Қайтарымсыз грант — кәсіп бастауы

Әлеуметтік осал топтарды қолдау үшін берілетін қайтарымсыз грант арқылы бүгінде көп отбасы кәсіпашып, жағдайын жақсартып отыр.Мысалы, «Бастау бизнес» бағдарламасы кәсіп ашуға ниетті талапкерлерге арнайы білім алуға және өз бизнес-жобаларын іске асыруға мүмкіндік ұсынады.
Мұндағы бизнес-жобаларды іріктеу кезеңінде әсіресе көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, мүгедектігі бар адамдарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға басымдық беріледі.
Олар мемлекеттік бағдарламаның арқасында өз істерін бастауға қажетті дағдылар мен ақпарат алып, әуелі кәсіпкерліктің негіздерін үйренеді. Сосын мемлекеттік қолдауға, яғни қайтарымсыз грантқа ие болып, комиссия алдында қорғаған бизнес-жобаларын жүзеге асырады.
Қандайда бір жаңа кәсіп ашылса, қоғамдағы жұмыссыздықты сәл де болса азайтуға және экономиканың дамуына септігін тигізетіні анық. Грантқа ие болып, кәсібін жүргізіп отырғандардың кейбірімен сөйлескен едік…
Гүлгүлдің ірімшігі
Мемлекеттік бағдарлама мүмкіндігін тиімді пайдаланып отырғандардың бірі — Қарғалы ауданы Ащылысай ауылында тұратын көпбалалы ана Гүлгүл Сүйінова.
Кейіпкеріміз 2024 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша әуелі кәсіпкерлік негіздерін оқып алады. Сосын кәсіпкерлік мақсаттағы 1,5 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант байқауына қатысып, комиссия оның бизнес-жобасына қажетті қаржыны мақұлдаған. Ол бұл қаражатқа екі сиыр, екі құнажын сатып алып, қазіргі уақытта сүттен ірімшіктің бірнеше түрін пісіріп, сүзбе, айран, қаймақ, майын сатып отыр.
— 2012 жылы Ащылысайға Ақтөбеден көшіп келгенбіз. Ол кезде 3 ұл, бір қызымыз болды. Жолдасым сол кезде балаларды еңбекке баулып, шаруаға үйретемін, қалада балалар жалқау болады деп, ауылға көшу туралы шешімге келдік. Содан Ащылысайға көшіп барып, бірден сиыр сатып алып, мал көбейте бастадық. 2018 жылы бесінші баламыз дүниеге келді. Мен бала күтімімен үйде отырдым. 2019 жылы күйеуім қатты ауырып қалды да, малды жайлау қиын болады деп, малдың бәрін саттық. Бір жылдан соң күйеуім өмірден өтті. Мектепте шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істейтінмін, әлі де сол жердемін. Тірі адам тіршілігін жасайды демекші, бес баланы жеткізу керек. Сөйтіп жүргенде «Бастау бизнес» бағдарламасы туралы естідім. Ауылда отырғасын, мал ұстап, сиыр сауып, сүт өнімдерін әзірлегім келді. Ірімшік жасайтын аппаратым бар, бірақ шикізат жоқ.Өзімізде мал болмағасын, сүт табукәдімгідей қиын болды. Себебі,ауыл тұрғындарымамырда өздеріне сары май жинайды. Сол үшін қайтарымсыз грант байқауына қатысып, бизнес-жобамды ұсынып, грант ұтып алдым. Қайтарымсыз қаражатқа шикізат өзімізден шықсын деп, ірі қара сатып алдым. Сиыр сауып, ірімшіктің түрін жасай бастадым. Тіпті чечел, моцарелло, бурратто ірімшіктеріне облыс орталығынан тапсырыс беретіндер көп болды. Ара тұра жасаған ірімшіктерім жәрмеңке, көрмелерде сатылды. Сүт мол кездесүзбе, сүт, қаймақ, май, айранды да сатуға шығарамын. Мысалы, мен өзім жасаған чечелдің килограмын6 мың теңгеге, моцареллоның келісін 7 мың теңге, ал бурратто ірімшігінің келісін8 мың теңгеге сатамын. Қазіргі уақытта ауылда сүттің литрі — 500 теңге. Биыл үш сауынды сиыр болады, қорадағыекі сиыр мен бір қашаренді бұзаулайды, күтіп отырмыз. Бұйырса, биылғы төл басы «Марта» болатын шығар, — дейді Гүлгүл Сүйінова.
