Басты жаңалықтар

Ауызсу мен газ: биыл қанша ауыл қамтылады?

«…Биыл батыс өңірлерін газбен қамтамасыз ету ісін жақсарту үшін жалпы сомасы 700 миллиард теңге болатын үш жоба бойынша жұмыс басталады. Бұл – Қашағандағы газ өңдеу зауытының және «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының құрылысы, сондай-ақ «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырын жаңғырту жұмысы.

Сондай-ақ ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауызсу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасы зетуді тапсырамын».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың

«Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің

Берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.

 

Бүгінде облыста әлі күнге дейін орталықтандырылған таза ауызсуға және көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған елдімекендер бар. Нақтырақ айтсақ, өңірдегі 320 ауылдың 54,1 пайызы газбен, 90,6 пайызы ауызсумен қамтылған.Биыл қанша ауыл көгілдір отынға қол жеткізеді? Қанша ауылға су құбыры жүргізіледі? Осы мәселе төңірегінде жауапты мамандармен және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен тілдескен едік…

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұршашқан Ізбасарованың айтуынша, бүгінде өңірде 320 елдімекен болса, соның 173-і немесе 54,1 пайызы көгілдір отынмен, 290 ауыл немесе 90,6 пайызы ауызсумен қамтылған. Ал 36 елді мекен ұңғыма қазып, содан су ішіп отыр.

Былтыр облысымызда жалпы саны 1605 тұрғыны бар 5 ауылды газдандыру жұмыстары аяқталды. Атап айтсақ, Темір ауданындағы Еңбекші, Алтықарасу, Мұғалжар ауданындағы Жарық, Мәртөк ауданындағы Первомайка, Жаңажол ауылдары көгілдір отынмен қамтылды. Сондай-ақ құны 43,1 миллиард теңгеге «Бұхара-Орал» газ құбырынан Ақтөбе қаласына тартылатын газ құбырының 3-ші желісінің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек облыстың 5 елдімекеніне орталықтандырылған ауызсу құбыры тартылды. Олардың қатарында Алға ауданындағы Қайыңдысай, Байғанин ауданындағы Жаңатаң, Қопа, Мұғалжар ауданындағы Жарық, Құмсай ауылдары бар, —дейді Нұршашқан Ізбасарова.

Сондай-ақ былтыр Мәртөк ауданындағы Жаңатаң елдімекені мен Ырғыз ауданындағы Дүкен ауылына кешенді су тазарту модулі орнатылған.

Тұрғындары аз ауылда неге ауызсу жоқ?

Соңғы жылдары облыста ауылдарды көгілдір отынмен және ауызсумен қамтуда жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен әлі күнге дейін қи мен көмір жағып, суды ұңғымадан алып, ішіп отырған шалғай ауылдар бар. Мәселен, облыс орталығына жақын орналасқан ірі аудан— Хромтау ауданында 46 мыңнан астам халық тұрады. Бүгінде бұл ауданда 28 елдімекен бар. Соның ішінде 23-і — көгілдір отынмен, 24-і ауызсумен қамтылған. Қазіргі таңда аудандағы 14 ауылдық округтің орталығы және Хромтау қаласы газбен қамтамасыз етілген. Өткен жылы Құдықсай және Қарлауелді мекендеріне газ құбыры тартылыпты. Бүгінде аудан бойынша газбен қамтылған халықтың үлесі – 99,7 пайыз.

Былтыр Хромтау қаласындағы Заготзерно көшесіне газ құбыры желілерін салу жобасы аяқталды. Ал аудандағы тұрғындар аз шоғырланған КішіТассай, Көктерек, Ойсылқара, Жайлаусай, Көптоғай ауылдарына құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу тиімсіз. Өйткені бұл ауылдарда небәрі 10-15 шақты ғана түтін бар.

Ал ауызсумен қамтуға келсек, қазіргі таңда Хромтау ауданындағы 28 ауылдың 24-і таза сумен қамтылған. Яғни аудан халқының 85 пайызы таза ауызсу ішіп отыр. Ал тұрғындар аз шоғырланған Көктерек, Жайлаусай, Кіші Тассай, Көптоғай ауылдарына су құбыры жүргізілмейді.Сол сияқты Байғанин ауданында да халық саны 200 адамға жетпейтін 5 елдімекен бар. Оның ішінде Айрық, Шұқырши, Жыңғылдытоғай елдімекендеріне кешенді блок модуль орнатылған. Былтыр осындай ауылдарды ауызсумен қамту үшін суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату ұсынылған болатын.

Аудан әкімі Айбек Көпеновтің айтуынша, Байғанин ауданында барлығы 23 елдімекен болса, соның 15-і орталықтандырылған ауызсумен, 4-еуі кешенді блок модульмен қамтамасыз етілген.

Ауданда ауызсумен қамту көрсеткіштеріелдімекендерді есептесек 75 пайыз, ал халық санымен есептесек, 93,8 пайыз болып отыр. Былтыр аудандағы Дияр, Жаңатаң және Қопа елдімекендері бойынша сумен қамту нысандарының құрылысына облыстық және республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Бүгінде Қопа және Жаңатаң елдімекендеріне жүргізілген құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазір құжаттар қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Баршақұм ауылы бойынша 2024 жылы құрылыс жұмыстары мердігер есебінен жүргізілді. Аталған елдімекендерде сумен қамту жүйесі ніске қосқан соң аудан бойынша елдімекендердің орталықтандырылған ауызсумен қамтылуы 91,67 пайыз, ал халық санына шаққандағы үлесі 99,6 пайыз болады, —дейді ол.

