апта басында ұйымдастырылған кәсіби ашық алаң осы сықылды бірнеше мақсат-міндетті көздеді. Газетіміздің өткен санында кәсіби ашық алаң туралы аз ғана мағлұмат берген едік. Өңірдегі техникалық және кәсіби білім берудің ерекшеліктері, әлеуметтік серіктестіктің артықшылықтары, біздің білім алушыларымыздың жетістіктері жөнінде толығырақ жазуды жөн көрдік.

Ауыл шаруашылығына жас мамандар қажет

 Көрмеге облыстағы 40 колледж бен олардың әлеуметтік серіктестері, 21 кәсіпорын өкілдері қатысты. Сонымен бірге қаладағы барлық мектептің 9-сынып оқушылары шақырылды. Ашық кәсіби алаңда колледждердің үздік тәжірибелері ұсынылып, өңір кәсіпорындары мен оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері көрсетілді.

Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық техникалық колледжі, Ойыл  кәсіптік колледжі және  Қобда көпсалалы колледжі — облыстағы ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлап отырған білім ордалары. Кәсіби ашық алаңда аталған оқу орындары жастарды ауылшаруашылық мамандықтарына қызықтыру мақсатында Агрономия, Ауыл шаруашылығын механикаландыру, Ветеринария және Жерге орналастыру мамандықтары бойынша қажетті құрал-жабдықтарды тәжірибе жүзінде қалай пайдалануға болатынын көрсетті.

Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық техникалық колледжі директорының орынбасары Жұлдыз Баймұқашеваның айтуынша, келушілерге агроном сумкасы, электронды тахеометр, электронды рулетка, спутниктік GPS қабылдағыш, нивелир, УЗИ аппараты, дюар ыдысы, овоскоп, қой қырқуға арналған машинка, қойдың буаздығын анықтауға арналған Draminski құралы, сауын аппараты, чип сканер секілді құралдар көрсетіліп, колледждің тәжірибелік алаңдарында, жылыжайда өсірілген көкөністер мен жемістерден дайындалған өнімдер көрмесі көрсетілді.

—  Бүгінде колледжде 12 мамандық бойынша 863 оқушы күндізгі бөлімде, 266 оқушы сырттай оқу бөлімінде оқып жатыр. Былтырғы түлектеріміздің 80 пайызы жұмыспен қамтылды. Соның ішінде дуальдық оқыту жүйесімен оқыған 113 түлек тәжірибе өткен кәсіпорындарда тұрақты жұмыспен қамтылды. Биыл дуальды оқыту жүйесі арқылы 309  білім алушы қамтылып отыр. Осы оқу жылында кәсіпорындардың өтінімі бойынша мақсатты оқыту түрінде агрономия және ветеринария мамандықтары бойынша екі топ қабылданды. Мақсатты оқыту түрінің негізгі міндеті — мекемелердің өтінімдері бойынша кадрларды кәсіпорындардың нақты қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін сұранысқа ие білікті кадрларды нысаналы даярлау. Бұл топтардағы білім алушылар колледж бітірген соң оқуға бағыттаған мекемелеріне барып, жұмысқа орналасады, — дейді ол.

Әлеуметтік серіктестік — жастар үйренетін кәсіби орта

 Колледж білім алушыларына кәсіби құзыреттерді меңгерту үшін 40-тан астам мекемелермен әлеуметтік серіктестік ретінде келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Білім алушылар облыс аумағындағы ірі-ұсақ аграрлық кәсіпорындарда дуальды оқыту және кәсіптік тәжірибеден өтеді. Мәселен, жастар «Степное», «Евразия Групп Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Зәру» шаруа қожалығында тәжірибе жинайды.

