Басты жаңалықтарДенсаулық

«Әр оныншы ақтөбеліктің жүрегі ауырады»

Облыстың бас кардиологі осылай дейді

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы таратқан ресми деректерге сүйенсек, өңірде жүрек ауруы бойынша 82 мың ақтөбелік диспансерлік есепке алынған. Олардың басым бөлігі, яғни 51 мыңы — ер адамдар. Медицина қанша жерден дамып жатқанымен, жыл сайын Ақтөбеде марқұмдардың 51 пайызы осы жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болады екен. Тек былтыр ғана аталған кесел 1206 адамның түбіне жетіпті… Бұның себебі неде? Ақтөбелік дәрігерлердің кәсіби біліктілігі, материалдық-техникалық база, сондай-ақ осы саладағы жаңашылдықтарды білу үшін облыстың бас кардиологі, №2 қалалық емхананың кардиолог-липидологі Ирина Гусевамен сұхбаттасқан едік…

Үш орталықта ота жасалады

— Жүрек ауруларының түрі көп екені белгілі. Ақтөбеліктер арасында көп кездесетін диагноз қандай?

— Жүрек аурулары бойынша 82074 науқас есепте тұрса, соның 55810-ы — 60 жастан асқандар. Сондай-ақ негізінен, ер адамдарда қан айналым жүйесі дұрыс болмайды. Әсіресе артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагноздары бойынша шағымданатындар азаяр емес.

Артериялық гипертензия — жиі кездесетін аурулардың бірі.Ересек адамдардың 20-30 пайызы осы кеселге душар болатыны анықталып отыр. Айталық, облыста бұл сырқат бойынша 78271 ақтөбелік есепке алынған. Бір қынжылтатыны, жыл санап олардың саны ұлғайып бара жатыр: 2018 жылы гипертониялық аурумен ауыратындардың саны 4525 болса, былтыр бұл 5837 науқасқа дейін жетті. Егер бұл ауруды елемей, асқындырып алса, соңы инфаркт, инсульт, бүйрек ауруларына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан зиянды әдеттерден аулақ болып, әрдайым көтеріңкі көңіл күйде жүруге тырысу қажет. Сосын спортпен айналысқан дұрыс.

— Бұрынғыдай емес, өңірде де күрделі операцияларды жасауға болатынын естиміз… Бұл қаншалықты рас?

— Бір ғана мысал, осыдан он жыл бұрын облыста жүрекке 910 коронарлық ангиография және 462 стент салынса, өткен жылы бұл санайғақтар екі есе өсті. Сондай-ақ туабітті және жүре пайда болған ақауларға, жүректің ишемиялық ауруына жылына 250 операцияға дейін жасалады. Бізде жүректің соғысының бұзылуына, тұрақты кардиостимуляторларды имплантациялауға арналған оталар да жүргізіледі.

Жалпы, бүгінгі таңда өңірде жедел коронарлық синдроммен ауыратын науқастарға көмек көрсететін үш орталық бар: Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Ақтөбе медициналық орталығы және көпсалалы облыстық аурухана.

Ауруды экология, тұқымқуалаушылықтан көру — қате

— Мұндағы медицина мамандарының кәсіби деңгейіне тоқталсаңыз. Кадр тапшылығы бар ма?

— Қазіргі кезде облыс бойынша 20 стационарлық, 23 амбулаторлық кардиолог жұмыс істейді. 32 дәрігер білімін жетілдіріп, липидолог (атеросклерозды анықтап, емдейтін маман — А.Т.) сертификатын алды. Қалада маман тапшылығы бойынша мәселе жоқ.

Облыста жүрек-қантамыр ауруларының дамуын тежеу мақсатында созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарға арналған 25 кабинет ашылды. Бұл жүрекке қатысты кеселдерді уақтылы анықтау, емдеу және олардың арасынан отаны қажет ететіндерді іріктеу үшін жасалып отыр.

Материалдық-техникалық базаға келсек, қан айналымы жүйесінің ауруларын ерте анықтау үшін қажетті жабдықтар — электрокардиографияны және артериялық қысымды күнделікті бақылауға арналған құрылғылар, жүректің ультрадыбыстық зерттеуін жүргізуге арналған ультрадыбыстық аппараттар бар.

— Облыстың бас кардиологі жүрек ауруының негізгі себебі неде деп санайды: тұқымқуалаушылық па, әлде жаман әдеттер ме?

