Пікір

Ұлттық бірегейлікті сақтау маңызды

Мақпал ЖАЗЫҚОВА,
Педагогика ғылымдарының кандидаты,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік университетінің доценті.

Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтті. Мемлекет басшысының ұсынысымен 2022 жылы құрылған Ұлттық құрылтайдың қазіргі уақытта жалпыхалықтық деңгейге көтеріліп, алты алаштың басын қосатын пікір алаңы болғанына куә болып отырмыз. Президент кезекті жиында ұлттық бірегейлігімізді сақтаудың маңызды факторы — тарих ғылымын дамыту екендігін айтты.
— Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын, — деген Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлікті сақтап, тарихи мұраларымызды зерделеуге баса назар аударды.
Мен үшін Ұлттық құрылтайдың қозғалған білім беру саласындағы реформаларды жетілдіру, жоғары оқу орындары мен өңірлік ғылым орталықтарын дамыту және ғылым академиясының жұмысын жандандыру мәселелеріне қатысты айтылған пікірлердің маңызы ерекше. Жоғары оқу орнында көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан педагог-ғалым ретінде аталмыш мәселелердің көтерілуі маңызды деп есептеймін. Әсіресе бүгінгі жаһандану заманында ұрпақтар сабақтастығын сақтап, қазақ тілін заманауи ғылым тіліне айналдырып, терминдерді біріздендіру жөнінде айтылған ұсыныстарды толық қолдаймын.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы жаңа құжатты әзірлеуге қазірден бастап кірісу қажеттігін баса айтты. Қ.Жұбанов атындағы университет қабырғасында «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру және құмар ойын мен нашақорлықтың алдын алу мақсатында жастармен бірге көптеген іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Заңсыз құмар ойындарының қауіпті салдарының бірі — психикалық тәуелділік. Жалпы құмар ойын отбасының құлдырауына әкеледі. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, құмар ойын мен ескірткіден бойымызды алшақ ұстайық.
Жалпы бұған дейін Құрылтай мінбесінде көтерілген көптеген мәселелер өз шешімін тауып, соның нәтижесінде бірқатар заң қабылданғаны белгілі. Сондықтан Ұлттық Құрылтайдың қоғамда қордаланған әртүрлі мәселелерді шешу алаңы ретіндегі рөлін жоғары бағалай отырып, алдағы уақытта да мұнда қаралатын тақырыптар аясы кеңейе түседі деген сенімдемін.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button