— Біздің кәсіпорын Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжімен бірнеше жылдан бері әлеуметтік серіктес болып келеді. Жыл сайын колледждің «ветеринария» мамандығы бойынша білім алушылары дуальдық оқыту жүйесі бойынша біздің марал шаруашылығымызда кәсіптік тәжірибеден өтеді. Тәжірибе уақытында білім алушылар өз мамандықтары бойынша екпе жасау, ветеринариялық қызметтер көрсету түрлерін үйренеді. 2023 жылы дуальды оқыту жүйесі арқылы білім алған колледж түлегі Мереке Аманқосов біздің шаруашылықта ветеринарлық фельдшер қызметін атқарып жүр. Ол оқушының еңбегін ескеріп, барлық жағдайын жасауға тырыстық, яғни үй салып беріп, ата-анасын қолына көшіріп алуына жағдай жасадық. Қазіргі таңда Мереке колледж білім алушыларын өзі тәжірибеден өткізіп, мамандыққа баулып келеді, — дейді колледждің ветеринария мамандығы бойынша әлеуметтік серіктесі «Зәру» ШҚ директоры Бану Тілегенова.

Ауыл шаруашылығы колледжінің әлеуметтік серіктестіктерінің бірі — «Степное» ЖШС басшысы Аманғос Төлеуовтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы бұрын жас мамандарға зәру еді, бүгінде көзқарас өзгеріп, жастар осы салаға көбірек бет бұра бастады.

— Осыдан бірнеше жылдай уақыт бұрын жұмысшы мамандықтары туралы осындай деңгейде айтылмайтын еді. Президенттің бастауымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» жарияланып, іргелі жұмыстар қолға алынып жатыр. Техникалық және кәсіби білім беру саласында дуальды оқыту жүйесі, әлеуметтік серіктестік пайда болды. Біздің кәсіпорын он жылдан бері ауыл шаруашылығы колледжінің әлеуметтік серіктесі ретінде қызмет етіп келеді.

«Степное» серіктестігі үлкен шаруашылық. Біздің шаруашылыққа жыл сайын ветеринария, зоотехника ісі, механикаландыру мамандықтарында оқитын 20 шақты білім алушы келеді. Олар дуальды оқыту жүйесі арқылы білім алады, тәжірибеден өтеді. Жастарға тәжірибелі мамандар жетекшілік етіп, өз саласы бойынша білуге тиіс дағдыларды үйретеді. Білім алушыларға еңбекақысы төленеді. Жалпы, колледжбен әлеуметтік серіктестік аясында балалар үйренсін деп 10-20 бастай қой, ірі қара, жылқы беремін, жем-шөбін де береміз. Колледждің индустриалды кеңесі де бар, мен соның төрағасымын. Біздікі — ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жүрген жастар үйренсін, осы салада еңбек етуге келсін деген ниет, — дейді Аманғос Төлеуов.

Аманғос Төлеуовтің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында ақсап тұрған істердің бірі — цифрлық технологиялардың тиісті деңгейде енгізілмеуі. Кешегі өткен іс-шарада ауыл шаруашылығы колледждері аталған салада пайдалы болар түрлі жаңашылдықтарды көрсетті.

— Цифрлық технология енгізілмесе, соны мамандар игермесе, ел дамымайды. Міне, колледждер ұжымдары түрлі цифрлық технологияларды көрсетіп жатыр. Соларды ауыл шаруашылығы саласына енгізу керек. Алдағы уақытта біздің шаруашылыққа да цифрлық технология енгізілмек, сол үшін осы жаңа құралдардың тілін білетін мамандар қажеттілігі артады. Қазір колледждер сондай жастарды жақсы оқытып жатыр, — дейді А.Төлеуов.

Жас құрылысшылар мен технологтар да өндірісте жүр

 Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінде алты мамандық, он бір біліктілік бойынша 568 оқушы білім алып жатыр. Жұмысшы мамандықтары қатарында сантехник, дәнекерлеуші, электрик мамандары даярланады.

Аталған білім ордасының директоры Гүлден Өтежанқызының айтуынша, осы мамандықтар ішінде бүгінде дәнекерлеу ісі мен кірпіш қалау, кафель төсеу ісімен айналысатын кәсіп иелеріне сұраныс жоғары.

