Басты жаңалықтар

Ет неге қымбаттады?

Елімізде ет бағасы қымбаттады. Әсіресе сиыр еті жыл басынан бері 2,7 пайызға өскен. Баға барлық өңірде көтерілген. Қазір сиыр мен жылқы етін арзанға табу қиын. Сауда комитетінің мәліметіне сүйенсек, өңірлердегі сиыр етінің орташа бағасы — 2652 теңге. Сарапшылар «ет бағасы әлі де көтерілуі мүмкін» дейді. Себебі соңғы кезде жергілікті шаруалардың өніміне сырттан сұраныс артқан. Баға неге құбылды? Өңірде арзан етті қайдан алуға болады? Базардағы баға қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік…

Базардың бәсі

Соңғы бір аптада еліміз бойынша ет бағасының көтерілгені байқалды. Мәселен, Жезқазған, Өскемен, Көкшетау қалаларында еттің бағасы төрт пайызға қымбаттап, ірі қара етінің келісі үш мыңнан асып кеткен. Ал Ақтөбедегі баға қандай? Жұртшылық жиі баратын «Табыс» коммуналдық базарына бардық.  Әдетте тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын ет павилонының аумағында  адам қарасы сейілген. Себебіжыл басынан бері еттің бағасы өскен.Мәселен, сиыр еті 2500-3000 мың теңге аралығында, жылқы еті 3500 теңгеден асады. Қазы-қарта мен жал-жаяның бағасы тіпті «ұшып» тұр. Ең арзаны — қой еті. Келісі  2200-2400 теңге аралығында саудаланып жатыр. Ал түйенің еті жоқтың қасы. Он жылдан бері базарда ет сататын Роза Қожаева соңғы кезде алушылардың қатары сирегенін айтады.

Жаңа жылдан бастап еттің бағасы өсті. Өйткені биыл сырттан ет келіп жатқан жоқ. Жылда  Ресейден, Белоруссия елдерінен  және  Қостанайдан ет келетін. Сол кезде еттің бағасы арзан болатын. Ал қазір біз жеке қожалықтардан алып сатамыз. Олар да арзанға өткізгісі келмейді. Мәселен, етті келісін 2500 теңгеден алсақ, оны 2600-2800 теңге аралығында ғана сатамыз. Себебі ет бірден өтіп кететін тауар емес. Тұрып қалса, салмағын жоғалтады. Сондықтан қымбат баға қоймауға тырысамыз. Ет бағасы өскеннен бері алушылардың да саны азайды, — дейді Роза Қожаева.

Сатушылардың барлығы «қымбатшылыққа біздің қатысымыз жоқ» деп отыр.  Өнімге артық үстемеақы қоса алмайтынын айтады. «Көретін пайдамыз тиын-тебен» дейді.

Аты-жөнін айтудан бас тартқан сатушы келіншек соңғы екі күнде бар болғаны 5 келі ет сатқанын айтады.

— Шыны керек, еттің бағасы көтерілгеннен бері алушылардың қарасы азайып кетті. Көпшілігі малдың семіздігіне емес, арзандығына мән береді. Баға тек біздің облыста емес, ел бойынша өсіп жатыр. Жеке шаруа қожалықтары Өзбекстанға өткізіп жатыр дегенді естідік. Өткен аптада тіпті базарға ет келген жоқ, — дейді.

Бір дерек

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, былтыр елімізде 430 тонна ірі қара еті өндірілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға артық.  Сондай-ақ осы бағытты дамыту мақсатында мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған. Яғни мемлекеттік қолдаудың көлемі — жыл сайын шамамен   40,0 миллиард теңге. Бұдан бөлек мал шаруашылығына қатысты жобаларға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиелер беріледі. Министрліктің мәліметінше, ет өндіру көлемі артқанмен, мал саны азаймаған. Сондай-ақ  экспорт көлемі де артқан. Қазақстан бұл өнімді көбіне Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне жібереді. Дәл осы жағдай бағаның көтерілуіне әсер етіп отыр.

Баға бақылауда ма?

