Уақытпен санаспайтын жұмысшы

Темір ауданына қарасты Тасқопа ауылдық округіндегі Теректі мектеп-балабақшасының шаруашылық жұмыстарын бес саусағындай білетін Альберт Жақасов — ұжымдағы орны бөлек қызметкерлердің бірі. Өйткені ол аталған білім мекемесінің су-кәріз және жылу жүйелеріне жауап беретін еңбек адамы.
Биыл мерейлі 60 жасқа толатын жігіт ағасы бір жерде 26 жылдан бері санитарлық техника жөніндегі маман қызметін атқарып келеді. Қажет кезде дәнекерлеуші, ағаш шебері де болатын Альберт:
— Ақтөбе ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдадым. Мамандығым бойынша бірнеше жыл автомеханик болып та жұмыс істедім. 1999 жылдан бері Теректі мектеп-балабақшасының сантехнигімін. Бұл жерде су құбырына қатысты жұмыстарға, жылыту қазандығына жауап беремін. Одан басқа ағаш кесу, басқа да ұсақ-түйек шаруаларды атқара беремін. Бір жерден ақау шықса, уақытқа қарамаймын, осы ғимараттың шаруашылығы тоқтап қалмауы үшін барымды саламын, — дейді.
Өз ісіне тиянақты жұмысшының ұстанымы — «Еңбек түбі — береке».Оның айтуынша, кез келген істі шынайы ынтамен атқарсаң, көп ұзамай жемісін көресің.
Әңгіме арасында былтыр алғаш рет кәсіподақ ұйымының қолдауымен Сарыағаш қаласындағы шипажайда демалып келгенін айтқан ол: «Жұмысшы мамандықтары жылында жалақымыз өссе деген тілегім бар. Өйткені әлеуметтік жағдай бәрібір адамның көңіл күйіне әсер етеді. Негізі,сантехник болған адам ешқашан жұмыссыз қалмайды. Сондықтан жастарды жұмыстан қашпауға, қосымша кәсіп ретінде бұл саланы да игеруге шақырамын», — деп ой бөлісті.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.