— Аталған көрмеге арнайы шақырылған 9-сынып оқушыларының көпшілігі осы үш мамандыққа қатты қызығушылық білдірді. Сонымен бірге соңғы үлгідегі әрлеу жұмыстарын жүргізу, декоративті сәндеу жұмыстарына қатысты да қызығушылықпен сұрақтар қойып жатты. Бұл іс-шара болашақ мектеп түлектеріне жақсы кәсіптік бағдар береді деп ойлаймын.

Өткен оқу жылында біздің колледждің түлектерінің 87 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Мысалы, дәнекерлеу ісі бағыты бойынша оқығандардың барлығы дерлік жұмысқа орналасты. Балалар өндірістік тәжірибеден өту кезінде серіктес мекемелерде өздерінің білімін көрсетіп, жұмысқа шақырту алып жатады. Дуальды оқыту жүйесі де қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта үшінші және төртінші курс оқушылары осы жүйе бойынша білім алуда. Бұл — теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік беретін тиімді бағдарлама, — дейді Гүлден Өтежанқызы.

Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінің әлеуметтік серіктесі «Нағыз Бетон» компаниясының өкілдері де көрмеге келушілерді өз өнімдерімен таныстырды. Аталған компанияның зертхана басшысы Кенжегүл Төлепбаеваның айтуынша, оқу орнымен әлеуметтік серіктестік былтырдан бастап жолға қойылған.

— Биылдан бастап колледж оқушылары өндіріске іс-тәжірибеден өтуге келеді. Жастар өте ұқыпты, жауапкершілігі жоғары, өз міндетіне байыппен қарайды.

Әзірге оқуын толық аяқтап, жұмысқа орналасқандар жоқ, себебі әлеуметтік серіктестік жұмысы енді ғана жолға қойылды. Біздің зертханада қазіргі таңда екі қыз бала тәжірибеден өтіп жатыр. Сонымен бірге арматура цехына дәнекерлеушілер жіберіледі. Басқа цехтарда да оқушылар тәжірибе жинақтап жүр. Бұл жастарға өндіріспен танысуға, кәсіби дағдыларды арттыруға септігін тигізеді, — дейді ол.

Зертханада іс тәжірибесінен өтіп жүрген аталған колледж білім алушысы

Дильназ Ізбағанбет бетон қиындыларын құю, оны сақтау әдістері, бетонның құрамын, оның беріктігін есептеу секілді әдістерді үйреніп жатқанын айтады.

Ал Ақтөбе өнеркәсіп-технологиялық колледжінің оқушысы Есімжан Жәкентай бүгінде Car.Style компаниясында тәжірибеден өтіп жүр екен. 18 жастағы жас жігіт қазірден өз кәсібін терең меңгеріп қана қоймай, онысына жалақы да алады екен.

— Екінші курс оқушысымын. Оқуды бітіргеннен кейін осы жерге тұрақты жұмысқа орналасуды жоспарлап отырмын. Қазіргі таңда айлығым тұрақты төленіп отырады. Car.Style компаниясында негізінен операторлық қызмет атқарамын, тігінші ретінде де қосымша жұмыс істеймін. Дуальды білім беру бағдарламасы арқылы осы компанияға ауыстым. Мұнда шынайы өндірістік тәжірибе алып жатырмын, көлік қаптамалары мен былғарыдан жасалған материалдарды кесу сияқты жұмыстармен айналысамын, — дейді ол.

Аталған компанияның менеджері Абылай Қартбайұлының айуынша, мекеме колледжбен екі жылдан бері әлеуметтік серіктестік орнатыпты. Бүгінде компания онлайн тапсырыстар алып, еліміздің барлық облысындағы клиенттеріне сапалы бұйым ұсынып отыр. Бұл сапалы бұйымдарда өңірдегі Есімжан секілді жас оқушылардың да еңбегі бар. Компания болашақта колледждің басқа да жастарын тәжірибеге тартуға мүдделі.

