Құт қонған қожалық

Еңбек адамы
Бүгінде шалғай ауылдарда мал шаруашылығын дамытып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруашылықтар көп. Солардың бірі — Әйтеке би ауданы Ақкөл селолық округіндегі «Қонысбай» шаруа қожалығы. Бұл қожалық қазір елді мекенде асылтұқымды жылқы шаруашылығын дамытып отыр.
20 жылдық еңбектің жемісі
Қожалық басшысы Мұрат Сатмағанбетов — мал өсірудің жайын жақсы білетін азамат. Бұрын ішкі істер саласында ұзақ жылдар қызмет еткен ол 2006 жылдан бері жылқы, ірі қара өсіріп келеді. Ол атакәсіпті зейнеткерлікке шыққан соң қолға алған.
— Шаруашылықтың «Қонысбай» аталуы біз тұратын жердің атауымен тығыз байланысты. Бұл жерде кеңес заманы кезінде әкем мал баққан. Міне, бүгінде сол әке жолын жалғастырып, жылқы шаруашылығын дамытып келемін. Келер жылы қожалықтың құрылғанына 20 жыл толады.
Негізі менің туған жерім — бұрынғы Новоресей ауданының (қазіргі Хромтау ауданы) Құдықсай ауылы. Ол жерден алты жасымда отбасымыз болып бұрынғы Қарабұтақ ауданы (қазіргі Әйтеке би ауданы) Ақкөл ауылына көшіп келгенбіз. Әкемнің жақын інісі осы ауылға көшіп келіп, кейін біз де қоныс аудардық. Міне, содан бері біздің мекеніміз — Ақкөл ауылы.Әкем Абдолла осы ауылда мал бағып, кеңес заманы тұсында кеңшарда механизатор болып еңбек етті. Анам Жұмабике үй шаруасында болды.Мен 1966 жылы Ақкөл ауылының №3 бөлімшесі саналатын Қандысор жерінде бастауыш мектепте білім алдым. 1976 жылы Ақкөл орта мектебін аяқтап, Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түстім. Оқу орнын «ауыл шаруашылығын жоспарлау» мамандығы бойынша бітіріп, 1981 жылы бұрынғы Комсомол ауданы Әліби Жангелдин атындағы жаңадан құрылған кеңшарға жолдамамен жұмысқа келдім. Содан осы кеңшарда есепші болып жұмыс істедім. Кейін материалдық есепші, мал шаруашылығы бөлімінде маман болып қызмет еттім. Ауданда комсомол комитетінің хатшысы, «Урожайный» кеңшарының бас экономисті болдым. 1985 жылы партияның жолдауымен аудандық ішкі істер бөліміне қарасты жемқорлықты жою жөніндегі бөлімге жұмысқа орналастым. Содан 2007 жылға дейін ішкі істер саласында еңбек еттім, — дейді Мұрат Сатмағанбетов.
Шаруа 2008 жылдан бері асылтұқымды мұғалжар жылқысын өсіруді қолға алыпты. Қожалықты дамыту үшін ол мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген. Атап айтсақ, 2008 жылы «Құлан» бағдарламасы арқылы мемлекеттен несие алып, асылтұқымды жылқы өсіретін Темір ауданындағы «Көктас», «Жанғанат» қожалықтарынан 60 бас жылқы сатып алған. Осы жылқыларды өсіріп, көбейткен. Оның осы салада мол тәжірибе жинап, мал басын көбейтуіне ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Серікбай Рзабаев пен жылқы зауытының бас зоотехник-селекционері болған марқұм Жүзбай Ниязов көмектескен.
Қожалық иесі 2019 жылы жылқы өсірумен қатар, қазақтың ақбас сиыр тұқымын көбейту мақсатында мемлекеттен «Сыбаға» бағдарламасы аясында несие алған. Бұл қаржыға Қостанай облысынан 330 бас қазақтың ақбас сиырын алып келіпті. Қазір шаруа өз қожалығында жылқыны да, ірі қараны да бордақылап, сатып жатыр.

Жұмысшыларға жағдай жасап отыр
Бүгінде «Қонысбай» шаруа қожалығында 1300-дей жылқы, 400-дей ірі қара бар. Қожалықтың бір үйір жылқысы Қайрақтыда, екінші үйірі Табанкөлде жүр. Ал ірі қараны Ақкөл ауылындағы базында өсіріп отыр. Болашақта шаруа қой шаруашылығын да қолға алмақшы.
— Қазіршаруашылығымызда он шақты адам жұмыс істейді. Жаз айларында олардың саны 25 адамға дейін көбейеді. Себебі шөп шабу науқаны кезінде қосымша жұмысшы аламыз. Біздің қожалықтың өзгелерден ерекшелігі — мұнда бәрі автоматтандырылған. Яғни малға су беру, шөп салу — бәрі автоматты түрде жүзеге асады. Сондай-ақ шаруашылықта еңбек етіп жатқан жұмысшыларға осыдан бірнеше жыл бұрын төрт бөлмелі жатақхана, былтыр монша салып бердік. Қазірмұндажарық та, ауызсу да, көгілдіротын да бар. Жұмысшыларға қыстайсоғымынбереміз, жылбойыкиім-кешекпен, азық-түлікжәнетұрмыстықзаттармен қамтамасыз етеміз,— дейді қожалық басшысы.
Оның айтуынша, шаруашылықта жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Мұнда жұмыс істеп жүргендердің дені — жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ өзге аудандардан келіп, еңбек етіп жатқандар да бар. Ал жаздағы шөп шабу науқанындашаруашылыққа механизаторлар Қарақалпақстаннан келеді. Шамамен жыл сайын 10-12 адам келіп екі-үш ай жұмыс істеп кетеді екен.