Жалғызбасты ана шаруашылыққа ер жетіп қалған балалары көмектесетінін айтты.
Екі үлкен ұлы Алматыда оқиды екен.Тұңғышы Қазақ-Британ техникалық университетінде грант негізінде оқыса, одан кейінгі ұл — Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті.Екеуі де — болашақ инженерлер.Үшінші ұл 10-сыныпта, қызы7-сыныпта оқиды.Гүлгүлге көмектесетін — осы екеуі.Кенжетайы — бірінші сыныптың оқушысы.
— Мемлекеттік бағдарлама — әлеуметтік осал топтарды қолдауға арналған керемет мүмкіндік. Әсіресе қайтарымсыз грант — кәсіп ашуға талаптанып, бірақ, қаржының жоқтығы қолын байлап отырғандарға үлкен көмек. Мен секілді әлеуметтік мәртебесі бар осал топ өкілдеріне жәрдемі дайын тұратын мемлекетімізге ризамын. Қиын кезде қолтықтан демейтін мемлекеттік бағдарлама, курстар барын айтып, хабардар еткен «Мансап» орталығының қызметкерлеріне, кәсіпкерлік негіздерін оқытқан бизнес-тренерлерге алғыс айтамын, — дейді әңгіме арасында ризашылығын білдіргенГүлгүл Сүйінова.
Сиыр бұзаулап, уыздан дәм тататын уақытты күтіп жүрген кейіпкерім алдағы уақытта сауын сиырды көбейтіп, кәсібін кеңейтуді ойлап отыр. Гүлгүл Асылханқызымал көбейсе, сиыр саууға бір өзі үлгермейтінін, себебі сүтті ашытып алмай, түрлі өнім өндіруге үлгеруі керектігін, сол уақытта тағы бір сауыншыны көмекке алу жоспарда барын айтты.
Нұрсаяның кәсібі
Мемлекеттің қолдауымен кәсібін ашқандардың бірі — Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылының тұрғыны Нұрсая Көпбай. Дәстүрлі емес шаруашылықты қолға алған олбүгінде ауылдастарына бөдененің жұмыртқасының пайдасын айтып,10 данасын 400 теңгеден ұсынып отыр.
Бұрын аудандық мекемелерде есепші боп жұмыс істеген кейіпкерімнен басқа емес, бөдене шаруашылығын неліктен қолға алғанын сұраған едік.
— Декретте жүрген кезімде денсаулығымсыр беріп, жаман ауру жабысты. Астана қаласында 6-7 ай ем қабылдадым. Емделіп жүргенімде өзім секілді дертіне дауа іздеген науқастарды көрдім. Солардың бірінен бөдене жұмыртқасын шикілей ішіп, қанын тазартқанын естідім. Менің де диагнозым қанға байланысты болғасын,бөдене туралы іздене бастадым. Интернетте бұл құс туралы мәлімет көп. Еті де, жұмыртқасы да пайдалы екен. Содан дертке дәру болар деген ниетпен бөдене шаруашылығымен айналысуға ниеттендім. Бар ынта-ықыласымды осы кәсіпке аудардым. Қаржы мәселесін шешу үшін мемлекеттік бағдарламаға қатысуға ниеттендім. Оның талаптары бойынша, қатысушы жұмыссыз болуы керек екен, сөйтіп штаттық жұмыстан өз еркіммен шықтым. «Бастау бизнес» жобасына онлайн тіркеліп, сертификатымды қолға алып,бизнес-жобамды әзірледім. Кейін диагнозым нақтыланып, ІІ топтағы мүгедектік тағайындалды. Әлеуметтік осал топ өкілі ретінде қайтарымсыз грант байқауына қатыстым. Жобамдыкомиссия мақұлдап, 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1476 800 теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болдым, — дейді Нұрсая Көпбай. Грант иеленген ол ауласындағы жаз үйін бөдене құсына арнайы орын етіп дайындайды.