Колледжде жасалған гуманоид робот

Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғарғы колледжінің дауыс арқылы басқарылатын гуманоид роботы мен ит-роботы көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Бұл роботтарды қонақүй саласында, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсету және іздестіру-құтқару операцияларында қолдануға болады екен. Еуропалық жоғары колледжінің оқытушысы Артем Хайруллин білім ордасында  робототехника саласында жұмыс жүргізеді. Оқушылармен бірге әртүрлі роботтарды құрастырып, оларды түрлі мақсаттарға бейімдеуде табысты еңбек етіп жүрген ұстаз былай дейді:

— Қазір біздің команда гуманоид және ит-роботтармен жұмыс істеп жатыр. Бұл роботтар қазіргі уақытта әлеуметтік функцияларды орындады. Мысалы, көрмеде олар адамдармен амандасып, қарапайым тапсырмаларды орындай алады. Бұл роботтарды басқа салаларда қолдану мүмкіндігі бар. Мәселен, егер полиция департаменті сұраныс білдірсе, роботтарды толық қайта бағдарламалап, олардың функцияларын өзгертеміз. Мысалы, ит-робот іздестіру жұмыстарында қолданылуы мүмкін, ол күдікті адамды қууға, іздеуге қабілетті. Қазір көрме режимінде роботтың жылдамдығы сағатына 3-4 шақырым шамасында болса, қажет жағдайда жылдамдығын арттыруға болады. Сонымен қатар бұл роботтың камерасы мен радары бар, олар айналаны сканерлеуге және нысандарды анықтауға мүмкіндік береді.

А.Хайруллиннің айтуынша, мұндай гуманоид роботтар әлемнің көптеген елінде пайдаланылады.

— Біз роботтарға оператор арқылы немесе дауыс командалары арқылы басқару мүмкіндігін қосамыз. Оларға нейрондық желілер енгізілген, сондықтан дауыстық командаларды түсінеді. Ит-роботтың мүмкіндіктері көп. Ол 25 келі тартады. Егер қажет болса, оны адамды ұстап алатындай етіп бағдарламалауға болады. Қазіргі кезде робот іздеуді, қуу мен қарапайым әрекеттерді орындайды. Бүгінгі таңда бізде бір ғана ит-робот бар, оны әзірге тестілеуден өткізіп жатырмыз. Бұрын тек кабинеттерде сынақтан өткен болса, қазір көпшілік алдында сынап көруді қолға алдық. Болашақта роботтарды пайдалануға қатысты ішкі істер департаментімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, — А.Хайруллин.

Аталған колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жұмагүл Серікбайқызының айтуынша, бүгінде білім ордасы «Somputer and Educational Service», «Еңбек және қауіпсіздік» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен және Ақтөбе облысы полиция департаментімен әлеуметтік серіктестік орнатқан.

— «Somputer and Educational Service» серіктестігімен шамамен төрт жылдан бері ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз. Осы уақыт ішінде оқушыларымыз сол жерде өндірістік және дипломалды тәжірибеден өтті. Сонымен қатар әлеуметтік серіктесіміз үш түлекті өз компаниясына тұрақты жұмысқа алды. Қазіргі уақытта осы жерде сегіз оқушымыз тәжірибеден өтіп жатыр.

Сәуір айында тағы төрт-бес топтың оқушылары тәжірибеге бармақ.

Біздің тағы бір әлеуметтік серіктесіміз — «Еңбек және қауіпсіздік» мекемесімен екі жылдан бері байланыс орнаттық. Осы уақыт аралығында 10-нан астам  оқушы осы кәсіпорында тәжірибеден өтті.

Сонымен қатар екі жылдан бері әлеуметтік серіктестік орнатқан облыстық полиция департаментінде де 70-тен астам оқушымыз іс тәжірибеден өтті, — дейді ол.