— Оларды жұмысқа алудың тиімділігі сол, жұмысына өте ұқыпты, еңбекқор, іскер. Былтыр Қарақалпақстаннан келіп, жұмыс істеген механизаторларекі айдың ішінде он мың рулон шөп шауып тастады, — дейді шаруа.
Ал шаруашылықтағы малшыларға келсек, қазір мұнда 6 малшы, 2 аспаз бар. Сондай-ақ 4 адам мал бордақылау алаңында жұмыс істейді. Жаз мезгілінде асханада 4 аспаз жұмыс істеп, 20 шақты адамға ас әзірлейді. Сондай-ақ «Қонысбай» қожалығы жаңа, соңғы үлгідегі техникалармен қамтылған. Бүгінде мұнда «МТЗ-82», «МТЗ-892»,«К-700» маркалы бірнеше трактор, 2 шөптиегіш техника, 5 тіркеме мен шалғын, жер қазып, көң тазалайтын, қыста қар тазартатын үлкен жүктиегіш машиналар бар. Қыс айларында қалың қар жауып, жолдар жабылған кезде қожалық басшысы ауылдың қарын тазалауға да атсалысады. Қашан да туған ауылының болашағына, ондағы тұрғындардың тіршілігіне бейжай қарай алмайтын Мұрат Сатмағанбетов бұған дейін өзі тұратын мекенге хоккей кордын, сондай-ақ спорт алаңын салып берген.
— Жалпы, шаруашылықты дамытып, оны ұстап тұру оңай шаруа емес. Ол үшін көп еңбектеніп, маңдай терді төгу қажет. Өзім қаншама жыл тынымсыз еңбек етіп, қожалық жұмысын жолға қойып, соның арқасында балаларымды оқыттым. Отбасында зайыбым Сара екеуміз үш ұл тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде үлкен ұлым Нұрбек Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқытушы болып жұмыс істейді. Ортаншы ұлым Асланбек қожалықтың жұмысын жүргізеді. Қожалықтың иесі мен болғанмен, қазір барлық жауапкершілік — Асланбекте. Мен жұмысшыларды бақылап, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысамын. Үйдің кенжесі Кенесары Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін үздік аяқтап, бүгінде ол да шаруашылықта жұмыс істеп жүр.Алдағы уақытта балалар қымыз өндіретін цех салғысы келеді. Былтыр ұлым Асланбек Меркінің қымызының рецепті бойынша қымыз өндіруді қолға алған болатын. Күзде 50 бас бие сауып, көрші елді мекендерге саттық. Биылтаза өнімді облыстың өзге аудандарына жеткізу ойымызда бар, — дейді қожалық иесі.
Ақтөбенің анықтамасы
Бүгінде Ақкөл ауылында орта мектеп, балабақша, медициналық пункт, футбол алаңы, хоккей корты, «Қазпошта» АҚ ауылдық бөлімшесі және клуб бар. Елді мекен көгілдір отынмен, жарықпен, ауызсумен толық қамтылған. Мұнда 30-ға жуық шаруа қожалығы бар. Жалпы, ауылдағы тұрғындардың барлығы мал шаруашылығымен айналысады. Ауласына бау-бақша егумен, құс өсірумен айналысатындар да бар. Соңғы 2-3 жылда ауылда «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, жеке кәсіп ашқандардың қатары артқан. Сондай-ақ аталған ауылға қаладан көшіп барып, мал өсіруді қолға алып жатқан отбасылар да жетерлік.
Ауылда малшы тапшы
Сөз арасында кейіпкеріміз ауылдық жерлерде малшы, жылқышы, механизатор, сондай-ақ сауыншы тапшы екенін жеткізді. Дегенмен өз шаруашылығында қазір бұл бағытта мәселе жоқ. Алайда алдағы жаз айларында қожалыққа жұмысшылар қажет.
— Жалпы, қолайлы жайлы жағдай жасасаң, малшы да, сауыншы да табылады. Ең бастысы, еңбекақысын уақтылы төлеп, тамағын, қажетті заттарын алып берсең болғаны. Бұл тұрғыда біздің қожалықта проблема жоқ. Ал жалпы ауылдың тіршілігіне келсек, қазір мал баққысы келетіндер аз. Ауылда отырып, сүт пен майды дүкеннен сатып алатындар жетеді. Негізі, Ақкөл — қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрді берік ұстанатын, тұрғындары бір-біріне ағайын-туыс болып келетін шағын ауыл. Малы аралас, қойы қоралас мекенде бәрі бір-біріне жанашыр. Мен өз басым осындай ауылда тұрып, еңбек етіп жатқаныма дән ризамын. Қазір отбасымызбен қала мен ауылдың ортасында жүрміз. Алайда біздің құтты мекеніміз — осы Ақкөл ауылы, — дейді Мұрат Сатмағанбетов.
Өзі бейнеттен қашпайтын, қашан да елге жанашыр болып жүретін азамат ауыл тұрғындарының берекелі де бақуатты болғанын қалайды. Ол ауылда мал шаруашылығы жақсы дамыса, еліміздің экономикасы да дамитынын айтады.
Р.S. Мемлекет басшысы биыл Жұмысшы мамандықтары жылында қарапайым еңбек адамдарының өмірі мен қызметін көпшілікке насихаттау қажеттігін айтқан болатын. Бұл орайда Мұрат Сатмағанбетов сияқты еңбекқор, жан-жақты азаматтардың есімі мақтауға лайық. Ендеше, қожалық иесініңшалғай ауылда асылтұқымды жылқы шаруашылығын дамытудағы ісіне сәттілік тілейміз.
Данагүл ҚАЗИХАН.