Оның айтуынша,былтыр жыл соңында Байғанин ауданындағы Қораши ауылына газ құбыры тартылған. Газ тарту жұмыстарын жүргізген мердігер ұйым—«ҚазПромСтройГрупп» ЖШС.

Белқопалықтардың тілегі

Қазіргі таңда Әйтеке би ауданында жалпы саны 27 ауыл бар. Бүгінде осы ауылдардың ішінде 13-і ғана, яғни 15 мың тұрғын газбен қамтылған. Аудандағы газбен жабдықтау көрсеткіші— 75,1%.

Былтыр аудандағы Әйке, Тереңсай және Сұлукөл ауылдарына жеткізуші және ауылішілік газ құбырын жүргізу үшін құрылыс жұмыстары басталды. Биыл жобасы дайын Ақтасты, Жабасақ, Тымабұлақ ауылдарына газ өткізу жұмыстары жоспарға енгізілген. Сондай-ақ аудандағы Қияқты, Ұлғайсын ауылдарына көгілдір отын беру үшін бір жоба дайындалып жатыр. Жоба құны— 614,3 млн теңге.

Ал ауызсумен қамтуға келсек, аудандағы 27 елді мекеннің 19-ы немесе 19 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Талдық, Қияқты ауылдарына кешенді блок модуль орнатылған. Алдағы уақытта тағы үш елді мекенге (Милысай, Сарбұлақ, Байжанкөл) осындай модуль орнату жоспарлануда.

Сондай-ақ Темірбек Жүргенов атындағы ауылда су құбырын жаңғырту және Үш қатты ауылындағы орталықтандырылған су құбырын қайта жаңғырту жобалары дайындалып, сараптамадан өткізілген. Ал Белқопа, Аққұм, Ұлғайсын елдімекендеріне су құбырын жүргізу жұмыстары әлі аяқталмады.

Мәселен, Белқопа ауылында ауызсу құбырын жүргізу жұмыстары бірнеше жылдан бері аяқталмай келеді. Ауыл тұрғыны Бауыржан Төлеутаевтың айтуынша, екі жыл бұрын ауыл көшелеріне алматылық «Монолит» ЖШС су құбырын жүргізген. Алайда құбырларға су айдайтын қондырғыларды орнатпай, кетіп қалған.

— Бүгінге дейін ауылымызға бірнеше мердігер ұйым келіп, жұмыс істеді. Алайда ауыл халқы әлі күнге дейін ауласынан қазып алған құдығынан, сондай-ақ ұңғымадан су ішіп отыр. Ал ол су санитарлық талапқа сай келмейді.

Қазір ауызсудан бөлек, ауылымызға интернет, Мәдениет үйі мен балабақша, сондай-ақ көшелерге асфальт төсеу керек. Бүгінде балаларымыз мектеп жанындағы шағын орталыққа барады. Онда 25 бала тәрбиеленуде. Өкінішке қарай, мектепте кабинеттер жетіспеген соң екі топты қосып жіберген. Сондай-ақ орталық балаларды түске дейін ғана қабылдайды, — дейді ол.

Әйтеке би аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қанат Меңдіғараның айтуынша, былтыр жыл соңында мұнда «МК Элит Строй Групп» ЖШС жұмыс істеген. Компания кабельдер мен трансформатор сатып алып орнатқан. Дегенмен жұмыстар уақытында аяқталмаған. Биыл Белқопа ауылына ауызсу сәуір айына дейін беріледі деп жоспарлануда.

Көптоғай мен Амангелдіге газ беріледі

Ойыл ауданында барлығы 22 ауыл болса, бүгінде соның үшеуінде ғана көгілдір отын бар. Қалған ауылдарға газ құбырын тарту жұмыстары алдағы жоспарда бар. Мәселен, биыл Көптоғай және Амангелді ауылдарына жеткізуші және ауылішілік газ құбырын салу нысандары бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Наурыз-сәуір айларында екі ауыл көгілдір отынмен қамтылады.

— Қазір екі ауылдың ішіне газ құбыры келіп тұр. Тек тұрғын үйлерге құбыр тарту жұмыстары жүйелі жүргізілмей жатыр. Алдағы бір-екі айдың ішінде бұл бағыттағы жұмыстар толық аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы, Көптоғай мен Амангелді ауылдарының арасы жақын, небәрі 12 шақырым. Екі ауылда да 100-ден астам түтін бар. Округ орталығы — Көптоғай ауылында қазір 130 үй бар. Осы екі ауыл биыл газбен қамтылса, тұрғындардың қуанышында шек болмас еді. Ал округке қарасты шағын ауылдар —  Қарасу мен Шұбаршиға газ құбырын тарту жобада жоқ. Себебі мұнда 30-40 шақты ғана үй бар. Бұл елдімекендерге газ құбырын тарту тиімсіз. Ал ауыз суға келсек, Шұбаршидың халқы ауызсумен қамтылған,ал Қарасу ауылына алдағы уақытта кешенді блок модуль орнатылады, —дейді Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ерлан Асылбаев.

P.S. Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев 2025 жылы ауылдарды 100 пайыз таза ауызсумен қамтуды тапсырған болатын. Осыған байланысты қазіргі таңда облыста халықты ауызсумен қамту мәселесі басты назарда тұр. Дегенмен елдімекендерде қолға алынған бірқатар жоба түрлі себептерге байланысты уақтылы жүзеге асырылмай жатыр. Биыл ауылдар түгел таза ауызсумен қамтылса, халықтың қуанышында шек болмасы анық. Ал облыс халқын түгел газбен қамту—бұл уақыттың еншісіндегі дүние…

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button