«Табыс» коммуналдық базары директорының орынбасары Едіге Жалғаспаевтың айтуынша, жергілікті әкімдік бағаны тұрақты ұстап тұру үшін бар мүмкіндікті жасап жатыр.  Мәселен, жергілікті әкімдік пен кейбір ірі  шаруа қожалықтары арасында келісімшарт жасалған. Соның негізінде шаруалар әкелген ет келісі 1800 теңгеден сатылады. Яғни бұл әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үлкен жеңілдік екені анық.

Баға базар әкімшілігінің тұрақты бақылауында. Негізі, өнім облыс аудандарынан келеді. Еттің сапасына қатысты тұрғындар тарапынан шағым болған емес. Барлығы санитарлық талапқа сай жүргізіледі. Ет зертханада тексеруден өтеді. Сатып алушылардың әрқайсысының сөресіне QR-код қойылған. Мұнда инспектор, ветеринарлық дәрігердің тексерісі, өнімнің қайдан және қашан әкелінгені, малдың кімге тиесілі екені туралы ақпарат жазылған. QR-код күн сайын таңертең тексерістен кейін жаңартылып отырады. Кез келген адам еттің сапасына күмәнмен қарайтын болса, осы код арқылы барлық ақпаратты білуіне болады. Бұндай әдіс былтыр қолға алынды. Айтқым келгені, сатып алушылар үшін өнімге қатысты ақпарат әрдайым ашық, — деді Едіге Жалғаспаев.

Сондай-ақ базар әкімшілігі бағаны тұрақтандыру үшін тұрақты түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп тұратынын айтты. Өткен жылы 10 тамыздан 28 желтоқсан аралығында сенбі сайын жәрмеңке өткізілген.

— Жәрмеңкенің арқасында еттің бағасы тұрақты болды. Мәселен, сиыр еті 2200 теңгеден, ал жылқы еті 2500 теңгеден сатылды. Биыл да осындай іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы сенбі күні алғашқы жәрмеңке өтеді. Бұл 31мамырға дейін жалғасады. Яғни тұрғындар әр сенбі жәрмеңкеден тиімді бағада өнім алуына болады. Тек ет емес, дәмді әрі сапалы сүт өнімдерін қолжетімді бағада ала алады. Облыстағы 12 ауданнан шаруашылықтар келеді. Олар «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қолға алған өнімдерін төмен бағада сатуға шығарады, — деді Едіге Жалғаспаев.

ТҰТЫНУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Баға шарықтаса да, ет жемесе көңілі тыншымайтын жұртшылық «амал жоқ сатып алып жатырмыз» дейді. Базарға ет алуға келген тұрғындармен тілдестік.

Мұрат МАЙҚОЖАЕВ, қала тұрғыны:

Бүгін жиырма келі ет алайын деп базарға келгенмін. Бағаны көріп, ойланып қалдым, қымбаттап кетіпті. Тапқан табысыңмен салыстыруға келмейді. Етті сырттан алып жатқан жоқпыз. Өзіміздің жергілікті шаруалардың өнімі. Басқаның құнын шарықтатсақ та, еттің бағасын тұрақты ұстап тұруға болар еді. Үйдегі бала-шағаға майлы сорпа ішсін дейсің. Бірақ баға қалтамызға сай болмай тұр.

Амантай АЙМАҒАМБЕТОВ, қала тұрғыны:

Қай жерге барсаң да, баға осындай. Мал бағатын адамдарды да түсінуге болады. Өзім де ауылда төрт түлік ұстадым. Ала жаздай тер төгіп баққан малды арзанға өткізгің келмейді. Себебі мал бағу оңай емес. Оның жем-шөбі бар. Қазір шөп те қымбат. Сондықтан еттің бағасы аса қымбат емес.

Мираш АҚБАЕВА, қала тұрғыны:

— Жылқының еті қымбат. Кей жерде 3900 теңге деп тұр. Ал сиырдың еті шамаға соғады. Өзім соғымға қосатын семіз ет іздеп жүрмін. Арығы да, семізі де бар екен. Балам екеуміз қалтамызға қарай алып жүрміз. Қазір енді қыстың соңғы айы, малдың да азаятын уақыты ғой. Тым қымбат деп айта алмаймын. Қазіргі заманда мал бағу да оңай шаруа емес.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button