Кейіпкерім бөдененің басқа үй құстарынан айырмашылығы көп екенін әңгімелеп берді.
— Әуелі Алматы жақтан енді жұмыртқалайтын 500 құс алдырттым. Жолда шамалы шығын болған. Келгеннен кейін де қарны аш болып, бірін-бірі тапап, бірін-бірі шұқып өлтіріп тастағандары да болды. Бөдене бағу оңай емес екен. Біртіндеп тәжірибе жинап жатырмын. Бөдене құсы үйден шыққан тамақтың қалдығын жемейді, бағасы қымбат болса да, арнайы өздеріне арналған жем сатып аламыз. Бұл құс қатты ыстықты қаламайды, себебі олардың дене температурасы — 40 градус, қызып жүреді, — дейді жас кәсіпкер.
Нұрсая Көпбай қиындықтарға қарамастан,бүгінде бөдене шаруашылығы сүйікті ісіне айналғанын, әрдайым күйеуі қолдап отыратынын, әсіресе құстың күтімі мен бағымына көмектесетінін айтты.
— Бөдене еті холестеринсіз болғандықтан, медицинада диеталық тағам түрінде ұсынылады. Ал жұмыртқасы тауық жұмыртқасынан гөрі үш есе құнарлы. Бөдене өсіруді алғаш қолға алған ел — жапондар. Жапонияда мектепте әрбір балаға күніне бөдененің екі жұмыртқасын тегін таратады екен, себебі балалардың ойлау және есте сақтау қабілетін дамытып, мидың жұмысын жақсартатын көрінеді. Мен де бөдененің шикі жұмыртқасы қан тазартуға көмектеседі дегенді естіген соң, күн сайын аш қарынға 2 жұмыртқасын ішемін. Ем болсын деп. Дәмі тіл үйіреді әрі тойымды. Негізі, жұмыртқасы ұзақ сақталса да, қасиетін жоймайды. Бөлме температурасы жағдайында айға жуық, ал тоңазытқышта 60 тәулікке дейін сақтауға болады.Бөдене жұмыртқасы туралы ізденгенімде, пайдалы дәрумендер мен минералдардың қоры екенін түйдім.Зерттеушілердің мәліметінше, жұдырықтай құстың кішкентай жұмыртқасының құрамында натрий, темір, магний, кальций, калий, А,D, В6, В12 тағы басқа дәрумендер бар. Бұл иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі. ВЗ дәрумені инсулин өндірісін тұрақтандырады, бұл әсіресе қант диабетімен ауыратын адамдар үшін тиімді, сондай ақ қандағы глюкоза деңгейін төмендетеді екен, — дейді кейіпкерім Нұрсая Көпбай.
Кезінде бөдененің еті патшалар мен ақсүйектердің жеңсік асы болған әрі дастарқанынан үзілмеген деседі. Кәсіпкер алдағы уақытта бөденені өсіріп қана қоймай, көбейтуді көздеп отыр. Бөдене жұмыртқасын аудан орталығындағы дүкен сөрелеріне қоюды да ойлайды. Негізгі тұтынушылары — ауылдың үлкен адамдары екен. Бөдене жұмыртқасының пайдалы екенін ұққан ауылдастары сұранысты арттырған.
Нұрсаяның әлеуметтік желідегі @baibodene инстапарақшасында да бөдене туралы біраз ақпарат бар. Ол жерден көргендер де хабарласып жатады екен.
— Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көп адам көріп отыр. «Бастау бизнес» — керемет жоба. Қайтарымсыз грант — үлкен қолдау. Жастарға қолдау білдіріп, әлеуметтік осал топ өкілдеріне көмектесетін бағдарлама ғұмырлы болсын, — дейді Нұрсая Көпбай.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.







