«Әлия» музейін аралады


Облыс әкімі Асхат Шахаров Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейіне барды.
Мұнда биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай заманауи цифрлық технологиялар бойыншамузей экспозициясы қайта жасақталған.
Жаңа экспозицияның диорамаларында 3D-mapping, AR-технология, VR-көзілдірікті мультимедиялық технология, сандық сторителлинг, жасанды интеллект, голограмма пайдаланылған. «3D анимация» голографиясындағы Әлия бейнесіне виртуалды промоутер, 3D форматтағы рельефті карта, бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоск енгізілген.
Музейде батыр қыздың өмірі мен ерлік жолын көрсететін ақпараттар мен экспонаттар, музей жабдықтары, тума-туыстары мен оқыған жерлері, мергендік мектебі мен майдандағы өмірін көрсететін, Әлия есімімен аталатын мекемелер мен мектептер, музейлер, жыр арнаған ақын-жазушылар мен зерттеушілер, қойылған ескерткіштер,түсірілген фильмдер жайлы деректер қойылған.
Бүгінде Әлия Молдағұлованың ерлігін үлгі ете отырып, жастарға патриоттық және мәдени-ағартушылық тәрбие беретін орталыққа жыл сайын 40 мыңнан астам адам келіп, онда өтетін тарихи-танымдық іс-шараларға, ерлік сабақтары мен дәрістерге қатысады.
Биыл мұнда батыр қыздың туғанына 100 жыл толуына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Музей жұмысымен және ондағы жәдігерлермен таныстырған мұражай директоры Жанар Мақсұтова қазір мұнда 11 мыңнан астам экспонат барын, алдағы уақытта қорды толықтыру және оның қызметін одан әрі жетілдіру басты міндет екенін жеткізді.
Оның айтуынша, музей ғимараты1987 жылы салынған. Бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан мұражайға былтыр жөндеу жүргізілген, сондай-ақ музей залдарыр еэкспозициядан өткен.
Мұражайды аралап, мұнда келген оқушылармен тілдескен облыс әкімі жастарға патриоттық тәрбие беру, ел үшін жанын қиған батырлардың есімін дәріптеу өте маңызды екенін жеткізді.
— Бүгін, міне,Әлия апамыздың музейін аралап, батырдың ерлікістері мен өнегелі өмірі туралы көп мағлұмат алдық. Сіздерге, жастарға, айтарым —өшпес ерліктің символы болған осындай батырларымызды ұлықтап, олардың ерлігі мен өмірінен үлгі алып, Отанын шексіз сүйетін патриот болыңыздар. Әскери борыштарыңызды өтеуден қашпаңыздар, ел үшін еңбек етіңіздер,— деген Асхат Шахаров мұражайға келген №51 мектеп-гимназияның «Мерген ару» сайысына қатысушыларына сәттілік тіледі.
Д.АЙДАР.