— Осындайда әйгілі америкалық кардиолог Пол Уайттың сөзін ұдайы айтамын: «80 жасқа дейінгі жүрек ауруы — Құдайдың жазасы емес, өз қателігіңнің салдары». Шынында, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сүйенсек, адам денсаулығының 20 пайызы қоршаған ортаға, 20 пайызы генетикаға, 10 пайызы медициналық көмектің даму деңгейіне және 50 пайызы өзінің өмір салтына байланысты екен.

Қолда бар деректерге көз жүгіртсек, еңбекке жарамды әр оныншы ақтөбелікті жүрек ауруы мазалайды. Жыл сайын облыста 2 мыңға дейін инсульт, мың инфаркт тіркеледі.

Біз, кардиологтар, адамдар жат әдеттерін тыйса, бұның барлығын алдын алуға болатынына сенімдіміз. Қауіп қайдан келеді? Семіздік, алкогольді сусындар мен темекі, өз денсаулығына салғырт қарау — осы факторлар айналып келгенде жүректің жұмысын нашарлатады.

Алғашқы 10 минут бәрін шешеді…

— Бұл дерттің негізгі белгілері қандай? Жүректің шаншуынан басқа тағы не мазалауы мүмкін?

— Жүрек көбіне-көп кенеттен сыр береді. Және бұл ауру білдіртпей келуі мүмкін. Мысалы, кеуде тұсыңыз бірер минут қана ауырып, араға уақыт салып бұл  қайталанса немесе сол жақ иық, шынтағыңыз, тіпті арқаңыздан әлдебір қолайсыздықтар сезінсеңіз, дәрігерге қаралғаныңыз абзал. Күйзеліс, тым қатты қозғалыс, ыстық немесе  суық күн райы да бұған себепші бола алады. Адамдар бұған аса қатты мән бермей, уақыт өткізіп алады. Мынаны есте сақтау қажет: инфаркт басталғаннан кейін алғашқы 10 минут ішінде жасалған шұғыл медициналық көмек қана стационарлық емдеудің заманауи, жоғары тиімді әдістерін толық пайдалануға және қайғылы оқиғаларды болдыртпауға мүмкіндік береді. Сондықтан әр секунд маңызды екенін ұмытпайық!

Осы ретте жүрегіңіз ауырса, сол бойда аспирин ішіп (таблетканы шайнаңыз), 103 телефон нөміріне хабарласыңыз дегім келеді.

— Жүрек ауруымен есепте тұрғандарға жасалатын жағдай туралы біле кетсек. Өйткені әлеуметтік желілерде осыған қатысты сын көп…

— Сіз айтып тұрған тізімдегі науқастардың арасынан текаритмия, артериялық гипертензиямен ауыратындарға тегін дәрі беріледі. Орташа есеппен алғанда, қан қысымын бір деңгейде ұстап тұру үшін 3 препаратты қабылдау қажет.  Бәрі дәрігердің шешіміне байланысты.

Асқынған миокард инфарктісінен кейін аритмия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарға да ақысыз негізде дәрі-дәрмек ұсынылады. Былтыр жүрек ауруымен есепте тұрған науқастарға барлығы 765734 тегін рецепт берілді.

Өкініштісі, облыста кардиологияның қарқынды дамуына қарамастан, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім азаймай отыр. Былтыр жүрек ауруынан 1206 адам көз жұмды.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Облыстың бас кардиологі Ирина Гусева:

—Жүрек ауруына шалдықпас үшін салауатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден аулақ болу ғана аздық етеді. Ең әуелі тамақтануға аса қатты мән беру керек. Күніне 5 мезгіл көкөніс, жеміс-жидекпен ауқаттанып, тым тұзды, майлы, тәтті асты тұтынуға болмайды. Күніне кем дегенде 30 минут серуендеп, 3 шақырым жаяу жүру де басты шарттардың бірі. Сондай-ақ жылына бір рет толық медициналық тексерістен өту маңызды. Бұл ауруды алғашқы сатысында анықтап, емдеуге сеп болады. Ең бастысы, өзіңізге ерекше күтіммен қараңыз, көңілді жүруге тырысыңыз, қай кезде де сақ жүріңіз!