«Жайсаңның» түлектері далада қалмайды

Кәсіби ашық алаңда «Жайсаң» көпсалалы колледжінің көрмесін де көрдік. Аталған колледж директоры Нұржан Әшімовтың айтуынша, қазір мұнда 220-ға жуық оқушы алты мамандық бойынша білім алып жатыр. Солардың ішінде ерекше білімді қажет ететін тоғыз оқушы бар, оларға барынша қолдау көрсетіледі екен.

— Біздің колледжде құрылысшы, тігінші, аспаз, тракторшы, аудит пен есеп мамандықтары бойынша оқыту жүргізіледі. Балалар көбіне 9-сыныптан кейін келіп білім алады. Бұл мамандықтардың барлығы нарықта сұранысқа ие. Түлектерді 100 пайыз жұмысқа орналастыруға кепілдік бар. Балалар жатақханада тегін тұрады, шәкіртақы да тағайындалады. Әсіресе ерекше білімді қажет ететін оқушылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар мемлекет қамқорлығын сезінеді. Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы — оқушыларға кәсіби бағыт беріп, жаңа мүмкіндіктер ашуға үлкен септігін тигізіп отыр. Оқушыларымыз таңдаған мамандығын жақсы меңгеріп, болашағына сеніммен қарайды деп ойлаймын, — дейді Нұржан Әшімов.

Басқа колледждер де көрме барысында өз жетістіктерін көрсетті. Мәселен, Қобда көпсалалы колледжі жиһаз жасауға арналған ағаш өңдеу бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, қатысушыларға токарьлық дағдыларын сынап көруге мүмкіндік берді. Шалқар көпсалалы колледжі оқушыларды жүнмен сурет салу және киіз бұйымдарын жасау техникасымен таныстырды. Көрмеде ерекше білім беру қажеттілігі бар жастарға арналған сирек кездесетін мамандықтар мен кәсіптерге ерекше назар аударылды. Кәсіпорын өкілдері колледждер және оқушыларымен үшжақты келісімдер жасасу мүмкіндігін талқылап, бұл түлектердің жұмысқа орналасуын жеңілдетуге жол ашты.

 Жәрмеңкеде 174 адам жұмыс тапты

Кәсіби ашық алаң аясында Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі мен Ақтөбе автожол колледжі бірқатар мекемелермен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасады. Әлеуметтік серіктестер қатарында «Somputer and Educational Service» ЖШС, «Еңбек және қауіпсіздік» ЖШС, Ақтөбе облысы полиция департаменті бар.

Сонымен қатар «КазЭлектроСтрой» ЖШС, «Алекс АСУ» ЖШС, «Мұнай Реал-Экспресс» ЖШС мекемелерімен, «Ali Avtogas Center» жеке кәсіпкерлігімен меморандумға қол қойылды.  Бұл келісімдер оқушылардың тәжірибеден өтуіне, кәсіби дағдыларын дамытуына және болашақта тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ алаң аясында жұмыссыз азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараның мақсаты — жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту, жұмысшы мамандықтарын насихаттау және сұранысқа ие мамандықтарға қоғамның назарын аудару.

Жәрмеңкеге өндірістік және қызмет көрсету саласындағы 15 кәсіпорын қатысып, инженер, өндіріс технологы, жүргізуші, жүк тиеуші, кассир-сатушы, экономист, қойма меңгерушісі, токарь, электрик, газ дәнекерлеуші секілді 132 бос жұмыс орнын ұсынды.  Жәрмеңке нәтижесінде 286 жұмыс іздеуші азамат жұмыс берушілермен жолығып, 174 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Оның ішінде 33 адам — пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар, 113-і — борышкерлер. Еңбек мобильдігі орталығының өкілдерінің айтуынша, бұл іс-шара жұмыссыздықтың алдын алуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды бастама болды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button