Жұмысшы мамандықтары жылы

Теория мен тәжірибенің үйлесімі

2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды.

Техникалық мамандықтарға жастарды тарту, оларды оқыту жүйесі мен дайындық деңгейін жақсарту — қазіргі қоғам мен ел экономикасы үшін маңызды мәселе. Қазіргі таңда технологиялар мен ғылымның қарқынды дамуы, өнеркәсіптің жаңаруы, автоматтандыру мен цифрландыру процесінің жедел өсуі техникалық білімге сұранысты арттырып отыр.

Елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңарып, индустриалдық даму бағдарламалары мен жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде кәсіптік білімді арттыру мен жоғары деңгейдегі мамандарды даярлауды талап етеді.

Осы ретте Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің оқу- өндірістік шебері, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Рысгүл Жолболдиева дуальды оқыту жүйесінің тиімділігі туралы айтты.

— Бүгінде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде едәуір жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Мәселен, біз тәжірибе барысында дуальды оқыту жүйесін ұстана отырып, білім алушыларды «Қамқор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақтөбе локомотив жөндеу депосында тәжірибеден өткіземіз. Дуальды оқыту жүйесі аясында студенттер кәсіби білімін ғана емес, жұмыс орнында қолданыс табатын тәжірибелік дағдыларын да меңгереді. Бір сөзбен айтсақ, білім алушылар колледжде оқи жүріп, жұмысқа араласып,еңбек нарығына дайын маман болып шығады. Ендеше, жастарға кәсіби дағдыларды қалыптастыру үшін олардың оқу барысында жұмыс орнындағы тәжірибелері де үлкен маңызға ие. Колледжіміз бұл бағытқа ерекше назар аударады, себебі теория мен тәжірибенің үйлесімі ғана шынайы маман қалыптастыруға мүмкіндік береді, — дейді Рысгүл Мәдениетқызы.

Негізі, әрбір адам өз мүддесіне сәйкес мамандықты таңдап, еліміздің дамуында өз орнын таба алады. Жұмысшы мамандықтары жылында әсіресе кәсіптік-техникалық оқу орындарын таңдаған жастардың жұлдызы жанбақ. Яғни кәсіптік-техникалық мамандықтарды таңдағандар мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді пайдаланып, қоғамға пайдалы жұмыстар атқарып, болашақ ұрпақ үшін үлкен жауапкершілік арқалайды.

Бекзат КАУМЕШОВ,

Ақтөбе көлік,байланыс және жаңа технологиялар

колледжі педагог қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button