Жүрек ауруының мына белгілеріне селқос қарамаңыз: кеуденің ауырсынуы; тәбеттің жоғалуы, жүрек айнуы, асқазанның ауруы немесе ауырлық сезімі; қол мен аяқтың ауыруы; тершеңдік; тез шаршап қалу;  естен тану немесе көздің қарауытуы; қатты қорылдау; себепсіз ентігу, ұзақ уақытқа созылған жөтел

 «30 ЖАСҚА ДЕЙІН ЖҮРЕКТІҢ УЛЬТРАДЫБЫСТЫҚ ЗЕРТТЕУІН ЖАСАУ КЕРЕК»

 Көпсалалы облыстық аурухананың дәрігер-кардиологі Динара Әбілова күніне жүрегі ауырған 12-13 науқасқа дейін стационарлық емге жатқызылатынын айтады. Медициналық мекемеге қабылданғандықтан, олардың дерті де асқынған күйде болатыны белгілі…

Дүйсенбі-жұма күндері аралығында таңғы сағат 8.30-дан 16.30-ға дейін жұмыс істеймін. Жұмыс күніміз ылғи 5 минуттық лездемемен басталады. Артынша науқастардың жай-күйін біліп, күнделікті міндетімізге кірісеміз. Атап айтсам, ауруханаға жаңадан түскендерді қарау, емдеу, кеңес беру, басқа бөлімде ем қабылдап жатқандардың денсаулығын тексеру, басқа да жұмыстар.

Күн сайын осынша адам қабылдаймын деп айта алмаймын, әр кезде әртүрлі. Бірақ науқас қабылдамай қалған күндеріміз жоққа тән.

Емделушілердің жас айырмашылығына тоқталсам, көбіне 55-75 жас аралығындағы ер адамдар. Солардың арасында инфарктпен түсетіндер біршама. Себебі әртүрлі. Қимыл-қозғалыстың аз болуы, семіздік, арақ, темекі сияқты зиянды нәрселерге жақын болу дертті ушықтыра түседі. Бірақ туабітті жүрек ақауы барлар да кездеседі. Соңғы жылдары осындай диагнозбен дүниеге келетін балалар саны көбейді. Егер анасы жүктілік кезінде ауырса, бұл соның салдары болуы мүмкін. Экологиялық жағдайдың да әсері бар. Тап басып нақты себебін ешкім айта алмайды, — дейді жас маман.

Ақтөбедегі орта мектепті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін де үздік оқу үлгеріммен тәмамдаған Динара әке-шешесінің жолын қуған. Қолына дипломын алып, еңбек еткеніне 1 жыл енді толатын жас кардиолог әр адам 30 жасқа дейін жүректің ультрадыбыстық зерттеуін жасау керектігін алға тартады. Бірақ бұған атүсті қарайтындар көп…

Жасыратыны жоқ, ересектер ауруы әбден асқынғанда ғана дәрігерге қаралады. Ондай кезде емдеу де қиынға соғады. Сол себепті аурудың алдын алуға баса мән берсек деймін. Жылына бір рет толық тексерістен өту алдымен өзімізге қажет екенін естен шығармайық. Ол — ол ма, қазір майлы тамақтарды, жылдам дайындалатын тағамдарды жеп, энергетикалық сусындарды ішетіндер күрт артты.Бұл жүрекке ғана емес, жалпы денсаулыққа өте зиян. Бәрібір әсері болады. Мысалы, жақында 30 жастағы жігіт ауруханаға инфаркт диагнозымен түсті. Спортпен айналысатын әскери адам, түріне қарап ауыратынын байқамайсың. Дей тұрғанмен дүкендегі газдалған, тәтті сусындарды ішуге әуес болып шықты. Соның салдары осындай жағдайға әкелді. Денсаулығына қатты күтіммен қарағанмен, отбасында, яғни тұқымында  жоғары холестирині барлар болса да жүректің сыр беруі ықтимал. Өйткені кейбір ауру түрлері тұқым қуалайды, — дейді медицина маманы.

Өзі қызмет ететін көпсалалы облыстық аурухананыңкардиология бөлімінде 5 палатаның барын, әрқайсысы 5-6 адамға шақталғанын тілге тиек еткенДинарақондырғылардың жеткілікті екенін, тек магниттік резонансты томография ментромбоэкстракцияға қажетті аппараттар алынса деген тілегін білдірді. Аталған жабдықтар еліміздің тек орталық қалаларында бар.

Біздің бөлімде штат толық, маман жетіспеушілігі мәселесі жоқ. Аға буын да, жастар да бар. Демалыс күндері кезекшілікпен жұмыс істейміз. Ауруханаға түсетіндердің дені бір диагнозбен түсетіндіктен, ем-дом жасауда аса қиналмаймыз. Күрделі отаны қажет етіп, Астанаға жіберілетіндер соншалықты көп емес.

