Металл сүргілейтін маман

«Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек — қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ халыққа арнаған Жолдауынан.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жөндеу-механикалық цехының металл сүргілеушісі Сәулет Дәнекеров өндіріс саласында 37 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 1987 жылы жоғарыда аталған кәсіпорынның табалдырығын аттаған еңбек адамының металға қатысты танымы терең, тәжірибесі зор.
Ақтөбе қаржы-экономикалық колледжінің техник-технолог мамандығы бойынша түлегі қолына дипломын алған бойда осы зауытқа жұмысқа орналасады. Еңбек жолын №1 балқыту цехында ұсақтаушы ретінде бастап, кейіннен бұрғылаушы мамандығына ауысқан оның бұл салаға қызығушылығын 40 жыл механик болған ағасы Қайрат оятқан. Ағасының жолын қуған кейіпкеріміз бұл туралы:
— Зауытта отбасылық династияның мүшесі болғаныма қуанамын. Ағам да көрген-білгенін айтып, өз тәжірибесімен бөлісіп отырады.
Бүгінге дейін бірнеше қызметті атқардым. Қазіргі таңда қашауыш және тісті қашауыш білдектермен, басқа да құрылғылармен жұмыс істеп, ферроқорытпа өндірісін өркендетуге өз үлесімді қосып жатырмын. Балқыту цехтары үшін қажетті бөлшектерді дайындау — негізгі міндетім. Бұл бөлшектердің дәлдігі мен сапасы тек өндіріс тиімділігіне ғана емес, бүкіл кәсіпорынның қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді.
Сүргілеу білдегінде жұмыс істеуді маған сол кезде зейнетке шығуға дайындалып жүрген Иван Шаповалов үйретті. Қазір ол 93 жаста. Менің оған деген ризашылығым шексіз. Әлі күнге дейін хал-жағдайын біліп отыруға, хабарсыз кетпеуге тырысамын. Сондай-ақ қашауыш білдегінде жұмыс істеуді үйренген кезім де ерекше есте қалды. Самат Қожамұратов үйреткен сол білімім мен машығым қазіргі жұмысымды еркін атқаруға үлкен көмегін тигізіп отыр, — деген Сәулет Ізтайұлы қызмет жолындағы ұстаздарына айрықша алғысын білдірді.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, елімізде еңбекке қабілетті адам саны — шамамен 9,6 миллион адам. Соның 2,3 миллионы жұмысшы мамандардан тұрады.
Сәулет зауыттағы әр жұмысшының өз орны бар екенін, барлығы әрқашан бір-бірін қолдап отыратынын, ал басшылық туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге ықпал ететінін атап өтті.
— 2000 жылдардың басында бұрынғы зауыт директоры Петр Петлюк менің жұмыс орнымның жанынан өтіп бара жатып, ұсыныс-шағымдарымның бар-жоғын сұрады. Сол кезде кескіш білдекпен жұмыс істеу өте ыңғайсыз екенін айттым. Біраз уақыт өткен соң жаңа білдек орнатылды. Жұмысымыз әлдеқайда жеңілдеді. Шүкір, басшылық біздің пікірімізге әрдайым құлақ асады және жайлы әрі тиімді еңбек жағдайын жасауға тырысады, — дейді ол.
«Қазхром» ТҰК» АҚ-ның «Құрметті қызметкері» медалімен марапатталған Сәулет былтыр ұзақ уақыт қажырлы еңбегі мен кәсіпорынның дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімі Асхат Шахаровтың қолынан III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін алды.
Отбасында екі ұл мен олардан тарағанүш немересі барметалл сүргілеуші өз жұмысын жақсы көретінін, ұжымдастарын да ерекше сыйлайтынын тілге тиек етті. Ұйымшыл әріптестерімен бірге биыл елімізде жұмысшы мамандықтары жылы жарияланғанына қуанышты екенін білдірген ол: «Қарапайым еңбек адамдарына көптеп көңіл бөлінсе, қамқорлық күшейсе екен» деп сөзін түйіндеді.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.