Жаңа туған сәбилерге бесік тарту етті

Бүгін облыстық перинаталдық орталығында «Шаңырақ күні» аясында дүниеге келген нәрестелерге арнап «Бесік-сый тарту» рәсімі өтті.
Сәбилер мен жас босанған аналарға бесік пен кәде-сый табыстауға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері қатысты.
Өңірімізде бастау алған бұл рәсім екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Атаулы күні орталықта үш сәби дүниеге келді. Орталықта тағы бірнеше сәби дүниеге келеді деп жоспарланып отыр. Жалпы, 10 сәбиге бесік табыстау көзделген.
— Бесікке салу – халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген қасиетті дәстүрі. Ол тек баланың денсаулығына ғана емес, отбасындағы береке мен бірлікті арттыруға да әсер етеді. Бүгін дүниеге келген және алғаш ана атанған он сәбиге бесік тарту етеміз.
Алғашқы сәби таңғы сағат 5-те дүниеге келді. Ер бала. Салмағы —3180 келі, бойы — 53 сантиметр. Екінші сәби де ұл. Таңғы сағат 7.30-да, 3755 келі салмақпен өмірге келді. Бойы — 56 сантиметр. Ал үшінші сәби отбасының бесінші перзенті. Ол таңғы сағат 8.45-те дүние есігін ашты. Айназ есімді қыз бала. Қазір аналарды да сәбилердің де жағдайы жақсы, — деді Е.Сұлтангереев.
Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері жас аналарға ұлттық тағамдармен толтырылған сый-қалта табыс етті. Рәсім барысында бесіктің бала денсаулығына тигізетін маңыздылығы жайында айтылып, бесік жыры шырқалды. Ал айтыскер ақын Жұлдыз Қожабекова аналарға жыр арнап, әннен шашу шашты.
Жас босанған аналар гинеколог-дәрігер Нұрлыбек Қармановқа, акушер Мадина Ниязова мен Асылай Ыхсановаға өз алғыстарын білдірді.
Бұл іс-шара аналар үшін бірегей және ыстық естелік болып қалары сөзсіз.
А. НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.