Мәселен, жүректің ишемиялық ауруы, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, тағы бірнеше диагнозбен түскен 72 жастағы ер адам болды. Сырқаты көп болғандықтан арнайы Астана қаласындағы орталық ауруханаға жібердік. Онымен жасы егде тартқан оның денсаулығы операцияға жарамады, жүрек тамырлары бітелген. Амалсыздан дәрілік препараттармен ғана денсаулығын бірқалыпты деңгейде ұстап тұруға бекіндік. Қазір науқас әр 2-3 ай сайын стационарлық ем алып жүр. Менің дәрігерлік тәжірибемде кездескен ең ауыр жағдай — осы, — деп сөзін түйіндеді ақ халатты абзал жан.

ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН!

Жүректің ишемиялық аурулары — жүрек бұлшық етін қанмен қамтамасыз ететін қан тамыр ауруы;

Ми қан тамырларының ауруы — миды қанмен қамтамасыз ететін қан тамыр аурулары;

Перифириялық артерия ауруы — аяқ-қолды қанмен қамтамасыз ететін қан тамыр аурулары,

Ревмокрдит — стрептоккоктық бактерияның жүрек бұлшық етін және жүрек клапанын зақымдайтын ревматоидты ауруы;

Жүректің туа біткен ақауы — дүниеге келгеннен кездесетін жүректің деформациялық ауруы.

Вена тромбозы және өкпе эмболиясы — аяқ веналарында тромбтың пайда болып, жүрек пен өкпеге әсер етуі жатады.

Жіті коронарлық синдром (инфаркт) — жүректің қанмен қамтамасыз етуінің жіті нашарлауы.

Белгілері: кеуденің ауруы ұзақ (20 минуттан аса) қысылып ауруы, тыныштықта кеуденің немесе сол жақ кеуденің сол иыққа, қолға, мойын мен төменгі жаққа беріліп, жауырын аралығы, құрсақ жақтың ауруы, әлсіздік, алқыну, нитроглициринді қабылдаудан ауру басылмайды, суық тердің шығуы, ЭКГ-дан жүректің қанмен қамтамасыз етуінің нашарлағанын көрсететін өзгерістер анықталады.

Инсульттің жиі кездесетін белгілері (көбіне бір жақ бөлігінің) бет бұлшық еті, аяқ-қолдың бір жақ бөлігінің ұюы, есінің шатасуы, дұрыс сөйлей алмау, бастың интенсивті айналуы, тепе-теңдікті сақтай алмау, естен тану. Осындай белгілерді байқаған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну керек.

СЫРҚАТЫНАН САУЫҚҚАН САРБАЙ   

Хромтау қаласының тұрғыны Сарбай Базарбаев өткен күздежүрегіне кардиовертер-дефибриллятор салғызды. Соның арқасында демікпесінен құтылып, ұйқысы қалпына келген оның қазір денсаулығына шағымы жоқ.

Бөгетсай ауылында тұратын 54 жастағы азамат былтыр жүрек ауруы үдегенін айтады.

2017 жылдан бастап ауырдым. Ұйқым нашарлап, дем жетпей қалатын болды. Көп қимылдасам, кәдімгідей ентігіп қаламын. Қанша жерден күтінсем де, былтыр ауруым үдей түсті. Тыныс алуым қиындады. Содан жаз мезгілінде Ақтөбе медициналық орталығында жүрегіме әуелі стент салды. Онымен ешқандай өзгеріс болған жоқ. Бұны байқаған дәрігерлер кардиовертер-дефибриллятор имплантын қоюды ұсынды. Бірден келістім.

Қазан айында 1,5 сағатқа созылған операция қиындықсыз өтті. Бұған дейін мазалаған мәселелер түгел жойылды. Осы сәтті пайдалана отырып, газет арқылы Айым Ахметова бастаған дәрігеріме, сондай-ақ оның әріптестері Болат Хасанұлы, Айдос Жақсылықұлына және аға медбике Эмилия Өтепбергеноваға ризашылығымды білдіргім келеді. Аталған ақ халатты мамандардың арқасында аман қалдым, — дейді Сарбай.

Қазір еңбекке араласып, қалыпты тіршілігіне оралған кейіпкеріміз ұдайы дәрігерлердің бақылауында екенін, кардиовертердефибриллятордыбірнеше жыл сайын ауыстырып тұру керектігін атап өтті.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button